Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:36, 10 Наурыз 2021

Жазықтың кім, Жансай?

None
None

Дзюдодан Ташкентте өткен Grand Slam-де кемі екі алтын медаль алуымыз керек еді. Әлемдік рейтингте орнымыз бен спортшылардың бабы сондай пікір айтуға негіз болған.

Елдос Сметов финалда сыралғы қарсыласы Нагаямадан ұтылып қалды. Ал 73 келі салмақ дәрежесінде белдескен Жансай Смағұловтың бас жүлдесін төрешілер тартып алды. Тартқанда да, бес минут бойы бірін-бірі ала алмаған қос қарсылас Golden score кезінде кімнің мықты екенін анықтауы тиіс болды. Жансай ұрымтал сәтте ширақ қимылдап, Цогбаатарды татамиге қос жауырынымен түсіріп еді. Тіпті рефери Смағұловтың жеңіске жеткенін мойындаған.  Жұрт ду ете қалды. Әдемі әдіс қолданғанына риза болып. Алайда Моңғолия бапкері шағым айтып, тәсіл қолдануын қайта қарауды талап етті. Сол кезде  «Жансай ереже бұзды» дегенді желеу етіп, қазылар алқасы әлгі ұпайын есепке алмады. Ол – ол ма, енді жаза кесіп, ескерту беріп, жарыстан шығарып жіберді.

       Мың құбылатын дзюдо заңын түсініп болмайсыз. Күллі әлем өз спортының өтімділігін пысықтап жүреді. Жапондар ма, әлде дүниежүзілік қауымдастық па, осы дзюдодан сүйкім қашырумен шұғылданатын тәрізді. Қылтадан қағып қалып, қарсыласын шалқадан түсірген жігітке емес, жеңісті жығылғанға ұстататын тәртіп тап осы спорттың түрін ұшпаққа шығара қоймас. Жалпы, Жансай осы турнирге тыңғылықты дайындалған секілді. Оған дейінгі қарсыластарын баудай түсірді. Финалға да буырқанып шыққан еді. Бірнеше әдіс қолданып көрді. Шегіне жетпеген соң да шығар, төреші ұпай беруге асықпады. Моңғол спортшысы да қарап қалмады. Бірақ Ценд-Очирынды біздің спортшы әбден зерттесе керек. Ұпай ұстатпады. Екі рет ескерту алған екеудің күресі қосымша уақытта жалғасты. Жансай сол кезде белсенді. Нәтижесі сіздерге мәлім. Цогбаатар да мықты спортшы. 2019 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен құрлық біріншілігінде ешкімге дес бермеген. Ал 2016 жылы Ташкенттегі Азия чемпионатында Елдос Сметовпен бір салмақта күресті. Екеуінің жолы түйіскен жоқ. Елдос топ жарды. Ал Цогбаатар қола медаль үшін өткен бәсекеде Қазақ елінің тағы бір өкілі –   Рүстем Ибраевтан басым түсті.

        Өзбекстан Ценд-Очирынға жағып тұр. Шидо есебінен күміс медальді місе тұтты. Смағұловтың өнеріне төрешілер қалай қарағанын білмедік. Ташкент жұрты риза болды. Қол соғып, қолдау көрсетіп, тіпті марапаттау кезінде де қошеметтерін аяған жоқ. Жылылық біткен кісіні жібітіп жібереді ғой. Жансай да жан-жағына тағзым көрсетіп, жергілікті жанкүйерлерге деген ризашылығын жеткізді. Көпті алдау қиын ғой. Егер Смағұлов шын мәнінде ұтылса, мұндай құрметке бөленбеуі де мүмкін еді. Қолындағы алтын медальді қазылар тартып алғаннан соң да, көрермендер Смағұловты қолдай жөнелді. Ондай ықыласқа ие болудың өзі де бір табыс шығар. Тауы шағылмасын Жансайдың. Токиода төселген татамиде күрессе, біразға баратыны байқалды. Өйткені финалға дейін кездескен Британия, Армения және Швейцария дзюдошыларынан басым түсті.

         Бір алса, бас жүлдені 60 келі салмақ дәрежесінде белдескен әлем чемпионы Елдос Сметов алса керек еді. Тіпті финалға дейін ол еш қиналған жоқ. Жоғарыда атап өттік. Елдос 2016 жылы Ташкентте Азия чемпионы атанды. Финалда жергілікті спортшы Диорбек Оразбаевты жеңді. Шынын айту керек, Өзбекстандағы шешуші сында өзбек дзюдошысын ұту ерлікке пара-пар. Таза жеңбеске амалың жоқ.  Жартылай финалда жапон Ошима Юманың осал тұсын тапқан Сметов сол жылы нағыз бабында болды деуге келеді. Арада жеті жыл өткенде Елдос Ташкенттегі тағы бір беделді турнирдің финалында өнер көрсетті. Бес құрлықтан, 71 мемлекеттен жиналған 497 спортшы арасында осалы жоқ екені белгілі. 60 келі салмақта сынға түскендер де сай тасындай іріктелген, татамиде кілең мықтылар жүрді.

      Жалпы, турнирде 14 салмақ дәрежесінде чемпиондар анықталды. Оның жетеуі  жігіттерге тиесілі. Жалпыкомандалық есепте Жапония топ жарды. Алтын медальдің өзінен бесеуін алды. Сол бесеудің бірі – Рюдзю Нагаяма. Нагаяма 2019 жылы әлем біріншілігінде қола жүлдегер атанғаны есте. Жеңіс тұғырында Елдоспен қатар тұрды. Өйткені Сметов те сол жылы үшінші орын иеленген еді. Рюдзю одан бір жыл бұрын Бакудегі әлем біріншілігінде де қола жүлдеге қол жеткізген. Жалпы, Жапонияда 60 келі салмақ дәрежесіндегі негізгі балуан Наохиса Таката еді. Әзірбайжандағы дүниежүзілік жарыста осы Таката топ жарды. Токио алдындағы турнирде осал соғып, үшінші орын үшін өткен белдесуде командалас досы Нагаямадан ұтылып, Рюдзю қаһарманға айналып шыға келді. Токиода жапон бапкерлері осы Нагаямаға сенім артуы мүмкін.

        Ташкентте өзінің мықты екенін паш еткен Рюдзю енді өз биігінен түсуге мүдделі емес. Яғни Елдостың алдынан тағы шығатыны түсінікті. Рас, жеребе екеуін екі шетке лақтырады. Дегенмен финалға таман ұшырасатыны анық қой, егер оған дейін жарыстан шығып қалмаса. Қысқасы, Ташкентте Токио ойындарының алдындағы қара жарыс өткендей болды. Кешенді сында топ жаруға ұмтылатын екеуі осы татамиде күресті. Елдос шаршаңқы жүрді, әлде бақай есеп пе? Олимпиада алдында сыр алдырмау  тәсілі, әлде, шынында да, қазір бабына енбеді ме? Барын сарқымағаны,  атой салмағаны анық. Жапон спортшысы бір вазари алып, жеңіске жетті.

      Қазақ дзюдосын қазір сынауға негіз аз. Пандемия кезінде үйде отырған ұл-қыздарымыз бабына бірден келе салмайды-ау. Рас, екі спортшының айтулы турнирде  финалға шығуы, күміс медаль алуы жетістік, әрине. Бір қора адам барып, көбі жарысты ерте аяқтағаны көңілді көншітпеді. Бәлкім, келесі сындарда нәтиже көрсетер. Оларға сенуге болады. Себебі бәрі де қара жаяу емес. Дзюдоны бір кісідей біледі және жарыстарда жүлдеге ілінуден үмітті. Сол бір үміттің жалынан ұстаймыз, ендеше!

Тегтер: