Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 09:45

Желі жүйрік, күні жарық Қазақстан айдаладағы АЭС-ке құштар

Қазақстан
Фото: из открытых источников

Қазақстан жылу мен электр қуатын өндіру үшін көмір жағуды азайтамыз, жаңғыртылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамытуды қолға аламыз дегелі бірер жылдың жүзі болды.

 Осы бағыттарда жасалған мемлекеттік тұжырымдаманың ішінде бірнеше индикатор қойылған. Соған сай, 2030 жылы жалпы энергиядағы ЖЭК үлесі 15%-ды құрауы керек, ал 2060 жылы еліміз көмір жағып жылынудан мүлде бас тартуы қажет. Әлемдік үрдіске қосылған Қазақстан мойнына осындай міндеттемелер алып қойды. Ресми мәліметтерге қарасақ, жасыл энергетикаға деген құлшынысымыз сұмдық. Бірақ соған қарамастан, әңгіменің бәрі айналып келіп АЭС-ке тіреле береді. 

Энергетика министрлігі таратқан мәліметке қарағанда, былтыр ел аумағындағы ЖЭК нысандары жалпы алғанда 7,6 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндірген. Оның ішінде жел электр станциялары соның шамамен 60%-ын, 25%-ын күн электр станциялары, ал 16%-ын шағын гидроэлектр станциялары берген. Ал биоэлектр станциялары бар болғаны 0,02% өндірген. Сөйтіп, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда ЖЭК өндіретін электр энергиясының үлесі 6%-дан асып, 6,43%-ды құраған. Сонымен қатар соңғы бес жылда елде тұрақты оң үрдіс байқалып келеді. Мәселен, 2021 жылы 3,69% болса, 2022 жылы 4,53%, 2023 жылы 5,92% болған.

Оптимистік көзқарас

Qazaq Green ЖЭК қауымдастығының атқарушы директоры Тимур Шалабаевтың айтуынша, үкіметтің алға қойған жоспарына жетуге мүмкіндігі жетеді. Биылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша ЖЭК станцияларының қуаты 3,1 ГВт құрайды, яғни елдегі электр энергиясының 6,81%-ы жаңғыртылатын энергия көздерінен деген сөз.

«Энергетика министрлігінің 2023–2027 жылдарға арналған аукциондық сауда-саттық жоспарына сәйкес, осы кезеңде саудаға шығарылатын қуат көлемі 6,7 ГВт құрайды. Сонымен қатар 2035 жылға дейінгі электр энергетикасы саласын дамыту жоспарына сәйкес, халықаралық инвесторлардың қатысуымен 5 ГВт қуаттылықтағы ірі ЖЭК жобалары жүзеге асырылады деп жоспарланған. Осылардың арқасында ЖЭК арқылы электр энергиясының 15% үлесіне қол жеткізу жоспары толығымен орындалатынына сенім бар», – дейді ол.

Оның үстіне, АЭС-ті есепке алмаған жағдайда да 2030 және 2060 жылдарға межеленген көрсеткішке жете алатынымызды айтады. Өйткені АЭС салу шамамен 10 жыл уақыт алады. Алайда ЖЭК нысандары қазірдің өзінде қарқынды салынып, пайдалануға беріліп жатыр. Мысалы, биылдың өзінде аукциондық сауда-саттық графигі 1 810 МВт қуаттылықты қамтиды. ЖЭК секторындағы осы мәліметтер болашаққа оптимистік көзқарас қалыптастырады. Тек елімізде жасыл энергетика үлесі көбейген сайын тариф көтеріліп кетеді деп қауіптенудің қажеті жоқ. Себебі ЖЭК аукциондарындағы тарифтерді талдап қарағанда олардың үнемі төмендеп келе жатқанын көруге болады. Себебі сала технологиялары арзандап, инвестициялар тиімді шарттармен тартылып жатыр. Одан басқа да факторлар бар. Мысалы, 2018 жылы күн станциялары үшін бастапқы баға 34,61 тг/кВт/сағат болса, қазір аукциондық бағалар 13,8 тг/кВт/сағатқа дейін төмендеді. Жел станциялары бойынша да осындай жағдай. Әуелгі тариф 22,68 тг/кВт/сағат болса, биыл аукционда тарифтер шамамен 11,5 тг/кВт/сағат деңгейін көрсеткен. Сондықтан елдегі электр энергиясы тарифтерінің өсуі басқа жағдайларға байланысты болуы мүмкін. Айталық, қолданыстағы станциялардың тозуы, жөнделмеуі сынды жағдайлар қымбатшылыққа әкелуі мүмкін.

Қазақстан ағысқа қарсы жүзеді

Ендеше, елімізде ЖЭК өндірісі жеткілікті болып, Қазақстан өз-өзін қамтамасыз ете алатындай әлеуеті болып тұрса, АЭС салып не керек деген орынды сауал туындайды. Бұл тұрғыда белгілі сала сарапшысы Әсет Наурызбаевтың пайымынша, оның жауабы әлімсақтан белгілі – Ресей өз лоббиін жасап отыр. Оның үстіне, Қазақстанда осы жобаға қатысқысы келетін тұлғалардың шоғыры пайда болды. Өте қымбат жоба болғасын бәрі мол пайдаға кенелгісі келеді.

«Ал тұтынушылар тұрғысынан келсек, бұл зиянды жоба. Өйткені атом станциясының бағасы соңғы белгілі жоба бойынша 12,35 цент. Түркияда салынған ресейлік «Аккую» нысаны осындай баға көрсеткен. Бұл Қазақстанда жел электр станциясы өндірген электр энергиясынан 6 есе қымбат. Бізге мұндай станцияның не қажеті бар? Бүкіл әлем ЖЭК бағытын дамытып жатыр. Ең ірі деген тұтынушылар – Қытай мен Үндістан орасан көлемдегі нысандарын іске қосып жатыр. Сол секілді, Еуропа да, АҚШ та осы бағытты мықтап қолға алған. Тек Қазақстан ғана ағысқа қарсы жүзіп келеді», – дейді сарапшы.

Жалпы, атом энергетикасы өткен ғасырда, әсіресе 1970 жылдары танымал болған. Қазір одан әлдеқайда арзан әрі қауіпсіз энергетика түрі шықса да АЭС-ке мықтап байланған қалпынан таяр емес. Сондықтан сарапшы айтқандай, бұл жерде саяси лоббиден басқа лайықты түсініктеме жоқ.

Енді Қазақстанның ЖЭК саласында алдына қойып отырған индикаторларына келейік. Әсет Наурызбаевтың айтуынша, бізде сала соншалық қарқынды дамып жатқан жоқ. Соған қарамастан, ол индикаторларға жету қиын емес. Айталық, үкімет жоспары бойынша 2030 жылға қарай ЖЭК үлесі бар болғаны 15%-ға ғана жету керек. Бұл соншалық үлкен көрсеткіш емес. Қазақстанның одан да үлкен көлемдегі өндіріс нысандарын сала алатын қауқары бар. Өйткені жеріміз кең. Кең болумен қатар, олар шөлді жерлер. Ол аумақтарда күн электр станциясын салғаннан басқа ештеңе істей алмайсың. Мұның бәрі Қазақстанның ЖЭК-ті дамытуға мол мүмкіндігі бар екенін айғақтайды. Оған қоса, жеріміз кең болғандықтан, оны бір бұлт жауып тастай алмайды немесе жел тоқтап қалады деу де қисынсыз.

«Осындайда ылғи банкті мысалға келтіріп отырам. Мысалы, банкке күнде депозит құйылып және алынып жатады. Бірақ соған қарамастан, банкте үнемі сол алыс-берістің ортасындағы қаражаты болады. ЖЭК-те де солай. Күн кейде жасырынғанмен немесе жел тыншығанымен бәрібір соның арасындағы орташа генерация болады. Сол АЭС-ке қарағанда әлдеқайда тұрақты электр энергия көзі бола алады», – деп пайымдайды.

Иә, атом станциясы да тұрақты жұмыс істей бермейді. Маманның сөзінше, оның жұмыс уақыты 80%, ары кеткенде 90%-ға барады. Қалған уақытында жөндеуден өтіп тұруы керек. Сол жөндеу кезінде жұмысы тоқтап қалатындықтан, сол уақыттағы электр қуатын бір жерден толтырып отыру керек. Осы мәселе әлі шешілмей келеді. Айталық, бір АЭС-тің қуаты 1 200 МВт. Ал жұмысы тоқтап қалатын 10–20% уақыт кезінде басқа энергия көздері сондай көлемде өндіріп отыруы керек. Ал қалған уақытта олар тоқтап тұрады. Бұл да ақылға сыймайды әрі үлкен проблема және ол жағын ешкім айтып жатқан жоқ.

Сарапшының 2060 жылға дейін көмірден толығымен бас тартуға да күмәні көп. Өйткені энергетика қаражатты көп қажет ететін сала. 2060 жылғы межеге жетеміз десек, онда ЖЭК үлесін жылына 3%-дан қосып отыруымыз керек. Ал бізде жылына 1%-ға жетер-жетпес деңгейде артып келеді.

Ербол Тұрымбет

Астана

Тегтер: