Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:00

Жазушының бақыты

Жұмабай Шаштайұлы
Фото: из открытых источников

2013 жылы халық композиторы, күрескер әнші, ақын Иманжүсіп Құтпанұлының 150 жылдық мерейтойы Ертіс-Кереку өңірінде кеңінен аталып өтті. Айтулы шара Ақсу қаласында Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы спорт сарайында асқақ рухты күрескердің мүсінін ашудан басталып, туған жері Құркөл ауылында жалғасын тапты. Еліміздің әр өңірінен қонақтар ағылып келді.

Ол кезде Павлодар облысы Тереңкөл ауданының әкімі қызметінде едім. Тойдың қарсаңында, кешкісін, ақын-жазушылар делегациясын бастап келген Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбайға сәлем беруге Кереку қаласындағы «Сарыарқа» қонақүйіне бардым.

Шығармашылығын жоғары бағалайтын Ғалағаңмен көптен таныспыз, рухани бауырмыз. Ғалағаңның жазу мәнері таңғалдырмай қоймайды: әр сөзіне өмір сыйлай білетін, ой мен сезімді мінсіз үйлестіретін тілінің шеберлігі ерекше. Оның әр сөзі – терең философиялық толғаныс, жаннан жанға жететін үн, оқырманды ойға жетелеп, сананы терең толғанысқа бөлетін өмір көріністерін көркемдікпен жеткізетін өнер туындысы. Осындай жанмен танысу, жылдар бойы кездескен әр сәт, әркімге бұйырмайтын бақыт.

Ғалағаң мені «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, дарынды жазушы Жұмабай Шаштайұлымен, Одақ төрағасының орынбасары, талантты ақын Жанарбек Әшімжанмен таныстырды. Олардың шығармаларын оқып, әр жолынан шабыт алғаным рас еді. Бірақ бетпе-бет кездесу мүлде бөлек әсер сыйлап, жаңа әлемнің есігін ашқандай болды.

Кеш жылы, шырайлы, сиқырлы еді. Әдебиеттің дара тұлғаларының жан дүниесіне үңілу, жүректі нәзік толқыныспен толтырған кездейсоқ сый сияқты болды. Әңгімелерінде ой тереңдігі мен нәзік сезім, өмірлік даналық пен жеңіл әзіл қатар өріліп, мені бұрын-сонды сезбеген рухани кеңістікке жетеледі. Сол сәттердің әр минуты, жан дүниенің мерекесі, ішкі үнге жылы дем беретін сырлы әуендей еді.

Жұмабай аға баяу дауыспен әр сөзіне мән беріп сөйледі. Оның қарапайымдылығы мен даналығы әр сөзімен ішкі әлемге баяу сырғып еніп жатты. Өміріндегі бір кездейсоқ жағдайды айтып, «шын мәніндегі шығармашылық, тек жүректен шыққанда ғана адамдарға жетеді» деп түйіндеді.

Ғалым аға өнер мен саясаттағы ірі тұлғалардың қызықты, кейде тіпті күтпеген оқиғаларын ортаға салып, әр әңгімесін шеберлікпен жеткізіп, барлығын күлкіге бөледі. Оның әңгімелері өмірдің маңызды сәттерін жеңіл, әзіл-қалжыңмен жеткізіп, бізді күлкі мен ой арасындағы нәзік теңгерімге жетеледі.

Жанарбектің әңгімелері нәзік юморға толы, әр сөзі, әр әңгімесі жүректің ең жұмсақ қылын шертіп, терең ойға жетелеп, өткен мен бүгіннің арасындағы нәзік көпірге сүйреп өтті.

Кештің өзі де ерекше еді: жарық жұмсақ, ауа жылы, әңгімелерде әзіл мен мұң, даналық пен сырласу қатар өріліп жатты. Сол жерде өзімді кішкентай ғана бөлшек секілді сезіндім, бірақ оның мәні терең, өмірдің ішкі сырын аңғарғандай болдым.

Сол күнгі ұмытылмас әсерлер мені ұзақ уақыт бойы жылы естелікпен, шабытпен, ішкі толқыныспен қоршады. Әдебиет пен өнердің адам жанын байытатын сиқырлы күші дәл сол кеште шын мәнінде ашылды, мен оны жүрегіммен сездім. Әр сөз, әр күлкі, әр әңгіме, мені өмірдің нәзік сәттері мен рухани байлыққа жетеледі.

Әңгіме біртіндеп Баянауылға ойысты. Әрбір тасы – шежіре, әрбір төбесі – сыр мен шер, тау тасы ғасырлар бойы жазылған естеліктер, халықтың тарихы мен тағдырының үнсіз куәгерлері. Таулардың көкжиекке шомып кеткен, тұмшаланып тұрған ұшар шыңдары, тасты жарып шыққан шыршалы ормандары мен ғұламалар мен әулиелердің, ақындар мен жазушылардың есімдері айтылып, әңгімеге тамызық болды.

Ғалағаң әзілмен базына айтты:

– Жұмабай аға мен Жанарбек Баянауылда болмапты. Іргесіне келіп, қасиетті жерді көрсетпеу сендерге сын. Сол себепті ұйымдастыру керек. Бір жұмадай демалып қайту, тек көңіл көтеру ғана емес, ой тереңіне малту. Баянауылдың кең даласы, әр тасы мен желінің сыбдыры, әр бұлақтың сылдыры ойға шабыт береді, – деді.

Сол сәт мен телефонымды алып, кәсіпкер досым Болат Қашағановқа хабарластым:

– Бөке, өзің ерекше құрметтейтін Ғалым аға келді, – дедім, – қасында Жұмабай аға мен Жанарбек бар. Соларды «Самал» демалыс үйіне жайғастырасың ба?

Болаттың дауысы жылы әрі сенімді шықты:

– Нұреке, сөз жоқ. Директорға тапсырып қоямын. Өзім қазір шетелдемін. Ағаларға сәлем айт.

– Ертең облыс әкімінің қонақасынан кейін Тереңкөл ауданының киіз үйінде сіздерге арнап дәм әзірлейміз. Сол себепті арнайы шақырып келіп отырмын, – деп келген бұйымтайымды жеткіздім.

Дала төсіндегі той Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театрының Иманжүсіп Құтпанұлының өмірінен алынған сахна қойылымымен ашылды. Жиналған жұртшылықты барша қазақ жеріне ортақ тоймен облыс әкімі Ерлан Арын құттықтады. Өз кезегінде Қазақстан Республикасының Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай және «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы ізгі тілектерін білдіріп, Иманжүсіп Құтпанұлының өнегелі өмірі жайлы айтып өтті. Аталы сөздің астарын бағамдаған, өлең-жырдың асыл маржанын терген, облыстық, республикалық сайыстарда топ жарған ақындар бақ сынап, республикалық дәстүрлі әндер байқауы жеңімпаздарының гала-концерті мен Кереку-Баян өңірінен шыққан композитор, ақындардың әндерінен құралған мерекелік концертті тамашалап, теңге алу, қыз қуу ойындары мен тойдың басты ұлттық ойыны аламан бәйгесіне жанкүйер болды. Думанды, сән-салтанатты жиын болды.

Құркөлдің төсінде тігілген Тереңкөл ауданының киіз үйінің төріне Жұмабай аға, Ғалым аға және Жанарбек жайғасқан кеш елдің сәні мен салтын жинағандай ерекше отырыс өтті. Сол кештің көркін келтірсін деп қоңыр үнді ақын Жассерік Жәлелұлын, жүректен шыққан әуезді әнімен елдің жанын тербеткен Медғат Манаповты, айтыс сахнасының шебері Алмагүл Жүгінісовті арнайы шақырдым.

Үшеуі де сахнасыз-ақ, киіз үйдің ортасында-ақ өз өнерін жайып салды. Әуелі Жассеріктің қоңыр жыры көңілдің тереңіне тамыр жайса, артынша Медғаттың сырлы әні көкке өрлеп, шаңырақтан төгілген жарықпен астасып кетті. Ал Алмагүлдің жүректен шыққан арнауы жиналғандардың бәрін бір сәтке өткеннің әуеніне жетеледі. Сол бір сәт – қазақтың бар болмысы, бар рухы киіз үйдің ішінде тоғысқандай еді. Іргеден есіп кірген самал да, шаңырақтан құйылған нұр да қазақтың жанына айналғандай.

Ертесінде Баянауылға жол тартып, қонақтарды Жасыбай демалыс аймағындағы «Самал» демалыс үйіне жайғастырып қайттым. Жанарбек жұмыс бабымен ертерек Алматыға аттанып кетті.

Қонақтардың Астанаға қайтатын күні Тереңкөлден келіп, қонақтармен Егіндібұлақтағы әкемнің үйіне қарай бет алдық. Жазиралы даланы жарып өткен жол, мен үшін әкемнің үйіне апарар қасиетті сүрлеу.

Әкей жан-жақты, өз заманының абызы. Бабалар соқпағынан адаспаған, кітаппен шырағын жаққан, сөзбен сырлас жан. Әдебиет пен саясатты қатар меңгерген, әлем әдебиетінен бастап, қазақ сөз өнерінің інжу-маржандарын қалт жібермей оқитын зерделі жан. Менің әдебиетке деген талғамымды қалыптастырған, Мағжан, Қасым, Олжас, М.Мағауин, І.Есенберлин, С.Жүнісов, Г.Мопассан, И.Бунин, К.Паустовский сынды қаламгерлерге құштарлығымды менің көкірегіме сіңірген де сол кісі. Әр әңгімесі шырақ тұтқан жол секілді.

Астанадан «Әлем әдебиеті» журналының бас редакторы, Түркі әлемінің үздік драматургі Думан Рамазан атбасын тіреді. Ауыл төрінен Мәшһүр мұрасын тереңнен зерттеп жүрген танымал мәшһүртанушы, ақын Зекебай ағамыз да келді.

Әкем Жұмабай ағаны көре сала әңгімені бірден бастады:

– Тоқсаныншы жылдары шыққан «Біздің заманымыздың Аязбиі» кітабыңызда ЦК-ның секретарын «қалмақ өңді» деп суреттепсіз. Неге олай жаздыңыз? – деді.

Жұмабай аға жайбарақат жымиып:

Ел ішінде «түбі қалмақ» деген сөз бар. Оның үстіне Қонаевқа жасаған қиястығы үшін астарлап айтқаным, – деді.

Әкей іліп әкетті:

– Қонаев сіздің «Қызыл қар» повесіңізді партия съезінде сынаған еді ғой. Шопандардың тұрмысын бұрмалапсың деп...

Қонаев – әулие ғой. Әулиеге ренжуге бола ма, — деп, орнынан тұрып, әкемді құшақтап: – Қиян түкпірде менің кітабым жайлы айтып, талдап отырса, жазушының бақыты осы емес пе! – деді.

Сол сәтте жүзінен мейірімнің жылуы сезіліп, дауысындағы дірілден көңілі босап қалғанын аңғардық.

Сәлден соң тағы бір шымыр сырын ақтарып салды.

– Шындығына келгенде, Қонаевтың өзі менің повесімді оқыды дейсіз бе? Ол кезде ЦК-ның хатшысы Кәкімжан Қазыбаев болатын. Сол кісінің ұйымдастырғаны ғой. Мүмкін, көңілінде кегі болған болар. Бір кездері «Лениншіл жас» газетінде К.Қазыбаевты сынағаным бар еді. Соның салдары ма, әлде біреудің сыбыры ма, кім білсін... Содан көп жыл бойы кітабым шықпай жатты, зато атағым шықты, – деп ішкі сырын әзілмен бүркемелеп қойды.

Қоштасар сәтте әкей үстіндегі түйе жүн шекпенін шешіп:

– Үлкен атаның баласысың. Мына шекпенді саған тарту етейін. Жамбыл атаңның жасына жет! – деп, Жұмабай ағаның иығына жапты.

Жұмабай аға шекпеннің ішіне өз жанын орап алғандай тебіреніп тұрып:

– Ақсақал, нағыз қазына екенсіз. Арнайы кісі жіберіп, сіз туралы газетке жаздырам, – деді.

Көп ұзамай «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде Құлтөлеу Мұқаштың мақаласы жарық көрді. Өзі де ұлт руханиятына адал жанашыр, қазақтың жанын ұғынып жазатын сыршыл қаламгер, сол жолы ол Күлжанұлы Мұқатай туралы тебірене толғапты. Әділетсіздіктің құрбанына айналған қарапайым адамның өмірін халық жадында қалдыруды мақсат еткен сол «Баянауыл баяны» мақаласы – мен үшін тек жазба емес, тағдырдың үнсіз жаңғырығы іспетті еді.

Әр жолынан жүрекке шымырлап жеткен мұң мен сағыныш, әр сөйлемінен қазақ даласының шаншылған шындығы сезілді. Қағазға түскен сөздердің арасында Мұқатайдың бейнесі, оның азаматтық болмысының салмағы, өмірінің ащы тәлкегі – бәрі де көз алдыма елестеп, бір сәтке тіріліп кеткендей болды. Мақалада баяғы күндердің шаңы бұрқырап, ұмыт бола жаздаған тағдырлар қайтадан жанды тынысымен оралды.

Әкем өмірден өткенде, «Қазақ әдебиеті» газеті арнайы көңіл айту жариялады.

Сол жолы Жұмабай аға маған өзінің қымбат тартуын ұсынды. Қолына қалам алып, екі томдық кітабының ішкі бетіне жүректен шыққан бір ғана тілегін жазды: «Нұрлан! Зиялы азаматтығыңнан айныма!» деп. Әлі күнге дейін сол қолтаңбалы кітап мен үшін жай ғана кітап емес, үнсіз ескерткіш секілді. Қолыма алсам, қағаздан ескен баяғы күндердің лебі келеді. Тек әріптер ғана емес, сол сәттің тынысы, дастарқан басындағы сөздердің жылуы, ағалық ықыластың ізі сезіледі. Әр беті – сол отырыстың шуағынан қалған әлсіз сәуле сияқты. Көңіл түкпірінде әлдеқайдан бір сағыныш бой көтеріп, жүрекке тым жақын бір қоңыр әуен естіледі.

2013 жылдың 28 шілдесі... Бұл күн менің өмірімде мәңгіге сақталып қалды. Кейде өткен шақтың тылсымында жоғалып бара жатқан сәттердің арасынан бір мезет кілт бөлініп шығып, қайтадан жүрегіңді тербететін шақтар болады. Сол күн – дәл сондай.

Қасиетті Баянауылдың самалы, Егіндібұлақтың тыныш ауыл тіршілігі. Әкемнің қара шаңырағы – талай ұрпақтың табаны тиген, кие дарыған, балалық шағымның үні сіңген мекен. Қара шаңыраққа қазақ руханиятының үш бірдей дара тұлғасы Жұмабай Шаштайұлы, Ғалым Жайлыбай, Думан Рамазан кіріп келгенде, уақыт кенет тоқтап қалғандай еді. Көз алдымда күннің алтын нұры сығалай кіріп, дастарқан үстіне жайлы сәуле түсіріп тұрған.

Жазушылардың жүзі мен сөзінен бөлек бір әуен, көзге көрінбес жылылық тарады. Әкем қонақтарын бауырындай қарсы алды, дастарқан үстінде бірінен соң бірі өрілген әңгімелер кеудемді жылытып, жанымды әлдеқайда биікке жетеледі. Әдебиет туралы сөз – жай ғана әңгіме емес, жүрек пен тарихтың, тағдыр мен уақыттың үнсіз сырласы іспетті еді.

Жұмабай ағамыздың байыпты да баяу үні тереңнен толқып шыққан өзендей; Ғалым Жайлыбайдың сыршыл әңгімесі жібек желдің нәзік лебі секілді; Думан Рамазанның толғаулы ойлары түнгі аспандағы жұлдыздардай алыстан жарқырап тұрған. Әр сөз, әр тыныс ұлтқа деген адалдықтың, тағдырға деген табандылықтың белгісіндей еді.

Мен ол сәтті қазір де көз алдыма келтірсем, жүрегім шым етіп, бір мұңлы қуанышқа толамын. Уақыт алыстап кеткенмен, сол күннің әуені, сол дастарқан басындағы үнсіз де айқын шындықтар мәңгі өшпестей кеудемде қалды.

Жұмабай аға дүниеден өткен күн, көк жүзін кенеттен қара бұлт қаптап, жан дүниемді тұншықтырған қара көлеңке түскен шақ еді. Сол сәтте жүрегімнің түбіне мұздай салқын бойлап кіріп, әлдеқайдан үңірейіп қалған бір қуыс пайда болды. Ауыр үнсіздіктен қашқандай, жолға шығып, Баянауылға бет алдым. Жолдың әрбір иірімінде көз алдыма оның бейнесі қайта орала берді: қоңыр салмақты жүзі, көп сөйлей бермейтін, бірақ әрбір лебізіне жылу ұялатқан үні…

Ғалым аға мен Думанның ФК-парақшасында Баянауыл сапары туралы жазғандарын оқығанда, көңілімде әлдеқайдан баяғы бір үндестік қайта жаңғырды. Ол сөздерде – мейірімге толы, бірақ мәңгілікке кеткен жанның бейнесі бар еді; жүректің өз-өзіне сыбырлап айтқан ыстық құрметі бар еді. Әрбір сөйлемнен мұңның қоңыр самалы есіп, алыстан қаздардың қимас үні талып жеткендей болды. Жылдар сырғып өткенмен, сол қаралы күннің елесі көмескіленген жоқ. Ғалым аға мен Думанның қарапайым ғана жазбалары уақыттың өзіне қарсы тұрғандай, жүрекке мәңгілікке қашалып қалған белгі секілді. Сағыныштан сарғайған жанды солар ғана жұбатты, солар ғана өткен күннің үнін қайта тірілтті.

Жазбаларды қайта-қайта оқыған сайын, айналамдағы Баянауыл да үнсіз сол мұңға қосылып тұрғандай көрінді. Қарағайдың сыбдыры, адырлардың көлеңкесі, таудың терең тынысы – бәрі-бәрі Жұмабай ағаның қоңыр үніне ұласқандай еді. Күннің қызғылт шуағына малынып тұрған көкжиек те сол бір баяғы шақтарды қайта оятып, жүректің түбінде баяу соғып тұрған сағыныштың жарасын сыздатты.

Жазушының бақыты – атақ пен даңқтың дүбірінде емес, бір қарияның жанарына жас үйіріп, әлгі тамшымен бірге мың алғыс, мың ризашылықтың үнсіз тілегін сезінген сәтінде. Сол бір көздің мөлдірлігіне уақыттың да, тағдырдың да салмағы бардай, ал сол нұрға себеп болған туынды жазушы үшін ең ұлы марапат. Өйткені шын өнер атаққа емес, жүректің тереңіне тамған бір ілтипатқа зәру.

Нұрлан Күлжан,

қоғам қайраткері