15:52, 16 Наурыз 2018
Жазушылар одағы енді өзгере ме?

12 наурыз күні Алматыда өткен Қазақстан жазушылар одағының ХV құрылтайы қазақтың рухани өміріндегі мақтанатын оқиғасы болмады.
Руханияттан, әдебиеттен өзге үрдістер мен үдерістерге бой берген, билік пен ақшаның айналасындағы жиынға айналып кетті. Жиналған журналистер, әдеби ортадан тыс қауым өкілдері әлденеше рет жағасын ұстап, «қазақ руханиятының ордасы, қаламгер ортаның ұстыны мен ұсқыны осы ма?» деген кездері де аз болған жоқ. Алайда шынайы тазару, жаңғыру деген үрдістердің барлығы бірдей әдемі бола бермейтіні анық. Көне Грекияның қас батыры Гераклдың жетінші ерлігі саналатын 30 жыл бойы боққа батқан Авгий атқораларын тазалаған топан су да эстетикалық тұрғыдан керемет бола қоймаған шығар деген күдік бар. Мәселе біреу ғана: осы жиыннан кейін Жазушылар одағында жаңару, тың өзгеріс бола ма, жоқ па? Болса – ұйым да, жұмыс та болады. Болмаса...Шынын айту керек, қоғамда Жазушылар одағы деген ұйым мүлдем керегі жоқ, бұл сталиндік жүйе ойлап тапқан, жазушыларды мемлекеттің, биліктің уысынан шығармау, цензура орнату үшін жасалған бірлестік деген пікірлер аз айтылып жатқан жоқ. Қарап отырсақ, мұның да негізі бар сияқты. Романды, поэманы жазатын Жазушылар одағы емес, нақты адамдар мен азаматтар. Жазушылар одағы болсын, билік болсын жазушыны қанша үгіттесе де, мәжбүрлесе де, жазушы жазбаймын деген дүниесін жаза алмайды. Ешкім ешкімнің аузына дайын сөз, әсіресе шынайы әдеби мәтінді, көркем әдеби шығарманы салып бере алмайды. Кейбір кездері өзім де осындай ойда болдым.Бірақ мынаны да ескеру қажет сияқты. Сындыру, құлату, жермен-жексен ету оңайдың оңайы. Ол үшін ештеңе істеудің де керегі жоқ. Тізімде бар 800 жазушы одаққа қолын бір сермеп, жұмысына араласпаса жеткілікті. Немесе бір рет жиналып, үш рет талақ деп айтса жетіп жатыр. Мәселе қиратуда емес, ішкі қажеттілікте. Менің бір ұққаным, Алматыға жиналған қазақ қаламгерлері Жазушылар одағы деген ұйымды сақтап қалғысы келетініне көзім жетті. Бір-бірімен айтысып, жаға жыртысқаны да осы себепті. Сырт көзге мұның барлығы да әдепсіздік, көргенсіздік болып көрінсе де, түсінген адамға мұның артында тірі инстинкттер мен тірі эмоциялар тұрғаны анық, Ең бастысы, ұйымды сақтауға деген құштарлық бар, рухани ортаны жаңартуға деген тірі талап тұр. Қазақ атаулының ырың-жырыңды, бет жұлысып, жаға жыртысқанды жек көретіні шын. Бірақ шындық кейде осы арқылы ғана келеді, әділет ісі кейде төбелесті де қалайтыны, керек ететіні анық. Дәл осындай тартыстар парламентімізде де болса екен деп тілеймін. Парламенттегі 100-ден асқан депутатымыздың ең болмаса 20-сы ұлт мүддесін қорғауда осындай табандылық танытып отырғанда біз баяғыда-ақ басқа қоғамда ғұмыр кешер едік.Болған дүние болды, айтылар сөздер айтылды. Жазушылар одағына келген жаңа басшыларды шын жүректен құттықтап, сәттілік тілей отырып, оларға көмек ретінде одақтың жұмысын тірілтіп, жан бітіруге бағытталған бірнеше ұсыныс айтқанды жөн санап отырмын.
- Оқырманды іздеу, оқырманмен табысу.
- Жазушылар одағының реформасы.
- Жазушылар – руханият жасушасы.
Айдос Сарым, саясаттанушы
арнайы «Жас Алаш» үшін
Фото:qazaqadebieti.kz