Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 03 Қазан 2024

Жедел жәрдем бекеті жалдамалы ғимаратта жұмыс істеген

жедел жәрдем

Еліміздегі медициналық қызметтің сапасы көп сынға түсіп жатады. Халық ауруханалардағы жүйе мен кадр сапасына көңілі толмайтынын айтады. Одан қала берді, жедел жәрдем қызметінің тиімділігі мен жеделдігі күмән келтіреді.

 Ондаған жылдар бойы республиканың түкпір-түкпірінде критика көбейіп, мәселенің өзектілігі арта берді. Әсіресе шалғайдағы ауылдардың жағдайы расында алаңдатарлық еді. Жолы нашар, жарығы жоқ елді мекендер жедел жәрдем шақыра алмай, шақыра алса да көмек жете алмай, әуре болатын да қоятын. Кейіннен, инфрақұрылым мәселесінен бөлек, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігіне қатысты да бастамалар көтерілді. Біразы жүзеге асты да. Солардың бірі – жедел жәрдем бекеттері. Аталған нысан тұрғындардың бастапқы санитарлық-медициналық көмек алуына толық мүмкіндік береді. Демек, қандай да бір жағдай бола қалғанда тез жететін, баратын, қаралып, ем алатын орын. Олар ауыл-аймақтарда бой көтеріп, керекті құрал-жабдықтармен, штаттағы мамандармен толықтырылды.

Бүгінде Алматы облысы Қарасай ауданының орталығы Қаскелеңде де осындай жаңа жедел жәрдем бекеті ашылып жатыр. Бұрын аталған мекеменің ғимараты жалға алынып келсе, енді қазаннан бастап өз ғимаратында жұмыс істегелі жатыр. Іші де заманауи стандарттарға сай дейді Алматы облыстық баспасөз қызметі.

«Жедел медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында бригадалар саны мен дислокацияларын ұлғайту жоспарланған. Бұған дейін Қарасай ауданындағы 364 мың халыққа қызмет көрсетіп келген бригада құрамы енді жаңа мамандармен толықтырылмақ. Ал қазіргі таңда ауданда 28 бригада тұрғындарға қызмет көрсетуде. Оған қоса, санитарлық көліктер паркін жаңарту жағы да назарда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы лизингке жаңа санитарлық көліктер сатып алу рәсімдерін бастап та кеткен. Бұл да жалпы процестің сапасы мен жайлылығына оң әсер етері анық. Облысымыздың басқа аудандарында да жедел жәрдем бекеттерін салу, жаңарту жағы басшылыққа алынып отыр. Құрылыстарды Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы ММ облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясы жүзеге асырады», – делінген ресми хабарламада.

Әрине, жедел жәрдем бекеттерімен қоса, негізгі ауруханалардың да құрылысы қарқынды жүруі тиіс. Оларды жаңарту, жөндеу жұмыстары әрдайым маңызды. Облыста бұл мәселе де қарастырылып жатыр. Мысалы, жақында ғана Райымбек ауданындағы жаңа медициналық нысанның құрылысы аяқталды және ол жақын күндері пайдалануға берілмек.

«Бүгінгі күні Райымбек аудандық ауруханасына 28 512 тұрғын тіркелген. Аудан бойынша 10 дәрігерлік амбулатория, 5 медпункт және 4 акушерлік пункт қызмет көрсетуде. Соңғы бес жылда аудан құрылғалы бері медицина саласына ерекше көңіл бөлінуде, оның ішінде 6 медициналық нысанның құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді», – дейді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Руслан Көккөзов. Қазіргі уақытта нысан толықтай аяқталып, пайдалануға берілу үшін құжаттары дайындалуда.

Ақжол Сауранбек

Тегтер: