Жеке басқа табыну синдромы
«Атасы топқа кірмеген, анасы торқа кимегенді
алтын тонға орасаң да, екі иығы салбырап тұрады».
Халық даналығы
(Соңы. Басы өткен санда)
ҮШІНШІ ҚАЙЫРЫМ. Осы күні билік атаулы жалаулатып жүрген «Қазақстан – жүз ұлттың лабораториясы» деген мақтангершілік ұғым бар. 1967 жылы шыққан Қонаевтың «Советтік Қазақстан» кітабында алғаш рет айтылды. Содан бері ассамблеяның пысықтары еліміздегі ұлттарды 130-ға жеткізіп тастады. Қонаев дәуірінен кем түссе, өлім ғой! «...Қонаевтың жүзден аса ұлт өкілдері тұратынын айтқаны уақытша алдамшы амал ғана», – деп жақауратыпты Сәбетбек. Алдамшы амалы емес, Қонаевтың берік ұстанымы бұл! Кітаптың ішінде жарқын болашаққа бастаған «аға ұлтқа» айтқан шексіз алғысы да жүр. Жалпақшешейлік әншейін. Жарқын болашақ қайда? Біз қайда?
Сол жалпақшешейліктің зардабын осы күнге дейін тартып келеміз. Сорымызға қарай, «аға ұлт» өкілдері біздің достығымызға пысқырып та қарамайды. Асымызды ішіп отырып, «мә, саған достық!» деп, қамшымен бастан бір тартып, сақ-сақ күліп кетеді. Желтоқсан көтерілісінде жарылған жараның бірі осы ұлттар теңсіздігі еді. Бұл жара жазылды деп айту әлі ерте. «Қазақстанның солтүстік өңірі орыстың үлпершегі», «Қазақ деген халық болмаған, шекарасы да жоқ», «Қазақтарға жерді орыстар сыйлаған» деген сияқты сандырақтар Ресей думасынан гүмпілдеп естіліп тұрғанда оның жазылуы неғайбіл.
Халқымызда «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» деген ескерту бар. Аталарымыз босқа айтпаған болар. Жоқ жерден жау іздемейік десек те, елімізде тұратын өзге ұлт өкілдерінің қазаққа деген пиғылының дұрыс еместігі әлсін-әлсін байқалып қалады. Өйткені Столыпин мұжықтары мен тың көтеру жылдарында түрмеден босап келген қылмыскерлердің тұқымдары өткен күндерін ұмытып, «төр менікі» деп астамси бастады. Қазақтың нанын жеп, жерінде шалқып жүргісі келеді. Бірақ шаңырақтың иесі мен киесін сыйлағысы жоқ. Бұл, әрине, Ұлы дала ұрпақтарының намысына тиетіні айтпаса да түсінікті. Қорлыққа шыдамаған жастардың ауық-ауық атойлап, атқа қонып жүрген жанайқайын өз басым жақсы түсінемін. Маятастағы қазақ-күрд, Шелектегі қазақ-ұйғыр, Маловодное ауылындағы қазақ-шешен, Қордайдағы қазақ-дүнген қақтығыстары соның көрінісі. Бірақ биліктің жауырды жаба тоқуымен қазақтардың кінәлі болып шыға келетіні қаныңды тағы қайнатады. Мысалы, Қордайда бар бәлені дүнгендер өздері бастап алып, қарсы көтерілген қазақ жігіттерінің 5-18 жылға кесілгеніне келіспей отыр. Олардың ойынша, бұл жаза тым жеңіл екен. «Біз қай халықтың жерінде өмір сүріп отырмыз?» деген ой дау қуған шіркіндердің қауашығына кіріп-шықсашы.
Міне, жоғарыдағы «Қордайдағы қазақ-дүнген текетіресі – 86-жылдың жаңғырығы» атты мақаламызда ұлтаралық қарым-қатынастың осы бір нәзік тұстарын талдап өткенбіз. Қордай оқиғасы – қазақтың қазақтан басқа досы жоқ екенін, тек ұлттық мүддесі ғана бар екенін тағы да көрсетті. Сәбетбек Еркінбайұлы осыны сезе тұра, сөз арнасын мүлде басқа жаққа бұрып жіберіпті. «Өспейтін елдің қарты қазымыр болады». Әділін айтқанда, асарын асап, жасарын жасаған Қонаев ақсақалдың рухы ешкімнің қорғауына зәру емес. Ал намыс қайрағына жанылған қордайлық жастар дәл бүгін халықтың қорғауына зәру. Қазақтың тілін, заңын мойындағысы келмейтіндерге «Шаңыраққа қара!» деп ескерту айбарлы ақсақалдардың парызы еді. Амал не, Сәбетбек шал ондай қауіпті тақырыпқа қадам баспайтынын байқатты.
Еліміздегі ұлтаралық қарым-қатынасқа түскен сызатты тереңдетпеудің бір жолы бар. Ол – «Бір мемлекет, бір халық, бір тіл» қағидатын басты темірқазық етіп қабылдауға күш салу. Мұны Сәбетбектер хош көрмесе де, біз айтатын боламыз. Халқымыз «Таспен атқанды аспен ат!» дейтін нақылдың қазіргі заманға мүлде үйлеспейтінін сезіне бастады. Әлем күштіні ғана тыңдайды, күштіні ғана мойындайды. Мұны біз әзірбайжандардың Қарабақты қайтарып алған күресінен байқадық. Ер түріктің Ердоғанына арқа сүйеген әзірбайжандар «Таспен атқанды таспен ату» керек екенін көрсетті. Қуатты ел боламыз десек, еңсемізді тіктейік!
ТӨРТІНШІ ҚАЙЫРЫМ. «Қазақтың Желтоқсаны» атты кітабымызда Қонаевтың өзіне сыйлаған тарту-таралғыдан бір сабақ жіп алмағанына тергеушілердің қайран қалғанын атап өткенбіз. Сәбетбек Еркінбайұлы осыған шүйлігіп: «Қайым-Мұнардың бәрін біле тұра, бүгін өз пікірін бірден өзгерткені қалай?» – деп сұрапты.
Қайталап айтайын, менде өз пікірін өзгерту деген ғадет атымен жоқ. Желтоқсан тақырыбын зерттеуді тоқтатуымды талап еткен ЦК да, прокуратура да, КГБ да пікірімді өзгерте алмаған. Қонаевтың жеке басына қатысты көзқарасым да өзгермейді. Қолында билік тұрса да, не жекеменшік саяжай, не көлік алмаған бұл ақсақалға деген ілтипатым бөлек. Ал Қонаевтың саяси қызметіндегі солқылдақ әрекеттеріне берген сыни тұжырымдарым басқа нәрсе. Бұл Сәбетбек жазғандай: «Тағы да Қонаевты кінәлап, күйе жағу» емес. Бұл ел басқарған бірінші басшының қоғам алдындағы іс-әрекеті мен жауапкершілігіне жасалған сараптама талдау.
Автор қыза-қыза келіп: «Кеңестер Одағы тарихында билікте ұзақ отырғанды мойындаған кім бар? Қонаевтан басқа ешкім жоқ. Бұл оның саналылығын, парасаттылығын көрсетеді» деп асыңқырап кетіпті. Міне, жеке басқа табыну синдромы дәл осындай асыра бағалаудан басталады.
Қонаевтың билік шыңында 25 жылдан аса отырғаны рас және ол жалғыз емес. Кеңестер Одағындағы элиталық шенеуніктің бірі ғана. Мысалы, Сталин – 29, Брежнев – 22, өзбек Рашидов – 24, грузин Шеварднадзе 28 жылдай ел басқарды. Соңы немен тынғанын білесіздер, іріп-шіріген қызыл империяның құлауымен аяқталды. Яғни билікте ұзақ отыру саналылық пен парасаттылықтың өлшемі емес. Оны Қонаевтың өзі де мойындаған.
«Жалғыз ғана көзімнің жеткені – көп уақыт билік басында болуға болмайды. Айналаңдағы адамдарды тану түйсігің жоғалады, тың ойларды түсінбейсің немесе қабылдамайсың, өзіңе өзің сын көзбен қарауды қоясың. Сосын, міндетті түрде қателіктер жасайсың, әсіресе кадрлық саясатта», – дегені бүгін де маңызын жойған жоқ («Бірлесу» газеті, 15.09.1990 ж.). Өкініштісі – жаңа заманның бишікештері өткеннен сабақ алмағаны жаныңды күйдіреді.
Тағы бір сөзінде Сәбетбек «Қонаев ұлт мүддесін ашық қорғап, қолдай бастаса болды – «ұлтшыл» атап, саясат сахнасынан тайдырып жіберетін еді. Сондықтан ұлт үшін үндемей жүріп үлкен істі тындырған» дейді. Бұны да талдап көрейік.
Кеңестік режимнің қуғын-сүргінге толы дәуірін бірнеше кезеңге бөліп қарастырған тарих ғылымының докторы, ҰҒА академигі Хангелді Әбжанов былай депті: «Үшінші кезеңі – 1954-1991 жылдар. Бұған әшкерелеу мен бәсеңдеу тән. Себебі социализм ізгіленген жоқ, тоталитаризмнің зәрлі уыты сарқылды. Алайда ұлттық апаттың салдары анық көрінді. Қазақ мектебі, тілі, салт-дәстүрі, ислам діні атасына қымбат, немереге жат бола бастады. Мәңгүрттенгендер жалған саяси мәдениет пен қатысудың арбауына түсті» («Ана тілі», 8-14.04.2021 ж.).
Иә, заман өте қиын болды. Қиын болғанына қарамастан, ұлттық құндылықтарымызды ашық қорғаған ірі тұлғаларды уақыт іріктеп алға шығарды. Мысалы, тарихшы Ермұхан Бекмаханов. «Кенесары Қасымовтың қозғалысын дəріптеді» деген саяси айыппен 25 жылға сотталды. Соның салқыны тиген Қаныш Сәтбаев Мәскеуге кетуге мәжбүр болды. Қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші Есмағамбет Ысмайылов, Қажым Жұмалиев итжеккенге айдалды. Бастары ноқтаға іліксе де, өздерінің халық алдындағы азаматтық ар-абыройларын сақтап қалды.
Қазақтың тағы бір перзенті, министрлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшеновтің де есімін жұрт ұмытқан емес. Солтүстік облыстарды Ресейге қосылудан аман алып қалғанын ол бір жиында: «Тың өлкесі Қазақстанның құрамында, ал Қазақстанды оның орталық партия комитеті мен үкіметі басқарады. Сіз сол партияның мүшесісіз. Мынадай қыңыр мінезді қоймасаңыз, партиядан шығарып, орныңыздан аламыз. Содан кейін баратын жеріңізге барып, арызыңызды айта беріңіз…» деп, шовинист Козлов дегенге табан астында кешірім сұратады.
Ал билік тізгінінен айырылып қалудан сақтанғанҚонаевтың осындай бір ерлік жасағанын ел естіген емес. Ең аяғы Алаш арыстарының жары болғаны үшін АЛЖИР лагерінде азапты бастан өткерген Күләнда Қожанова, Дәмеш Жүргенова, Гүлбаһрам Сейфуллина, Гүлжамал Майлина, Әзиза Рысқұлова сынды т.б. ел аналарына ашық жанашырлық танытуға батылы бармады. Бұдан кейін қандай биіктік туралы сөз айтуға болады?
Айтпақшы, Қонаевтың «Аз и Я» кітабы үшін қудалауға түскен Олжас Сүлейменовті қанатының астына алғанын айтып әспеттейтіндер бар. Шындап келгенде, Олжасты аман алып қалған оның таза орысшылдығы болатын. «Әлемге тек орыс тілі арқылы ғана таныламыз» деген ақынға Мәскеу соншалықты қаһарын төге қоймады. (Орыс тілін мүлде білмейтін ағылшын, неміс, жапондар қалай күн көріп жүр екен десейші?!) Егер Олжас «Шовинизм еді ғой, басты себеп жанжалға!» деп саңқылдаған Қайрат Рысқұлбеков сияқты нағыз патриот болғанда, отаршыл билік оған аяушылық жасамас еді. Қонаев та көмектесе алмас еді. Өкінішке қарай, Олжас сол орысшылдығынан әлі де арылған жоқ, қазақ тілінің өрісін кеңейтуге қасарысып қарсы шығуда.
Қонаевтың «Екінші тың – қой шаруашылығы!» деген жалаң ұраны мыңдаған қазақ жастарының обалына қалғанын бүгінгі ұрпақ біле бермейді. Сәбетбек те аузын аша қоймайды. Өйткені мектепте озат оқыған небір талантты қазақ балаларының жолы кесілді. Қой соңында салпақтап, қарайып қалған қыздар ақыры күйеуге тиіп, жігіттер әскерге кетіп тынды. Құсадан ішкілікке салынып кеткендерін де көзімізбен көрдік. Ал мал бағатын комсомол жастар бригадаларында бірде-бір орыс өкілі болмады.
Қазақтарды ауылдан ұзатпауды көздеген кеңестік зымиян саясат «прописка» дегенді ойлап тауып, қыз-жігіттерді қалаға кіргізбеді. Осы сорақылықтың бәрін республика басшысы Қонаев білмеді дейсіз бе? Білді. Атың өшкір «прописканың» күшін жоюға дәргейі жетіп тұрса да, қайрат көрсетпеді. Соның салдарынан 1 миллион халқы бар Алматыда Желтоқсан қарсаңында қазақтар 16 пайызды әрең құрады. Соломенцев деген сұмпайы осының өзін «өте көп» деп ойбайлады. (Сол кезеңде көрші Ташкентте қазақтың үлесі 14 пайыз болған).
Сондықтан Сәбетбектің «Қонаев ұлт үшін үндемей жүріп үлкен іс тындырды» дегені жай дақпырт қана. Кеңестік заманда алып империяның өсіп-өркендеуі, дамуы Мәскеудің жоспарлы экономикасына тікелей тәуелді болды. Қазақ негізінен мал бақты, өзбек мақта өсірді, қырғыз жеңіл тоқыма кәсібін дамытты. Белорус, украиндар машина жасау өндірісімен айналысты. Иә, әділдік үшін айта кетейік, КСРО-да білім беру, медициналық жәрдем, баспана тегін болды. Ауылдардағы жағдай бүгінгіден көш ілгері тұрды. Әрбір кеңшарда емхана, мәдениет ошақтары жұмыс істеді. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ бодан елдердің барлығына тән ортақ қасірет – рухани азаттық болмады. Бірдей форма киетін, біркелкі ой ойлайтын сәбеттік қоғам ақыры тоқырауға ұшырады.
Осы күні «Қонаев 40 қала салдырды» деген бір асыра мадақтау ара-тұра естіліп қалады. Иә, қалалар салынды. Байқоңыр, Курчатов, Жәйрем, Теміртау, Хромтау, Рудный, Риддер, Лениногор… Мәскеудің нұсқауымен бой көтерді. Қазақтар қаласа да, қаламаса да, бәрібір салынатын еді. Қонаевтың қатысы – орталықтың саясатын асыра орындаумен шектелді. Стратегиялық маңызы бар шағын қалалардан қазақтар таза пайда көрді десеңіз, тағы қателесесіз. Тікелей орталықтан жабдықталатын елді мекендердің басым тұрғындары кімдер болғаны белгілі. Өндірілген алтын, күміс, мыс, уран, қару-жарақ, танк бөлшектері тонналап Ресейге пойызбен жөнелтіліп жатты. Оған миллиард пұт астық пен өлшеусіз ет-майды қосыңыз. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан экономикасы Орта Азия елдері сияқты шикізат базасы бағытында ғана дамыды.
Өзім көзім көрген, Алматы қаласынан үш жүз шақырымдай жердегі Үлкен поселкасы туралы сөз қоса кетейін. Балқаш көлінің батысында орналасқан Үлкенді жергілікті жұрт болмаса, республика халқы мүлде естімеді десе де болады. 1989 жылы шілде айында алғаш рет табанымыз тиіп, «Картада жоқ қала» атты мақала жаздым. Кіру үшін рұқсат алудың өзі қандай қиындыққа түсті десеңізші. Бұл жерде атом электр станциясы салынбақшы болғанын сонда ғана білдік. Қарап тұрсам, қазіргі уақытта 52 зауыт салмақшы Қытаймен бәсекелестікті көздеген Ресей әлі сол ниетінен қайтпапты. Қаланы қайта жаңғыртып, болашақта «Росатом» компаниясы АЭС тұрғызуға жанталасып жатыр. Ұлыорыстық империялық пиғылдың әлі де қауіптілігін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Автордың «Ұлттық кадрлар Қонаевтың кезінде ғана көбейді» дегені де әсіреқызыл сөз. Түрі қазақ, тілі орыс, атасын танымас ұлтсыз партократтар, анасын танымас комсомолдар өсіп шыққанын көзіміз көрді. Ұшар басы Кремльге барып тірелетін билік пен оның жер-жердегі қолшоқпарлары – ЦК хатшылары, министрлер, парткомдар, шаруашылық пен ұйым жетекшілері тек қызыл идеологияға қызмет етті. Соның өтеуіне коммунист шенеуніктер жай адамдарға қарағанда ауқатты өмір сүрді. Еңселі үйлер, сауыры астаудай автокөліктерді иеленді. Мансапқорлық, трайбализм, парақорлық өрістеді. Олардың құйыршықтары бүгінгі күнге жетіп, әкім, директорлар – кәсіпкерге, партком, рабачкомдар – сақалын сауған дін өкілдеріне айналды.
Сәбетбек термелеп жазған билік айналасындағы кикілжің, өсек-аяңға тоқталғым да келмейді. Қоневтың Горбачевтың қабылдауында болғаны, қызметінен босату жөнінде өтініш бергені, оған бас хатшының не дегені – бәрі-бәрі жауыр болған тақырып. Іріп-шіріген социализмнің көсемдері биліктен тайдырылған соң, бірін-бірі айыптаудан, өш алудан аса алмады. Қонаевтың 1994 жылы жарық көрген «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты кітабы да сол сарынды жалғастырған. «Жау кеткен соң, қылышыңды боққа шап» дейді қазақ. Режимнің күшті кезінде, желтоқсандықтар топ-тобымен абақтыға қамалып жатқан 1987-88 жылдары жарияланса бір сәрі, Кеңес өкіметінің сүйегі қаусап қалғаннан кейінгі шыққан кітаптың саяси салмағы да шамалы. Негізінен, бұл кітапты мықты журналист Серік Әбдірайымов әдеби өңдеген (жазып берген). Шұрайлы мақал-мәтелдер қосып, көп өткір нәрсені жұмсартып көрсетуге күш салғаны байқалады. Әйтпесе біз білетін Қонаев өмірінде съезд, жиналыстарда ешқашан қазақша төгілтіп баяндама жасаған емес. ТҮЙІН. Мақаласының соңында Сәбетбек Еркінбайұлы менен: «Ал Кенесары хан неге патша ағзаммен он жыл бойы соғысты? Сен осыны ойландың ба?» деп ой тастай сұрапты.
Иә, ойландым. Кенесары – он жыл емес, ат жалын тартып, ерге қонған күннен бастап, бүкіл ғұмырын қазақтың бас азаттығына арнаған оғлан. Арада екі ғасырдай өтсе де, туған халқы батырды сол қайсарлығы үшін ұлық тұтады. «Хан Кененің бас сүйегі қайтарылуы мүмкін» деген ақжолтай хабарды естігенде, қазақтың дүр сілкінгені де содан!
Ал ширек ғасыр алтын тақтың үстінде мамыражай тірлік құрған Қонаев қазақ үшін Кенесары бола алмады. Бүкіл түркі дүниесін жаңғыртуға бастаған Ататүрік те бола алмады. Міне, оның тарих алдындағы олқы тұсы.
Осыны білетіндер қолдан аңыз туғызып, «Қонаев бес уақыт намаз оқыған, ораза тұтқан, дәретпен жүрген еді» деген секілді адам сенгісіз дақпырттар таратып жүр. Кеңес өкіметі құлаған соң, бұлт етіп аунап, шала молда атанған парткомдардың, ауылнайлардың шыққаны рас. Кейбірі хандар мен батырлардың шырақшысы болып нәпақа тауып жүр. Бірақ басынан бақайшығына дейін атеист болған №1 коммунистен әулие жасау, оған табыну – бұл енді барып тұрған надандық.
Қонаевтың дәуіріне сын айту оның шапағатын көрген шен-шекпенділерге ешқашан ұнамайтыны түсінікті. Алайда «Платон менің досым, бірақ ақиқат одан да қымбат». Қаншама алас ұрғанымен, Сәбетбектердікі ғана дұрыс, басқаша ойлағандардыкі бұрыс дейтін кезең өтіп барады. Жеке басқа табыну синдромы да келмеске кететін күн алыс емес.
Сол күннен бастап Тәңірден басқаға табынбаған арыстан жүректі қазағымның басына бақ-береке қонып, байырқылаған заман орнайтынына сенгім келеді.