Жекеменшік және мемлекеттік әріптестікті жолға қоя алдық па?

Қазақстан жекеменшік және мемлекеттік әріптестік аясында бірқатар жұмыстарды жолға қойып келеді.
Бұл орайда жекеменшік кәсіпкерлерге жағдай жасау, инвесторлар тарту, бизнес пен банк арасындағы байланысты нығайту, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету шаралары атқарылған. Десе де, елдегі жекеменшік және мемлекеттік әріптестікті жолға қою үшін болашақта қандай ізденістер керек?
Мәселен, 2020 жылы коронавирус пандемиясымен байланысты экономикалық дағдарыс Қазақстанның экономикалық өсуінің дамуында өз ізін қалдырды. Экономиканы қалпына келтіру үшін ел үкіметі бірнеше шешім қабылдады және олардың бірі мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту болды. 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Заңның қолданысы басталған сәттен бастап Қазақстанда 1,5 трлн теңге сомасына МЖӘ туралы 864 шарт жасалды.
«Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ вице-президенті Талғат Тұрсынбаевтың айтуынша, бұл, ең алдымен, коронавирустық инфекция пандемиясы кезеңінде көптеген жобалардың тоқтатылуына байланысты.
«МЖӘ-ні дамытудың жүйелілігі мемлекет көтеретін шарттар немесе міндеттемелер санының өсуіне ғана емес, сонымен қатар жобалардың тиімділігіне де байланысты», – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ Талғат Тұрсынбаев егер шарт бойынша бизнес өкілі өз міндеттемелерін толық көлемде орындайтын болса, онда мемлекетте шарт шеңберінде көзделген қаражатты төлемеу бойынша қандай да бір негіз жоқ екенін атап өтті.
«Сондықтан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік – бұл қазір әлемде болып жатқан оқиғалар кезінде қауіпсіздіктің белгілі бір аралы деп айтуға болады» дейді ол.
Бұдан бөлек, Қазақстанда МЖӘ-нің қандай түрлері бар және олар қалай енгізілуде деген сауалдарға жауап іздеп көрсек, МЖӘ жүзеге асыру тәсілі институционалдық және келісімшарттық болып бөлінеді. Бүгінгі таңда келісімшарттық МЖӘ ең белсенді қолданылады. Келісімшарттық МЖӘ мынадай түрлерде іске асырылады. Елде келісімшарт бойынша мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару; мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу); лизинг; технологияны әзірлеуге, тәжірибелік үлгіні дайындауға, тәжірибелік-өнеркәсіптік сынауға және шағын сериялы өндіріске жасалатын шарттар жиі жасалады. Ал институционалдық МЖӘ-ні МЖӘ шартына сәйкес МЖӘ компаниясы іске асырады. Қазіргі уақытта институционалдық МЖӘ әлі енгізу сатысында, әзірлеушілер оны қолдану мүмкіндігін зерттеп жатыр. Мұндай тетік бизнес-қоғамдастық пен мемлекеттік органдардың өкілдерін МЖӘ стандартты жобалары бойынша құжаттаманың көлемді пакеттерін әзірлеуден және көптеген сараптамалар мен келісімдерден өтуден құтқаруға мүмкіндік береді.
Қазақстанда мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері экономиканың барлық салаларында жүзеге асырылады. Жеке сектордың МЖӘ тетігіне қызығушылығы өзгеріп келеді. Айта кету керек, жеке сектор ешнәрсемен шектелмейді. Кез келген әлеуметтік бағыттағы жобалар орын алуы мүмкін. Мысалы, энергетика, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, туризм, мәдениет салаларында жекеменшік және мемлекеттік әріптестікке мүкіндік бар. Әлеуметтік жобалардың тартымдылығын арттыру үшінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік орнатуға болады. Сонымен қатар, МЖӘ жобаларында жеке сектор қосымша табыс алу үшін коммерциялық үй-жайларды орналастыруға мүмкіндігі бар. Тәжірибе көрсеткендей, жеке инвесторлар Денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы жобаларды бастауға дайын.
Бүгінгі таңда МЖӘ құралы ашық, икемді және сонымен бірге халықтың әл-ауқаты мен өмірін сақтау сияқты маңызды міндеттерді шешуде өте маңызды. МЖӘ тетіктері мемлекет үшін де, бизнесті дамыту үшін де бірқатар артықшылықтар береді. Екі жақтың да қызығушылығы түсінікті. Жеке сектор үшін жаңа инвестициялық мүмкіндіктер және тиісінше жаңа кіріс көздері ашылуда. Мемлекет әлеуметтік маңызы бар объектілерге салынған жеке капиталдың көмегімен бюджетті оңтайландыра алады, осылайша қаржылық жүктемені өзінен алып тастайды.