Жеке басқа табыну синдромы
«Атасы топқа кірмеген, анасы торқа кимегенді
алтын тонға орасаң да, екі иығы салбырап тұрады».
Халық даналығы
БҰЙДА ТАРТУ. Сонымен, «Қонаевқа неге соқтыға береміз? Табеевтің мақаласы: Біле тұра, білмеген болып...» атты ұзын-оспақ дүниені оқып шықтық. Авторы Сәбетбек Еркінбайұлы деген кісі екен. Таныс-білістігім жоқ. Есімін мүлде естімегем. Аты-жөніне қарасам, сәбеттік жүйеге еңбегі сіңген, атағынан ат үркетін зор кісі сияқты. Сөз сыңайы Қонаевқа жерлес не жақындығы барын аңғартады. Онда тұрған ештеңе жоқ. Жазылған жайға пікір қосуға, сын айтуға әркімнің таласы бар.
Әңгіменің тұздығына менің «Қала мен дала» газетінің екі нөміріне (11.12 – 18.12.2020 жж.) жарияланған «Қордайдағы қазақ-дүнген текетіресі – 86-жылдың жаңғырығы» және «Камалиденов «маскүнемдер мен нашақорларды» қолдан жасады» атты мақалаларым алыныпты.
Аты айқайлап айтып тұрғандай, 16 беттік бұл үлкен зерттеуімізде қазақ тарихынан ойып орын алатын аса бір ауыр кезең – 1986 жылдың Желтоқсанына қатысты мәселелер қозғалған болатын. Басты мақсатымыз – Кеңес өкіметін құлатуға тікелей жол ашқан көтеріліс себептерін және жастарды «ұлтшыл, маскүнем, нашақор» атандырған бассыздыққа жауап іздеу болды. Жоғарыдағы екі тақырыпқа қоса, «Тирания»; «Берияның ізбасарлары: Камалиденов пен Меңдібаевтың тандемі»; «Желтоқсан оқиғасы кенеттен басталған жоқ. Оған Камалиденовтің қатысы болуы мүмкін»; «Куәгерлер сөйлейді...»; «Құпия белгісі бар хаттағы махровый ұлтшылдық»; «Қудалауға шыдамағандар өзіне қол салды»; «Камалиденовтің қырық өтірігі немесе Желтоқсанның Жаңаөзеннен айырмашылығы неде?» деген сияқты арнайы бөлімдер бар.
Көріп отырсыздар, тақырып таза Желтоқсан жөнінде. Жазалаушылар мен жәбірленушілер трагедиясы. Өкінішке қарай, арада өткен 35 жылдан бері қысыр жыландай сумаңдап, қазақтың қыр соңынан қалмай келе жатқан «маскүнем», «нашақор» деген қара таңба алдымыздан қайта-қайта шыға береді. Неге? Міне, шерлі жазбамызда жүрек сыздатар осы сауалдарға жауап берілді. Мазмұнын қайталамаймын. Оқығысы келетіндер интернеттен таныса алады.
Ал Сәбетбек Еркінбайұлы қайтеді? Бұл екі мақаланың астарынан мүлде хабарсыз «Жас Алаш» оқырмандарына Қайым-Мұнар Табеевті тек Қонаевты қаралап жазған адам ретінде көрсетуге тырысыпты. Осы мақсатын жүзеге асыру үшін бір ғана бөлігін жұлып алып, қалауынша бұрмалаған. Желтоқсан қырғынында 8000-дай адам жазықсыз жапа шегіп, істі болғаны белгілі. Алды итжеккенге айдалды, арты оқудан, жұмыстан қуылды. Осыншама адамның тағдырын күйреткен Горбачев, Қонаев, Колбин сияқты сәбеттік басшылардың орыстандыру саясатын жан-жақты зерттегенімді жылы жауып қойған Сәбетбек бізді негізсіз айыптап, оқырманды адастырған. Бір нәрсе айқын – қанды Желтоқсан айтылған кезде Қонаевты айналып өте алмайсың. Ал әңгіме не жайында болып жатқанын білмейтіндер «мына пақырыңыз, расымен, Қонаевта өші бардай жерден алып, жерге салыпты ғой» деп, теріс ойлап қалары кәдік.
Бірден айтайын, Дінмұхамед Қонаев ақсақалдың жеке басында алты аласым, бес бересім жоқ. Ол кісі қайда, біз қайда? Қонаев өз тағдырындағы қарама-қайшылықтарға қарамастан, ел басқарған тұлға ретінде тарихтағы өз орнын айқындап кеткен адам. Үш мəрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақстан Ғылым академиясының академигі. Бір ғана Ленин орденімен сегіз рет марапатталыпты. Алматыда көшесі, ескерткіші, музей-үйі бар. Бүгінгі басшылардан бір артықшылығы – дүние-байлық қумады, кен орындарын иемденбеді, халықтың несібесіне қол сұқпады. Таза қалпында кетті. Сол үшін өз замандастары (жастар емес) қадір тұтады.
Неге жастар емес? Желтоқсан батыры, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков бір хатында: «Мен алаңға Қонаевтың күйін күйттеп барған жоқпын», – деп жазғаны бар. Саясаттан ада боздақтың ағынан жарылуы кейінгі жас ұрпақтың ортақ көзқарасы десем, қателеспеймін. Желтоқсандықтардың көксегені ұлттық сананың азаттығы болатын. Уақыт бәрін екшеп, өз орнына қояды. Сол себептен белгілі тарихшы, ғылым докторы Әзімбай Ғалиевтің «Қонаевты тарихи тұлға ретінде жан-жақты қарау керек. Негативті жақтары мен позитивті жақтарын қатар қарастырайық» дегенін құптаймын. Оған бола күйіп-пісудің, біреуді мұқатудың, дұшпан іздеп қоңыраулатудың қажеті жоқ. Ендеше Сәбетбек Еркінбайұлы сұрақ қойған екен, жауап қайтару ләзім.
БІРІНШІ ҚАЙЫРЫМ. «Қонаевтың тұсында 700-ден аса қазақ мектебі жабылды» деген ежелден бар деректі Сәбетбек бірінші рет естіп отырғандай: «… автор бәріне Қонаевты кінәлі етіп шығарыпты» деп шамырқаныпты. «Едігеден бастасам, ертегіге кетермін» деген, тасқа түскен еңбектердің бәрін тізу шарт емес. Қазақ ғылымының көшбасшысының бірі, профессор Дандай Ысқақұлының пікірін ұсынсам да жеткілікті болар.
«Мәдениеттер тоғысындағы қазақ тілі» мақаласында тоталитарлық жүйенің қоғамға тигізген зардаптарын тізе келе, ол былай депті: «… Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарындағы қазақ мектептері түгелге жуық (!) жабылып, бір-бірден ғана малшының балаларына арналған облыстық интернаттар жұмыс істеді. Қазақстан астанасы Алматыда бір ғана қазақ орта мектебі болды. Жоғары оқу орындарында қазақ тілі мен әдебиетінен басқа мамандықтардың барлығы дерлік орыс тілінде оқытылды. Осы кездерде Қазақстан бойынша 700-дей қазақ мектебі жабылды. Жоғары оқу орнына түсу үшін талапкер міндетті түрде орыс тілінен емтихан тапсыруы тиіс болды». («Ана тілі» газеті. 18.07.2015 ж.)
Міне, алты жыл бұрын келтірілген фактілер кеңестік қоғамда Қазақстанда екі тілде сөйлейтін, екі түрлі дүниетаным ұстанатын, екі түрлі бағытта тәрбиеленген ұрпақтың өсіп шыққанын, оның ауыр салдары бүгін де қылаң бергенін айғақтайды. Солақай саясаттың кесірінен 1989 жылы республикадағы мектептердің 33 пайызы ғана қазақ мектептері болып қалды («Қазақ энциклопедиясы», Алматы, 2011 ж.).
Ең өкініштісі, қазақтың рухани құлдық қамытын киюі мен қазақ тілінің құлдырауы Қонаевтың көз алдында болып жатты. Алайда Қонаев еш нәрсе көрмегендей бейтарап қалып танытып, орыстандыру қарқынын бәсеңдету үшін қарсы амал жасамады. Билік, ғылым, білім, өндіріс таза орыс тіліне көшіп алды. Тіпті қазақ тілінде жазылған диссертациялар орысшаға аударылған соң барып қорғауға жіберілді. Халық арасында «қазақ тілінде оқыған бала болашақта күн көре алмайды» деген түсінік қалыптасты. Бүгінгінің заржақ шалдары көп айтатын «заман солай болды ғой» деген сылтау Қонаевты ақтап ала алмайды. Бұл ақиқат. Сол себептен Қонаевтан пұт жасап, көзсіз табынудың қажеті жоқ. Уақыт бәрін екшейді.
Танымал ақын Есенғали Раушановты тыңдап көрелік:«...Кезінде Қонаевты мақтау, дәріптеу дәуірінде бір ағамыз пьеса жазды, біреу роман жазды, Тұрсынзада Есімжанов поэма арнады (қайда солар? – авт.) Қалай қабылданғанын өзің білесің. Қонаевты қанша жерден мақтап дәріптегенмен, ол дүниеден өткенде Садықбек Адамбековтің жазған бір шумақ өлеңі ол кісінің кім екенін белгілі бір ортаға дәлелдеп кетті (төменде келтіреміз – авт.) Қазақтың тілі, әдебиеті үшін шөп басын сындырмай кетті деген пікір бар. Осы сөз қаншалықты рас? Қаншама қазақ мектебі жабылды, қаншама орыс мектебі ашылды. Қонаевтың тұсында Қазақстандағы қазақ мектебінен Өзбекстандағы қазақ мектептерінің саны көп болды. («Қазақ үні» газеті, 12.06.2015 ж.)
Атақты жазушы Садықбек Адамбековті де, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есенғали Раушановты да (осы жолдарды жазып отырғанымда бақиға аттанғанын естідім, топырағың торқа болсын!) қаламгерлер қауымы қадір тұтады, айтқандарына қалтқысыз сенеді. Ақын жазғандай, тоталитарлық кезеңнің көрінісі қазақтарға да, өзбектерге де, өзгелерге де ортақ болды. Соған қарамастан, армяндар мен грузиндер өз жазуын, әліпбилерін сақтап қалды. Өзбек елінде тәуелсіздікке дейін 550 қазақ мектебі, оның ішінде Ташкент қаласында бір қазақ мектебі болды (әлі күнге дейін бар). Ал қазақтар Алматыда балаларын оқытатын қазақ мектебін таба алмай, сабылып жүрді.
Осыны Сәбетбек Еркінбайұлы білмейді емес, біледі. Сөйте тұра, Қонаевтың қазақ тіліне қырын қарағанын жұмсартып бағыпты. Жазушы Герольд Бельгердің айтқанына сілтеме жасапты. «...700 мектептің жабылу себебін сұраған Әбдіжәміл Нұрпейісовке Қонаев 1950 жылы КОКП ОК қабылдаған «Ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру жөніндегі» қаулысын айта келіп, мән-жайды арыдан түсіндірді. Айтқандары дәлелді болған соң, менің құлағыма кірді», – депті Бельгер. Бос сөз! Қорғансыз ақсақалдың көңілін аулау үшін айтыла салған қолпаштау.
Жалпы, Герольд Бельгерге өз басым көп сене бермеймін. Табиғаты жақсы адам. Тамаша публицист. Бірақ оның қоғамдық көзқарасын тәуелсіздікке дейінгі және кейінгі деп қарастыру керек. Өйткені сәбеттік кезеңде «Утверждение казахского языка как государственного не принесет пользу нашему народу» деп қасарысқан Колбинді қолдап: «Қос тіл – қос қанатың», – деп сайраған шешендердің бірі сол болатын. Қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтағаны бертінде ғана. Ал Желтоқсаннан кейінгі ауыр күндерде қазақтарға орыс тілін өз ана тілінен кем көрмеуге үгіттеудің ар жағында қандай жымысқылық жатқанын аңғару онша қиын емес.
Герекең ауыл-қыстақтардағы бастауыш, орталау мектептердің қалай жабылғанын, орыс мектептерінің саңырауқұлақша қалай көбейгенін жақсы біледі. Бұл Хрущевтің «Орыс тілін неғұрлым тез үйренсек, коммунизмге соғұрлым тез жетеміз» деген сандырағынан кейін басталған науқан. Мысалы, менің ШҚО-дағы туған ауылым Шолпандағы екі қазақ мектебінің біреуі (бастауыш) ың-шыңсыз орысшаға айналып кетті. Алыс фермаларда ежелден мектеп болған емес. Оқушылар интернатта жатып оқыды.
Ал 1973 жылы Алма-Атаға (ол кезде солай аталатын) келіп түсе қалғанымда, жирен шашты апаларымыздың «говори по-русский» деп зекігенін әлі күнге дейін ұмыта алмаймын. Көкірегімде шемен болып қатып қалған. Ел астанасын осыншалық рухани сорлы күйге түсірген кім, сонда? Қонаев емес пе?! Неге өзбектерде Самарқанд, Бұхара, Термез, Ферғана, Хиуа, Пенжікент атаулары қай заманнан бері өзгермейді? Халқы өз тілінде сайрап тұрады. Ал бізде өз тілімізді сорлатқанымыз былай тұрсын, елді мекендерді орысша атап, жағымпаздық жарысқа түстік. Бұл сорақылық Қонаевтың әсіреорысшылдығының салдары десек, неге «… күйе жапқандық» болады?
Біз, қазақтар, үш ғасырдай отаршылдықтың қамытында шегенделген бодан елміз. Репрессия мен аштық азабынан қынадай қырылған біз сияқты халық аз. Рухымыз түсті. Тіліміз жантәсілімнің аз-ақ алдынан қайтты. Әлі де еңсесін тіктеп кеткені шамалы. Тұқыртып отырған баяғы сол билік. Қонаевтың үкілеп көтерген кадрлары. Бүгін оның ізбасарлары «орыс тіліндегі сұраққа сол тілде жауап беріңдер, әйтпесе жауапқа тартыласыңдар» дейді.
Ал жарайды делік. Сонда, қазақ тілінде қойылған сұраққа орысша жауап қайтарылса, қызмет көрсетуші неге жауапқа тартылмайды? Парадокс!
Ұлт мектебі дегеніміз – мемлекеттің болашағы. Ұлттық тәрбиенің, рухани игіліктердің тұнық бастауы. Біз Қонаевтың дәуірінде (кейін де) осыны ақсатып алдық. Ұлттық тәрбиенің жемісін көріп отырған анау өзбектер 30 жылда 30 миллионнан асып кетті, біз болсақ әлі 20 миллионның межесіне жете алмай ілбіп келеміз. Бодандық зардаптарымен күресуді, отарсыздандыруды жүргізуді жеделдетіп қолға алмасақ, ұлт болмысынан айырылып қалу қаупі күшейе бермек.
ЕКІНШІ ҚАЙЫРЫМ. Сәбетбек Еркінбайұлы «Қонаевтың ұлтын дұрыс көрсетпепті, Оңтүстік Қазақстандағы үш ауданды өзбектерге бергізіп, қазаққа қастық қылған Юсуповтан цитата алғанын қайтерсің?» деп жазғырып алып, біраз әңгіменің басын қайырыпты.
Бақсақ, мақаласында өзге де танымал адамдардан цитата келтіргенімізді әдейі жасырып қалған сияқты. Сол арқылы оқырманның жеккөрініштілігін оятпақ болған ішкі қулығы да байқалады. Қазақтардың Юсуповты ұнатпайтынын біз де білеміз. Үш ауданымызды Өзбекстанға бергізгені, интригандығы, жағымпаздығы, тағы да басқа теріс қылықтары бізге де жат көрінеді. Десе де, ЦК-ның бірінші хатшылығына дейін қолы жеткен Юсупов көшедегі кісі емес. Софы Зарват атындағы ұйғыр орта мектебінде Қонаевпен бірге оқыған замандасы. Бала кезден қатар өскен Қонаевтың комсомол билетінде «татарин» деп көрсетілгенін тайға таңба басқандай жазып отырса, оған қалай сенбейсің? Ел білетін басқа да адамдардың айтқанына неге күдікпен қарауымыз керек?
Мәселен, Қазақстан үкіметінің дін жөніндегі кеңесін басқарған Сатыпалды Тотанов «Өткен өмір өткелдері» деген кітабында Қарағанды облыстық мемлекеттік мұрағатын басқарған қызметкерінің Қонаевтың өз қолымен толтырылған анкетасын көріп қалғанын еске алады. Анкетада ұлты «татар» деп анық көрсетілген екен. Әлгіндей құжаттың табылғанын сол уақытта Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы болып істеген Нұрсұлтан Назарбаевқа жеткізген. Хатшы бұл анкетаны екеуінен басқа ешкім білмейтіндей етіп тығып тастауды сұраған. Сатыпалды Тотанов бұдан кейін бір кездесуде Назарбаевтың оны растағанын айтып берген (М.Аққозин, Аzattyq.org сайты, 30 қараша 2009 ж.).
Енді жоғарыда аты аталған сықақшы Садықбек Адамбековтің ел арасында кең тараған өлеңінен үзінді оқиық:
«Политбюро ішінде
Тұрушы еді сорайып.
Ардақты татар халқының,
Аяулысы кетті Қонаев.
Қазақтың ұлы Ғабиті,
Тас жолға сүйеп иегін,
Күзетіп жатыр Кеңсайда,
Саудагер татар сүйегін»,– дегенін енді балталасаң да өшіре алмайсың («Қазақ үні» газеті, 12.06.2015 ж.).
Жалпы, осындай деректерді ауызға алғанда біз, Сәбетбек айтқандай, Қонаевтың беделін түсіруді көздеген жоқпыз. Бар болғаны Желтоқсан көтерілісінен бөліп қарай алмайтын бірінші басшының өмірін саралау барысында кезіккен фактілерді ғана ортаға салдық. Өз басым Қонаевтың қазақ екеніне шүбәм жоқ. Қалам ұстаған соң, әрқилы пікірлерді зерделеу парызымыз. Пушкинді де арабтан шығарып жүргендер оның орыс ақыны екенін бір кісідей мойындайды. Бірін-бірі айыптамайды. Өзіндік жеке көзқарасы үшін адамдарды айыптау – тоталитарлық режимнің сарқыншағы.
Осы орайда, Сәбетбек Еркінбайұлы кімге не жазу керек екенін нұсқауды теріс көрмейтін жан сияқты көрінгенін жасыра алмаймын. Оның қылығы сәбет кезіндегі «Лито» аталған құпия органның қызметін еске түсіреді. Құзыреті күшті бұл мекеме өкіметтің қолайына жақпаған баспасөздегі пікірлерді жіпке тізіп отыратын еді, жарықтық. Әр нәрсеге шұқшиған бұл кісі де керемет «қырағылық» танытыпты. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, жазушы Сәбит Досанов пен ақын Несіпбек Айтовтың көркем шығармаларындағы Қонаев бейнесін «тас-талқан» етіпті. Журналистика мен әдебиет жанрларының өз ерекшелігі болатынын түсінбейтін Сәбетбек мырза осы қарқынмен кете берсе, өткен ғасырдағы Бұқар жыраудың:
«Әй, Абылай, Абылай,
Атаңды білмес кұл едің,
Ата-тегіңді сұраса,
Арқар ұранды жат едің,
Қай жеріңде төре едің?!» атты толғауын да темір құрсаумен бұғаттап, әдебиеттен аластауға шақыратын түрі бар.
Қайтеміз енді… Кеңестік қасаң жүйеде өскендер үшін ой еркіндігі мен пікір алуандығы деген ұғым жат көрінуі заңдылық. Оларға пенделердің бірдей ойлап, бірдей сөйлеуі, бір сапта жүруі міндет саналады. Саптан шығып кеткендер, басқаша ойлайтындар адамзаттың қас жауы іспетті. Бодандықтың уыты санасына сіңіп қалған мұндай жандардың көзқарасын уақыт та өзгерте алмайды. Кезінде Брежневтің баяндамасына украиндар 64 рет қол соққанын, қазақтар олардан да асып түсіп, 78 рет қол шапалақтағанын естігеніміз бар (қазір де солай).
Жеке басқа табынушылар пір тұтқан адамының басынан құс ұшырмайды. Өлсе де, бірге аттанатындай есін жоғалтады. Солтүстік Кореяның президенті Ким Ир Сен қайтыс болғанда жер бауырлап жылаған, басын тас қабырғаға соғушы құлдар естеріңізде болар. Қатып-семіп қалған санада сілкініс жасау оңай шаруа емес. Өкінішке қарай, бүгінде әрбір министрдің, әкімдердің өз сұрқылтайлары шықты. Табанының бүрі жоқ шалдар жергілікті «көсемчиктердің» көзсіз қаруына айналды. Аста-төк дастарханда қасына отырғызып, қожайын арқасынан қаққанға мәз болатындар кез келген тапсырманы орындауға дайын. Ұмытпасам, ертеректе Алматы облысында «Талдықорғанды облыс орталығы жасау керек емес» деген шу көтерген текесақалдар ұятқа қалған болатын.
Сондай тағы бір келеңсіз оқиға есіме түсіп отыр. 1989 жыл еді. Қылышынан қан тамған Компартия да, Горбачев та, олардың жандайшаптары да мығым отырған кез. Сол жылы 10 қарашада «Қазақ әдебиеті» газетінде «Желтоқсан жаңғырықтары» атты шулы мақаламыз жарияланып, ату жазасына кесілген Қайрат Рысқұлбековтің есімі тұңғыш рет баспасөзде ашық айтылды. Арада апта өтпей жатып-ақ, жамбылдық шалдар батальонынан республика прокурорына шұғыл телеграмма келіп түсіпті.
«Бүкілодақтық Ленин комсомол ұйымының абырой, беделіне нұқсан келтіргені үшін мүшеліктен шығарылған, институттан қуылған, нашақорлығымен, маскүнемдігімен аты шыққан Қайрат Рысқұлбековті ұлттық батыр ретінде насихаттап жүрген журналист К.Табеевті заң жүзінде жауапкершілікке шақыруды сұраймыз.
Мойынқұм ауданының ардагерлері. 16.11.1989 жыл»
Сол күні-ақ Алматы қалалық прокуратурасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Әшірбековтің шақырту повесткасы редакцияда қолыма тиді. Сол күні қылмыстық іс қозғалды. Не деген оперативтілік десеңізші! Жазаландық. Жылдар өте ақталдық. Өткен өтті. Десе де, жазғаныңды теріс бұрмалап көрсетуге құмар кәріқұлақтар бүгін де аз емес екенін сезіндік.
(Жалғасы бар)