Жеке адамға табынушылық дегеніміз...
Осыдан тұп-тура 112 жыл бұрын «Оян, қазақ!» деп ұрандаған Міржақыпты білмейтін қазақ жоқ шығар.
Бірақ осы ХХІ ғасырдың дәл осы күндері бұлай сүрен салатын қазақты кездестірудің қиындығын айтып отырып, амалсыздан тағы да «Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты», деп бар дауыспен ұрандауға мәжбүр болып отырмыз. Кеше ғана өткен ғасырдың соңғы ширегінде «кемелденген социализмде болып-толған қазақ «Мақтансаң, мақтан қазақ, төбең көкке жетпей тұр аз-ақ», деп даурыға әндетіп жүрген еді. Ол қазақтың тілден, діннен, еркіндіктен, жерден де айырылып, жаппай орыстанып, ұлтсызданып бара жатқанын ойлауға, ойлануға тоталитарлық режим мүмкіндік бермеп еді.
Ал қазақы тыраш, жалған намысты қайырып қойып, тарих бетіне тіке-тура қарап, айтар болсақ, 1991 жылдың соңғы айларына дейін Одақтан бөлінбеуге бел байлап, 1989 жылғы референдумды бетке ұстаған Нұрсұлтан Назарбаев, басқа елдің бәрі бет-бетіне кетіп, Тәуелсіздігін жариялағанға дейін, тіпті, Мәскеудегі әскери төңкеріске дейін міз бақпай, отырғаны баршаның есінде. Отаршыл орыстардың өзі кімнен тәуелсіздік алғанын өзі де түсінбей, тәуелсіздігін жариялап қойған соң, қазақ билігі аяқ астынан Қазақстанның тәуелсіздігін жариялап, ерлік көрсетті. Онда да құдайдың 365 күнінен лайықты күн таппай, Алматыдағы қанды Желтоқсан басталған 16 желтоқсанды, қара жамылған қаралы күнді таңдап, Қазақстанды той-думан дүрмегіне еліктіріп, ән айтқызып, би билетіп жіберді.
Ал Тәуелсіздіктің 30 жылын, осы жылдарда жүргізілген барлық саяси, экономикалық, әсіресе, конституциялық реформаларды сарапқа салар болсақ, мынадай үш-төрт түрлі сөзге сыйғызуға болады екен.
- Алдымен – экономика, содан кейін – саясат.
- Жерді сату, мемлекет меншігіндегі барлық байлықты жекешелендіру желеуімен билік басындағы кешегі коммунист, бүгінгі Президент пен әкімдер, күштік органдардағы погондылар пышақ үстінде бөліп алып, шетінен миллионерлерге айналып шыға келді. Биліктің «алдымен – экономика» дегенінің шын сыйқы осы болып шықты. Ал шетелдік алаяқтармен ауыз жаласқан ең жоғарғы билік қазақтың жер асты, жер үсті байлығын талан-таражға салып ту-талақай қылғаны тағы бар.
- Осының бәрі 1995 жылы қабылданған Ата-заңның бір адамның және оның отбасының мүддесін қорғап, атағын аспандату жолындағы қуыршақ парламент пен сенаттың халқының мүддесін аяққа таптап, қолдан кешегі коммунистердің ұлы көсеміне балама ешбір қателеспейтін, сондықтан, жалпыға ортақ Конституциялық заңдар мен ережелерден мүлде жоғары тұратын абсолютті билік иесі ретінде «Нұр сәулелі сұлтан» мәртебелі «елбасының» ұлылығын Сталинге тең таппай, қиналған Жамбыл жырауша қиналған қазақты көріп, біз де қиналып отырмыз.
Сөзді ҚР конституциясынан бастағанда, назарларыңызға 2019 жылы Конституция күніне орай, сөйлеген сөзінде Президенттің «Қазақстан Конституциясына ешқандай өзгертулер енгізілмейді және оның қажеті де жоқ», дей келіп: «Конституцияға өзгерістер енгізу туралы айтып жүргендердің барлығы ібілістің әрекеті», деп мәлімдеген болатын-ды. Солай-ақ дейін десек, соған дейінгі жағдайымыз мынадай екен ҚР Конституциясына осы жылдарда бес рет: 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 жылдары енгізілген өзгертулер мен толықтырулар бойынша 55-бапқа 1100 толықтырулар мен өзгертулер енгізгендерді де ібілістер қатарына қосу керек болатын шығар. Солардың ішінде – 1998 жылы ең негізгі 19 заңға түбірлі өзгерістер жасалыпты. Соңғы өзгеріс 2019 жылғы 20 наурыздағы Конституциялық кеңестің: «Вносимые в Конституцию Республики Казахастан «Астана» – «Нұр-Сұлтан» связаны с признанием исторической роли и увековечиванием заслуг Первого Президента Республики Казахстан перед народом Казахстана, не затрагивают вопросы независимости государства, территориальной целосности Республики, формы ее правления, а также основопологающие принципы деятельности Республики, заложенные основателем независимого Казахстана, первым Президентом Республики Казахстан – Елбасы».
Жаңа президенттің таққа отырар-отырмастан, шығарған шешімі бойынша өзгертілген қала, көше, оқу орындары мен мәдениет мекемелері, вокзалдар мен аэродромдар, станция бекеттері т.б. сансыз жаңа атауларды жабдықтап орнатуға, шамамен, 125 миллион доллар (47301250000 теңге) жұмсалатын көрінеді. Мынау кедейшілік, қымбатшылық, ауру-сырқау, алқымдап тұрған қазақ халқы жағымпаздарға қарғыстан басқа не айтар дейсің?! Басқасын айтпағанда, соңғы 15-20 жылда парламент қабылдаған Конституциялық өзгертулер мен толықтырулардың басым көпшілігі тұңғыш президент –елбасының абыройын асқақтатып қана қоймай, оның жеке басына табынудың диктатор В.И.Сталиннен де сорақы түрлерін заңдастыратын, толып жатқан заңсымақтардың жалпы тізімі оннан асады екен.
Қадірлі отандастар, бізге мыңдаған жылдардан бері өмір сүрген адамзат баласы басынан өткерген қанды тарихқа көз жіберсек, алтын тақтан айрылмау үшін, тіпті, қара жер қойнына кіргеннен кейін де мәңгілік өмірден дәмелі сан диктаторлардың тағдыры бүгінгі «өлмес өмір» арқанына жармасқан көсемдерге сабақ болмаған екен.
Түйін сөз
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде айтарым:
- Жеке басқа табынудың қазақстандық нұсқасын бір-бірлеп талдап, саяси баға беру керек.
- Жеке басқа табынуға алғы шарттар жасап берген жағымпаз қуыршақ парламентті тарқатып жаңа сайлау өткізу арқылы жасақталған жаңа парламент 1993 жылы қабылданған Ата заңды қалпына келтіру керек. Ата заңға зорлап енгізілген 1100 түзетуді Ата заңға қасақана жасалған түзетімпаздық (ревизионистік) саяси өзгеріс ретінде айыпталып, жаңа Ата заң жасалуы керек.
- Қуыршақ парламент қабылдап іске асырған барлық қала, көше, оқу орындары мен мемлекеттік мекемелердің атауларын өзгертіп, өзінің тарихи, жаратылыстық жергілікті атауларын қалпына келтіру керек. Сол қатарда қазақ халқының қас жаулары Романовтар атындағы Павлодар, Петропавл т.б. облыс аттарын өзгерткен жөн.
- 1986 жылдан бері, әсіресе, Тәуелсіздіктің 30 жылында қанды қырғынға ұшыраған Шаңырақ, Жаңаөзендегі кешегі қаңтар оқиғаларына анық та айқын саяси баға беру керек.
- «Жаңа Қазақстан» құруға уәде берген президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр дәрежедегі мемлекеттік органдар басшылығына үлкен жемқордың орнына кішкене жемқорларды ауыстырып тағайындау арқылы ешнәрсе істей алмайтынын бүгін түсінуі керек, ертең кеш болады.