Жазушы Нұрсұлтан Назарбаев пен оның қызын плагиат үшін сотқа берді
Фильмді түсіруге шамамен 3 миллиард теңге жұмсалған. Экс-Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, тарихи драма бір айда кассадан небәрі 480 миллион теңге жинаған
Жазушы, «Томирис» кітабының авторы Ержан Орымбетов Алматы қалалық сотына шағым түсірді. Ол 2013 жылы жазылған «Томирис» кітабын көшіріп кино таспалаған Әлия Назарбаевадан 50 миллион теңге өндіріп алғысы келеді.
Аталмыш фильмнің сценарий авторлары Тимур Жақсылықов (сценарист және актер) мен Әлия Назарбаева. Тапсырыс беруші – Мәдениет және спорт министрлігі. Жазушының оларға қатысты негізгі шағымдары бар. Орымбетов фильм түсірушілер оның кітабынан ондаған сюжетті, диалогтар мен кейіпкерлердің мінез-құлық ерекшеліктерін, мистика элементтерін, тіпті идеяның өзін көшіріп алғанын алға тартады.
Кітап авторы дәл уақытында сотқа шағымдануға мүмкіндігі болмаған.
Фильмді түсіруге шамамен 3 миллиард теңге жұмсалған. Экс-Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, тарихи драма бір айда кассадан небәрі 480 миллион теңге жинаған.
Жазушы 2013 жылы кітап жарыққа шыққаннан Мәдениет министрлігіне кітабын кино етіп түсіруді ұсынған. Бірақ министрлік қазір кино түсіре алмайтындарын айтқан. Алайда бірнеше жылдан кейін Мәдениет министрлігі «Томирис» фильмін түсіру туралы шешім қабылдағаны белгілі болды.
«Фильм мен кітап жасау идеясының авторы ретінде мен ынтымақтастық туралы ұсыныс аламын деп күткенмін. Фильмді көргеннен кейін өзімнің кітабыммен ондаған ұқсастықтарды анықтап, қатты көңілім қалды», — дейді кітап авторы.
Ержан Орымбетов қолында құжаттардың көшірмелері бар екенін, одан «Қазақфильмнің» Әлия Назарбаевамен келісімі болғанын айтады. Оның үстіне, Нұрсұлтан Назарбаевтың да плагиатқа қатысы болуы мүмкін деп есептейді жазушы.
Айта кетейік, тарихи фильм 2019 жылы 27 қыркүйекте «Томирис» тарихи фильмі прокатқа шықты. Режиссері – Ақан Сатаев. Продюсері – Әлия Назарбаева.
Кинотуынды біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда болған оқиғаны суреттейді.
Фильмге Ерік Жолжақсынов, Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров, Мурат Бисенбин, Азамат Сатыбалды, Әділ Ахметов, Айжан Лайджи, Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов секілді еліміздің танымал кино жұлдыздары түсті. Кирдің рөліне Ридли Скоттың «Аспан патшалығы» («Царство небесное») фильмінде Саладин патшаның рөлі арқылы танылған голливуд актері Гасан Масуд шақырылған. Фильмнің кейіпкерлері көне түркі тілінде, ал парсы патшасы Кир көне парсы тілінде сөйлейді.