Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:30, 11 Наурыз 2025

Жекеменшік балабақшалар бала кезегін шеше ала ма?

балабақша
Фото: ашық дереккөз

Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет көрсету мен әлеуметтік салаларды қамту тек мемлекеттік мекемелер арқылы ғана емес, жеке сектор арқылы да орындалып жүр.

 Осы қажеттілік пен комбинациядан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік ұғымы пайда болды. Яғни мемлекеттік органдар мен жеке сектор өзара байланыста жұмыс істеп, ресурстарын біріктіріп, қандай да бір жобаны жүзеге асырады. Әдетте, бизнес мемлекет құзыретіндегі қызметті алып, атқарады. Соның ішінде әлеуметтік қызметтер көрсету мен инфрақұрылым салу жағы танымал.

Негізінен, мектеп, аурухана, балабақша салып, оның қызметін бақылауда ұстау бюджетке біраз салмақ түсіреді. Әсіресе халық саны жыл санап артып, сұраныс күрт көбейген шақта. Инфрақұрылым да дәл солай. Ресми деректер Қазақстандағы инфрақұрылымның тозу деңгейі өте жоғары дегенді айтады. Жедел істелуі керек жобалардың өзі өте ауқымды. Сондықтан мемлекет бұл салаларға кәсіпкерлерді тартады. Тағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да өсім бар. Бұл ШОБ-ның дамуына да серпін бере алады. Қиындықтар туындамас үшін мемлекет кәсіпкерлерге заңнамалық қолдау көрсетеді, қаржылай жеңілдіктер жасайды немесе несие береді.

Бұл қадам әуелі Ұлыбританияда танымалдылыққа ие бола бастаған. Сонау 1990 жылдары билік кәсіпкерлерді мемлекеттік жобаларды қаржыландыруға белсенді түрде тартқан. Соның ішінде жол салу, мектеп пен ауруханалар құрылысы актуалды еді. Одан кейін АҚШ-та жол жөндеу, теміржол мен көпірлер салуда қолданылды. Осы ізбен әлем елдері бірінің артынан бірі мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытты. Қазақстан да бұдан қалыс қалған жоқ. Қазіргі таңда елімізде аурухана, мектеп, инфрақұрылым салуда кәсіпкерлердің инвестициясына көптеп көңіл бөлінеді. Оған қоса, бұл салаларда мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеп жатқандар да көп. Мәселен, МӘМС жүйесі бойынша тек мемлекетке қарайтын аудандық, облыстық, қалалық ауруханалар ғана емес, жекеменшік клиникалар да қызмет көрсетеді. Дәл сол секілді, мектеп жетіспеушілігі мәселесін шешуде кәсіпкерлердің көп көмегі тиіп отыр. Ал балабақшаға баратын балалардың жартысынан көбі жекеменшік бөбекжайларда мемлекеттік тапсырыс арқылы тәрбиеленіп жатыр. Осы туралы бірнеше балабақша ашқан кәсіпкер Ләззат Мергенбайқызы былай дейді:

«Мен еліміздің екі қаласынан бірнеше балабақша аштым. Бәрі де мемлекеттік дотация арқылы жұмыс істейді. Соңғы уақытта балабақша кезегі көбейіп жатқаны көрінеді. Ал мемлекеттік балабақшалар ашу динамикасы сұраныс динамикасына ілесе алмайды. Себебі ол өте үлкен ресурсты қажет етеді. Бұл орайда бизнеске мүмкіндік беру – ең оңтайлы шешім. Кәсіпкер ғимарат алудан бастап, оны жабдықтау, кадр жинау, құжаттама жүргізу, шаруашылықпен, жалпы алғанда толықтай процеспен айналысады. Ол осы жұмысы үшін белгілі бір деңгейде табыс табады. Мемлекет болса, бала басына қаржыландыру арқылы ұзын сонар кезек мәселесін шешеді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің мақсаты да – осы».

Иә, МЖӘ-нің басым бөлігі ірі бизнес есебінде емес, жергілікті ШОБ бейнесінде дамып келеді. Бұл бір жағынан елдегі мәселені шешу процесін тездетсе, екінші жағынан шағын кәсіпкерлерді тарту қарқынды түрде жүріп жатыр дегенді білдіреді.

2015 жылы Қазақстанда МЖӘ туралы заң қабылданып, осы бағытта бірқатар жобалар іске қосылды. Дегенмен бұл заң арқылы бәрі ретке келіп болды деп айтуға да ерте. Қиындықтар кездеседі. Мәселен, заңнамалық және нормативтік актілердің жетілмегендігі, жекеменшік сектордың мемлекеттік жобаларға қатысуға деген сенімсіздігі, қаржылық тұрақсыздық, кейбір жобалардың аяқталмауы немесе кешігуі сынды проблемалар бар. Осының бәрі уақыт өте келе реттеледі, МЖӘ жүйесі кеңейіп, жаңа серіктестер мен жаңа жобалар артады деп күтілуде. Қазір оған күш те салынып жатыр. Мысалы, МЖӘ көмегімен инфрақұрылымды дамытуға ұмтылатын елдерді қолдауда Азия Даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Дүниежүзілік банк сияқты халықаралық қаржы институттары қаржыландырумен ғана емес, жобаларды дайындауға, жетілдіруге, техникалық көмек беруге, консалтингтік қызметтер ұсынуда белсенділік артуда.

Балауса Ділдәбек

Тегтер: