Жеке өмірдің жария драмасы
Күні кеше бір әзілкештің экс-әйелі сұхбат беріп, күйеуінің бар «былығын» ашып тастады. Сол сұхбаттың YouTube желісіндегі қаралым саны бүгінде үш миллионға жуықтапты.
Осы күнге дейін «жұлдызға» балап жүрген әзілкештің «пасықтығын» естіген жұрт күйініп, оның әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп жатыр. Бұл мұндай кейстің алғашқысы емес. Осыдан бірер апта бұрын көпшілік тағы бір «жұлдыздың» экс-күйеуі берген сұхбатты жік-жапар боп бөлініп, өзара талқыға салған-ды. Біресе ананың, біресе мынаның, енді бірі басқа бір «жұлдыздың» отбасы мен қарым-қатынасы туралы түрлі пікірлер әлеуметтік желілерде желдей есіп, таралып жатады. Бірі ақтайды, бірі күстаналайды, енді бірі күлкіге айналдырады.
Бұрын мұндай әңгімелерді ауыл арасында, көрші-қолаңның аузында жүретін «өсек» деп атасақ, қазір әлеуметтік желі сол «өсекті» қоғамдық деңгейге шығарып жібергендей көрінеді. Бір адамның жеке басындағы жағдай әп-сәтте бүкіл елдің талқысына түсіп, қоғамдық резонанс тудырады. Мейлі. Бұл заманауи медианың табиғаты делік. Әйтеуір қазір жаңалық неғұрлым эмоцияға толы болса, сұхбаттағы кейіпкер жыласа, «шындығын» ашса, соғұрлым тез тарайды, ұзақ талқыланады. Сол себепті де журналистика мен блогингтің кейбір түрі сарыжағал бағытқа ойысып бара жатқанына да біраз уақыт болды. Экс-жұбайлардың сұхбаты, көз жасы, айыптауы, ақталуы – бәрі де көрерменнің көңілін селт еткізіп, қаралым әкелудің тағы бір тәсіліне айналып отырғаны жасырын емес. Бәлкім, қоғамның өзі де соған сұраныс жасап отыр ма дерсің. Әйтпесе өзі 20 миллион халықтың үш миллионға жуығы қызыға қарайтын бұл сұхбаттың алып бара жатқан керемет ештеңесі жоқ. Жалпы мұндай құбылыстың себебі неде дерсіз? Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев отбасылық мәселелердің қоғамдық мәселеге айналып кетуіне себеп көп дейді. Маман ең әуелгі себеп – қоғам құндылықтарының өзгеріп жатқанын, ескі мен жаңаның күресі екенін алға тартты.
Саяси шектеудің, сөз бостандығының аздығының көрінісі
«Жұлдызды отбасылардың ішкі мәселелері мен жанжалдарының қоғамда қызу талқыға түсіп, талдануы – тек бізде ғана емес, күллі әлемде бар, кеңінен етек алып отырған құбылыс. Сондықтан да шығар бізді бұл жанжалдың ешқайсысы айтарлықтай таңғалдырды дей алмас едім. Елдің алдында жүрген азаматтардың өмірінде боп жатқан оқиғалар мен оқыс дүниелер әрқашан қызығушылық тудырып, арты талқыға ұласады. Әуелден солай. Ал біздің контекске салып қарастырсаң, аз-маз ерекшелік бар. Не үшін басқа жаңалық жоқтай елдің бәрі солардың мәселесін талқылап кетті дерсіз. Себебі елдегі қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты шектеу көп. Қоғамдық-мәселелерге келгенде еркін пікірге орын аз. Медиадағы жазуға болмайтын тақырыптар тізімі жылдан-жылға көбейіп бара жатыр. Бақылау мен қадағалау күшті болғандықтан, медианың жазатын тақырыптары шектеулі, аясы тар. Ал кез келген медиа мен басылымға аудитория, жиналым мен қаралым, лайк керек. Мұндай жағдайда басылым атаулының бәрі жазатын тақырып шыға келгенде бірінен-бірі қалып кетпеу үшін жаппай жаза жөнеледі. Осылайша бір қарағанда бізде бұдан басқа мәселе жоқ сияқты боп көрінеді. Міне, айналып келгенде бұл үрдіс саяси шектеудің, медиа кеңістіктегі сөз бостандығының аздығымен байланысты екенін атап өтпеске болмас. Мен үнемі «біздің қоғам – құндылықтары өзгеріп жатқан қоғам» деймін. Жаңа мен ескінің күресі жүріп жатыр. Дәстүрлі түсініктер, құндылықтар қирап, кей институттардың құрылымы өзгеріп, қоғам жаңаша көзқарас қалыптастыруда. Сәйкесінше, ер мен әйелдің қарым-қатынасы, отбасы туралы құндылықтар қайта қалыптасып жатыр. Ескірген түсініктердің орнын жаңа түсініктер, көзқарастар басты. Ең қарапайым мысал ретінде – отбасындағы ер мен әйелдің рөлі мен қарым-қатынасы туралы түсініктерді алып қарасақ болады. Екеуі тең болуы керек пе әлде ерден әйел төмен тұруы керек пе, үйдің жұмысын кім атқарады, баланы кім тәрбиелейді деген сынды сұрақтарға қайта жауап іздеп жүрміз. Заманға, жаһандандық мәдениет және урбанизация процестері кей түсініктердің алмасып, қоғамдық құндылықтарды қайта қарауға ықпал етіп отыр. Мәселен, соңғы онжылдықта ажырасу саны артқан. Бұл дегеніміз, неке туралы норманың өзгеріп жатқанының белгісі. Мұндай норма өзгеріп жатқан кезеңде мұндай жаңалықтар, жанжалдар мен тақырыптар қоғам қызығушылығын тіпті күшейтетін сияқты. Кейбіреулер жаңа норманы қабылдайды, бірі қабылдағысы келмейді. Солай жік-жікке бөлініп кетеді. Қоғам өзгерді, құндылықтар өзгерді. Сондықтан мұндай мәселелер әлі де талқылана береді.
Оның үстіне, әлеуметтік желілердің, цифрлық технологиялардың дамуы бұл құбылысты тіпті өршіте түскен сияқты. Қолында смартфоны бар әр адам қазір кез келген тақырыпқа еркін пікір қоса алады. Әсіресе отбасы, ажырасу, сатқындық, әйел мен ердің қарым-қатынасы ешқандай экспертиза не арнайы білімді талап етпейтін еркін тақырыптар. Әркім көптің бірі ретінде өз ойын білдіруден қорықпайды. Мен де, сіз де өз ойымызды білдіргіміз кеп тұрады. Әркімнің өз айтары бар. Саясат туралы жазудан қорықсаңыз не білімім жетпейді деп түйсеңіз, үнсіз қаласыз. Ал мұндай тақырыптарға әркімнің өз айтары бар, әлеуметтік желіге кіресіз де, пікіріңізді қалдыра саласыз. Солай центрифуга секілді айналып кете береді. Ақырында, көптің пікірі жиналып кеп, үлкен бір толқын тудырады. Осындай бірнеше себепті, факторды атап өтсе болатын сияқты», – дейді маман.
Мұндай құбылыс қазақ қоғамында ғана емес, күллі әлемге ортақ. Жұлдыздардың жеке өмірі, үйленгені мен ажырасқаны, баласы, болмысы туралы жаңалықтар қашан да, қай қоғамда да өтімді болған. АҚШ-та немесе Кореяда, тіпті Жапонияда да атақты адамдардың жеке өмірі, отбасындағы қиындықтары, күйзелісі мен күйреуі жаңалықтардың басты тақырыбына айналып жатады. Бір ғана айырмашылық – бізде мұндай контент этикалық сүзгіден өтпейтіні сияқты. Батыс медиасында жеке өмір туралы хабар тарату белгілі бір шектеумен, факт пен балансты ұстану арқылы берілсе, бізде қазір жай ғана эмоцияның өзі – контент. Әйтеуір қазір де қазақ қоғамында сарыжағал тақырыптар мен жаңалықтардың дәуірі жүріп тұр. Қайта-қайта таратылып, TikTok-та үзіндіге бөлініп, мемге айналады. Ақыр аяғында жастар «шалыс басқан жұлдыздарды» кәнсілдеп тастайды. Бұ не дерсіз? Осындай сарыжағал жаңалықтар тудырған жаңа мәдениет. Былайша айтқанда, айыптау науқаны. Әлеуметтік желіде қоғам болып танымал адамның қызметінен жаппай бас тарту, онымен жұмыс істейтін үшінші тарапқа қысым көрсету Батыстан келген тәжірибе екені айтылады. Ол жақта мұны cancel culture немесе бас тарту, шеттету мәдениеті деп атайды. Соңғы кездегі жаңалықтарға байланысты «кәнсілге» ұшыраған жұлдыздардың саны тіпті артып кетті.
Қазақ қоғамында шеттету немесе бас тарту құбылысы бұрыннан бар сияқты. Мысалы, «Қалқаман – Мамыр» дастанында дәстүрді бұзғаны үшін екі жастың өлім жазасына кесіліп, Қалқаман жұртынан бас сауғалап қашқанын, «Қыз Жібек» жырындағы Төлегенге қастық жасағаны үшін елі теріс айналған Бекежанның образын осы концепт аясына кіргізуге болатындай. Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев:
«Мұндай құбылыс, байқасақ, «кәнсіл» мәдениетін дүниеге әкелді. Кәнсіл дегеннің өзі де әлеуметтік-моральдық жазалаудың бір түрі ғой. Бұл бірақ бүгін не кеше дүниеге келген мәдениет емес, адам жаратылғалы бері бар құбылыс дер едім. Мәселен, ежелгі тайпаларда біреу қалыптасқан норманы әлде әдепті бұзса, адамдар өзінше жазалайтын. Мазақ етеді, әжуалайды, келеке етеді не ең қатаң жаза ретінде тайпа не қауымдастықтан шығарып тастайтын. Қазір бұл жаһандық деңгейде көрініс тауып отыр. Себебі қазір кімнің не дегені, кімнің не айтқаны көз алдымызда. Сәйкесінше, адамдар ұнамаған адамына осылай әлеуметтік-моральдық санкция салады. «Мына адамдікі дұрыс емес», «Ұнамайды», «Өз қатарымызға қоспайық» дегендей кәнсілдеп жатады. Не үшін десек, мұны қайтадан әлеуметтік желілер мен цифрлық технологияның дамуымен байланыстыра аламыз. Соның салдары. Цифрлық технологиялар табиғатымызда әуелден бар нәрсені үлкейткішпен көрсетіп отыр, оған жаңаша леп беріп отыр. Әйтпесе сол жүз жыл әлде мың жыл бұрынғы қоғам, тек мұндай құбылыстардың масштабы, салдары басқаша», – дейді.
Хош. Қоғамдағы бұл құбылысты мәдени өзгеріс ретінде де қарастыруға болатын сияқты. Бұрын «жұлдыз» атаулының өмірі мифке, құпияға құрылса, қазіргі «жұлдыздар» мейлінше анық, халыққа мейлінше жақын. Қазіргі жас сонысын талқылайды, қызығады. Танымалдылығы мен байлығы көз тартады, өнерінен гөрі, ішкені мен жегенін талқылауға құмар. Замандасым, филолог Арайлым Зеберхан бұл құбылысты медианың белгілі бір стратегиясына балайтынын айтты.
Қоғамның ішкі сұранысы
«Шынында қазір «қайда барсаң Қорқыттың көрі» дегендей-ақ, әлеуметтік желіміз – жұлдыздарды талқылау алаңына айналды. Бұның дұрыс та, бұрыс та жағы бар. Бірақ, меніңше, жеке отбасылық мәселе қоғам болып талқыланатын кез – ең алдымен қоғамнан қолдау күткен уақыт. Адам кейде өз мәселесін ашық айту арқылы көпшіліктен түсіністік, жанашырлық іздейді. Бұл әлсіздік емес, қайта сенім мен үміттің көрінісі деп ойлаймын. Қоғам да ондай сәтте сынаудан гөрі, түсіністік пен қолдау білдірсе, ол адамға үлкен моральдық демеу болады. Енді бұған керісінше қарасақ, оқып отырған адамның да басында осы жай орын алып жатуы мүмкін, бұл да қандай да бір деңгейде көңілге батылдық пен сенім ұялататыны сөзсіз.
Көп айтылар: «Қызға қырық үйден тыйым» деген мәтел де осы тұрғыдан ой салатын сияқты. Осы тұста қыз деп бөлмей адам деп ұғынсақ, астарында шектеу емес, керісінше, қызды да, ұлды да қауым болып тәрбиелеу, қорғау, қолдау идеясы жатыр. Яғни, мәтел мәнінде әр үй, әр адам өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, амандығына жауапты деген түсінік бар. Жоғарыда атағанымыздай, бүгінде бұл қағиданы тек қызға ғана емес, жалпы ұрпаққа қарата айту орынды. Себебі қазіргі қоғамда әр жас – орта жауапкершілігінің айнасы. Сондықтан мұндай мәселелерге «қырық үйден тыйым» емес, «қырық үйден қолдау» көрсеткеніміз абзал.
Ал біздің буын, яғни, мен және менің замандастарым, мұндай мәселелерді, иә, талқылаймыз, бірақ көбіне қызу пікірталасқа емес, байыпты талдауға бейімбіз. Әлеуметтік желідегі шуға ілесіп кетпей, мәселенің түпкі себебіне үңілуге тырысамыз. Біз үшін жеке өмірді талқылаудан гөрі, қоғамның неге бұған мән беріп отырғанын түсіну маңыздырақ. Менің ойымша, отбасылық мәселелердің қоғамдық мәселеге айналып кетуіне бірнеше себеп бар. Ең алдымен, бұл қазіргі қоғамның ақпаратқа деген жоғары сұранысының көрінісі. Әлеуметтік желілер мен медиа кеңістігі адамдарға әрбір оқиғаны лезде таратып, көпшіліктің пікір айтуына мүмкіндік берді. Осылайша, бұрын жеке әңгіме деңгейінде қалатын дүниелер бүгінде бүкіл қоғам талқылайтын тақырыпқа айналып отыр.
Екіншіден, көп жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары мен блогерлер рейтинг пен көрілім арттыру үшін дәл осындай отбасылық, эмоционалды тақырыптарды әдейі алға шығарады. Өйткені қоғамның қызығушылығы жеке өмірге, драма мен сенсацияға көбірек ауады.
Ал үшіншіден, бұл қоғамның ішкі сұранысының да белгісі. Кейде адамдар өз өмірінде айта алмай жүрген, басынан өткерген ұқсас мәселелерді өзге біреудің тағдырынан көреді. Сөйтіп, сол арқылы өз ойын білдіріп, әділдік іздейді, тіпті өз сезімін жеңілдетеді. Яғни, мұны тек саясаттың немесе медианың айласы деп қарау біржақты болар еді. Бұл әрі ақпараттық дәуірдің, әрі қоғамның рухани-психологиялық ахуалының көрінісі. Ең маңыздысы – мұндай тақырыптар тек талқылау үшін емес, адамға түсіністік пен қолдау білдіру үшін қозғалғанда ғана қоғамға шынайы пайда әкеледі», – дейді Арайлым Зеберхан.
Сарыжағал жаңалықтардың кең таралуы – қазіргі замандағы сөз бостандығының да, ақпараттық қоғамның да бір қыры десек, бұрын мұндай жеке, тұрмыстық не отбасылық мәселелер жабық күйде қалатын. Арайлымның айтуынша, бүгінде әр адам өз пікірін ашық айтып, өз көзқарасын жария түрде білдіруге мүмкіндік алды. Бұл сөзсіз, қоғамның бір жағынан ұтқан тұсы. Иә, сөз бостандығы бар жерде пікір алуандығы, ой еркіндігі, азаматтық белсенділік пайда болады. Адамдар үнсіз қалмай, қоғамдағы әділетсіздікке, теңсіздікке немесе моральдық мәселе болса да, үн қатып отыратыны рас. Дегенмен қос қыры барын ұмытпаған жөн дейді
«Бірақ бұл құбылыстың екінші жағы да бар. Ақпарат тасқынының шексіздігі кейде сөз бостандығын жауапкершіліксіз пікір айту деңгейіне дейін түсіріп жібереді. Мұндайда адамдардың пікірі қоғамда салмақты талдау емес, эмоция мен шу тудыруға бағытталады. Мұның салдарынан ақиқат көмескіленіп, маңызды тақырыптардың мәні жоғалады. Яғни, қоғам бір жағынан ұтады, өйткені адамдар өз ойын ашық айта алады, қоғамдық пікірдің қалыптасуына қатысады. Бірақ екінші жағынан ұтылады. Себебі талқылаулардың мазмұны таяздап, ақпарат тұтыну мәдениеті әлсірейтін сияқты.
Менің ойымша, сөз бостандығы өте құнды ұғым. Бірақ ол жауапкершілікті де талап етеді. Егер әр пікір этика мен парасат сүзгісінен өтсе, қоғам шын мәнінде дамиды. Ал егер сөз бостандығы өсек пен айыптауға айналса, ол мәдениет емес, мәдени дағдарыс. Біз кейінгісіне ауып жатқанымыз анық», – дейді Арайлым Зеберхан.
ӨЗІМІЗДІ БАСҚАМЕН САЛЫСТЫРА ОТЫРЫП, ҚОҒАМДАҒЫ ӨЗ ОРНЫМЫЗДЫ АНЫҚТАЙМЫЗ
Ең қызығы, мұның барлығы қоғамның өз ішіндегі психологиялық шаршау мен сенім дағдарысынан да хабар беретіндей. Адамдар әлеуметтік әділетсіздікке, өмір сапасына, экономикалық қысымға тікелей әсер ете алмайды, сондықтан өз бақылауындағы жалғыз сала – ақпараттық кеңістіктегі талқылау мен пікір айтуға көшеді. Мұндай құбылысты психолог Амангелді Мейрамбек әлеуметтік компенсацияның бір түріне балайды. Яғни, адамдар қоғамдағы белсенділікті басқа біреудің жеке өмірін бағалау арқылы сезінеді. Бұрын мұндай ақпараттар газет-журнал арқылы баяу тараса, қазір әлеуметтік желілердің дамуы бұл процесті шектен тыс жылдамдатып жіберді. Себебі әлеуметтік желі ақпаратты тек жеткізуші емес, оны күшейтуші, эмоцияны таратушы ортаға айналды. Енді бір адамның пікірі бірнеше сағат ішінде миллиондаған адамның талқысына түседі.
«Ажырасу, «жұлдыздардың» өмірі жайлы өсек-аяң, сатқындық пен адалдық, тоқал алу, оны заңдастыру, тағы басқа жанжалдардың бүгін не кеше басталмағанын білеміз. Әуелден бар құбылыс, көптен келе жатқан жағдай. Ең алдымен, адам табиғатынан басқа адамдардың өміріне қызығады. Бұл қызығушылықты «әлеуметтік салыстыру» деп те атасақ болады. Яғни, біз өзімізді басқамен салыстыра отырып, қоғамдағы өз орнымызды анықтаймыз, соны нақтылаймыз. Ал мұндай шоу-бизнесте жүрген танымал адамдарды көпшілік таниды, олардың өмірін талқылау арқылы адамдар өздерін де сол өмірмен салыстырып көреді. Солай біреудің жеке өмірі жайлы әңгімені бірге талқылау адамдарды біріктіреді, ортақ тақырып тауып береді. Осылайша қоғам өзара бірігіп, қазір танымал боп жатқан оқиғаларды талдап, көзқарас қалыптастырады, өз пікірін айтады. Әлеуметтік желілердің дамуы мұндай құбылысты тіпті ушықтырып жіберді. Қазір әркім өзі би, өзі қожа. Пікірін ашық айта алады, түйгенімен бөліседі. Осы орайда баспасөз беттері мен медианың үлкен ықпалы бар екенін де атап өткен жөн. Қоғамдық сұраныстан туады деуге келмес. Халыққа ұсынып жатқан контенттің басым бөлігі осы «жұлдыздардың өмірі» болғандықтан, амал жоқ, көпшілік соны қарайды. Қызығушылық туады, бұл қызығушылықты медиа мен әлеуметтік желілер өте жақсы пайдаланады. Қазіргі ақпараттық кеңістікте ең өтімді «тауар» – эмоция. Адамдарда ашу, аяныш, таңдану секілді сезім тудырған контент тез тарайды, қаралым мен пікір көп жинайды. Сол себепті медиа стратегия ретінде адамдардың жеке өмірін жиі тақырыпқа айналдырады. Бұл аудиторияны ұстап тұрудың, яғни, экономикалық табыс табудың бір жолы. Ақпарат құралдары қоғамның назарын нақты әлеуметтік мәселелерден гөрі жеңіл, бірақ эмоционалды тақырыптарға бұрып жібереді. Бір қарағанда, солардан сұхбат алып отырған журналист үлкен мәселені шешіп отырғандай көрінеді. Дегенмен, шын мәнінде, мәселені шешіп жатқан жоқ, қайта мәселені одан сайын ушықтырып, отқа май құйып отырғанын өзі де байқамаған шығар. Жамандықты жария еткен сайын қоғамға сіңе береді. Бұл дегенің, қылмыс, ал соны жария етіп жатқан басылымдар қылмыстың сыбайласы іспетті. Атын атамай-ақ қояйын, сол журналист подкасты бастар алдында ғалымдарды шақырамыз, психологияны қозғаймыз деген-ді. Бірақ кейін өзіне ұнайтын адамдардан ғана сұхбат алып, қаралым мен коммерцияның соңынан кетті», – дейді психолог.
Қалай десек те, танымал адамдардың жеке өмірін қызу талқылау заманауи медиа мен қоғамның бірлескен «өнімі» сияқты. Бұл үрдіс тоқтамайтын шығар, тек оның бағытын өзгерту қоғамның өзіне тікелей байланысты секілді. Егер қоғам талғамын тәрбиелеп, ақпаратқа сын көзбен қарауды үйренсе, бәлкім, біртіндеп айқай мен айыптаудан арылып, парасатты талқыға көшетін шығар. Кім білсін?
Дайындаған
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ