Жекеменшік «Қайрат» футбол клубы Алматы бюджетінен жүздеген миллион теңге алмақ
Алматы қаласы әкімдігі "Қайрат" футбол клубына 750 млн теңге бөлінуі жоспарланып отыр.
Бұл туралы BES.media жазды.
Қаражат Премьер-лига командасының және клубтың толық құрылымының қызметін қамтамасыз етуге бағытталмақ. Қазіргі таңда клуб штатында 103 қызметкер бар. Олардың қатарында негізгі команда, «Қайрат Жастар» ұжымы мен академия жаттықтырушылары және футболшылары бар. Академияда 800-ден астам бала тәлім алады.
Футзалға – тағы 90 млн теңге
Бұдан бөлек, Алматыда футзалды дамытуға 90 млн теңге қарастырылған. Бұл қаржы жаттығуға, спортшылардың халықаралық және республикалық жарыстарға қатысуына, сондай-ақ резерв дайындауға жұмсалмақ.
"Қайрат" УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне алғаш рет шығып, шамамен 20,2 млн еуро (12 млрд теңгеге жуық) табысқа кепілдік алды. Оның 18,5 млн еуросы – турнирге қатысқаны үшін берілетін базалық төлем.
Айта кетейік, 2012 жылдан бері клубты кәсіпкер Қайрат Боранбаев басқарды. Ол 2022 жылы мемлекет қаржысын жымқыру ісі бойынша қамауға алынып, кейін келтірілген шығынды өтеген соң бостандыққа шыққан. Соған қарамастан, клубтың бюджеттен қаржыландырылуы қоғамда сұрақ туғызып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, миллиардтаған еуро табыс әкелетін еурокубоктарға қатысып отырған жекеменшік клубқа бюджет қаржысының бөлінуі – футболды коммерцияландыру туралы жарияланған саясатпен сәйкес келмейді.