Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:01, 02 Желтоқсан 2022

Желге ұшатын 441 млн теңге

None
None

Фестиваль өткізбесек, өліп қаламыз ба?

Мәдениет және спорт министрлігі халықаралық «Еуразия» кинофестиваліне 441 миллион теңге жұмсамақ!

Қазіргідей аласапыран, қымбатшылық кезінде мұндай шара кімге керек? Оның не пайдасы бар деген сауал тастайды саясаттанушы Бақытжан Бұқарбай.

Қоғам белсендісінің сөзінше, «Еуразия» фестивалі Қазақстанда 1998 жылдан бері үкімет қолдауымен өтеді. Бұрын оны Алматы қабылдайтын, осыдан бес жыл бұрын Астанаға ауыстырды. «Жобаға халықаралық деңгейдегі жұлдыздар келеді, елдегі киноөндірісіне берер үлесі зор» дейді. Бірақ сондай маңызды болғанымен қатар, айтылар сын да көп.

Мемлекеттік сатып алу сайтына сүйенсек, биыл шараға 441 миллион теңге немесе 1 миллион долларға жуық қаржы бөлінеді. Бірақ оны министрлік конкурс өткізбей, тікелей келісімшарт жасау арқылы жүзеге асырмақ. Яғни, миллион долларды өздері таңдағанның қолына апарып ұстата салады деген сөз.

Журналистердің жазуынша, есеп комитеті 2005-2008 жылдары да бұл фестивальге назар аударған. Сол үш жыл бойы министрліктің конкурсында тек «Қазақфильм» ғана жеңіп отырған. Сол уақыт ішінде шақырылған жұлдыздарға мемлекеттік қазынадан 87,1 миллион теңге төленген. Кезекті дау – 2016 жылы болды. Қазақстандық режиссер Әділхан Ержанов «Қазақфильм» киностудиясы фестивальге бөлінген ақшаны жымқырмақ болды деп айыптаған.

– Енді мына нәрсеге қараңыз: осы жылы мәдениет және спорт министрлігі балаларға тегін спорт үйірмелеріне баруға мүмкіндік беретін ArtSport бағдарламасын «қаржы жетпейді» деген желеумен тоқтатқан еді. Бірақ шетелдік жұлдыздар бір күнге келіп-кететін фестиваль үшін қаржы таба қалды. Әр сала мен әрбір шараның өзінше маңызды екені түсінікті. «Еуразия» кинофестивалінің пайдасы да бар болар. Бірақ сәл биікке шығып, жалпы картинаны қарасақ, жылдар бойы басынан дау арылмай келе жатқан фестивальдің балалар спортынан қандай артықшылығы бар еді, – деп күйінеді Бұқарбай.

Тегтер: