Желге ұшқан бұйрықтар
Таяуда көпшілікті елең еткізіп, дүр сілкіндірген келеңсіз оқиға болды. Елімізде 2024 жылдың көктем айларында орын алған су тасқыны біраз елді әбігерге салып, қоғамды біраз дағдарысқа ұшыратқаны бар.
Сол кезде зардап шеккендерге көмек қолын созып, асар ұйымдастырып, мыңдаған азаматтар, ұжымдар арнайы ашылған қорға миллиондаған қаржы құйды. Бірақ бақылаусыз жиналған қаржының 1,5 миллиард теңгесі еріктілердің (волонтерлердің) жетекшісі Перизат Қайрат есімді қыздың қалтасына түсіп, талан-таражға түскені белгілі болды.
Заң органдары іс қозғап, оны екі айға қамауға алды. Ар-ұяттан безген, «ноқтасы сыпырылған» бойжеткен халықтан тірнектеп жиналған қаржыға әрқайсысы 60-80 миллион теңге тұратын жаңа үш автокөлік, бірнеше заманауи зәулім пәтер алып, Түркия, Дубай, Англия және де басқа елдерге туристік сапар-саяхат жасап, 5 жұлдызды қонақүйлерге тоқтап, шын мәнінде рахатқа бөлене демалыпты. «Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?» деп таңғаласың. Кейін тағы бір сорақы ісі елге тарады. Өткен жылдары Палестина халқына көмек ретінде жиналған қаржының 200 миллион теңгесін жымқырып кетіпті. Ой, тоба, өзіне халық сенген, үміт күткен бойжеткеннің бұл ісін не деуге болады?! «Түйені түгімен жұтқан» залым алаяқ бикеш елдің бетіне ертең қалай қарайды?!
Жақында мәжіліс депутаттары «Астана-холл» компаниясының бірнеше жылдар бойы қитұрқы жасап жатқан былықтарын талқыға салып, сұранысы жоқ миллиондар емес, миллиард теңгелер құмға кеткен судай желге ұшып, ысырап болып жатқанын көпшілікке жеткізді. Есеп берген вице-министр журналистерге «біздің мына бүгінгі кездесу-есебімізді елге жаймаңыздаршы. Шетелдік инвесторлардың құлағына жетсе, бізден теріс айналады» деп шырылдады. Қазақ «Судың да сұрауы бар» демейтін бе еді? Халық атынан сөз сөйлейтін, көптің мұңын жеткізетін депутаттар бастаған істі соңына дейін жеткізеді деп сенеміз.
Айдарбек Сапаров мырза басқарып отырған ауыл шаруашылық министрлігі де «көптеген жетістіктерге жетіп, ел экономикасын тасытып жатырмыз» деп бос даурығып, ауыздарын құр шөппен сүртіп, халық алдында есеп беруге әбден шебер болып алды. Бірақ олардың атқарып жатқан, айтылып жатқан істерінің тым шикі екенін көріп отырмыз
емес пе? Алысқа бармай-ақ, биылғы астық жинау, қант қызылшасын қант зауыттарына тапсыру сәттерінде туындаған қиындықтарды не дейміз? Қар астында қалған мол жиылған астықтың, жақсы өнім берген қант қызылшасын керекті жеріне дер кезінде өткізе алмай, онсыз да шекелері қызбай жүрген аграрлықтардың жаз бойы маңдай терін сыпырып жүріп еткен еңбегінің обалы кімде? «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» дегендей,
жиылған өнімді неге пайдамызға жарата алмай отырмыз? Оған кім кінәлі? Астық сақтайтын элеватор-қоймалар неге жетпейді? Жаңа қант зауыттарын салуға кім кедергі болуда? Елімізде барлығы 4 қант зауыты болса, олардың біреуі (Тараздағысы) неге Ресейдің меншігіне сатылып кетті? Астықты шетелдерге әлі күнге дейін тек бидай күйінде сатудамыз. Оны неге ұнға айналдырып, бағасын сәл болса да көтеріңкіріп, басқа көрші елдерге сатпаймыз? Өзбекстанға сатылған астық-бидай ұнға айналдырылып, өзімізге кері сатылып жатқанын неге білгіміз келмейді?
Кейде терең ойға еніп, біздің министрлер мен әкімдер осы халықтың жағдайын бір мезгіл ойлайды ма екен деген сұраққа жауап іздейсің. Шынында, олардың басым көпшілігі қызметінде уақытша отырғандай болып көрінеді де тұрады. Біразы тіпті иек астында не болып жатқанын білмейтіндеріне таң боласың. Өткен жолы еңбек және әлеуметтік қорғау министрі С.Жақыпова «абайсызда» «еңбек етіп жүрген зейнеткерлердің зейнетақысын тоқтату керек» деп көпшілікті таңғалдырғаны бар. Кейін ол өз қателігін
түсініп, ел алдында кешірім өтінді. «Ауруын білмеген, ауырмай өледі» деген осы болар, сірә. Жыл сайын қысқа дайындалу көктемнен басталады. Соның ішінде қалаларға жылу беру мәселесі ерекше тұрады. Бірақ қала әкімдері жоғарыға «сақадай саймыз» деп өтірік мәлімет беруден танбай келеді. Солардың бірі таяуда Қарағанды облысындағы Саран қаласында болған – ТЭС-тің қазандықтарын қыс мезгіліне ауыстырып үлгермей, елді шулатқан оқиға дәлел бола алады. Бұрындары Риддерде, Екібастұзда, Кентауда осындай оқиғалар орын алғаны, одан айқай-шу шыққаны әлі есімізден кете қойған жоқ. Өтірік мәлімет беру, статистиканы өз пайдаларына қарай «ойнату» қанымызға сіңіп кеткенін мойындауымыз керек. Неге бұлай болып кетті? Әділдікті кімнен іздейміз? Көп жылдардан бері әбден былыққа батқан, коррупция дендеген, маңдай соры бес елі денсаулық сақтау министрлігіне басшы болып 2024 жылдың басында Ақмарал Әлназарова тағайындалған еді. Тәжірибесі мол, білгір қызметкер деп бағалаған көпшіліктің пікірін ол, шындыққа келгенде, әзірше ақтамай отыр. Қызметке келгелі ол өзінің орынбасарларын, басшы мамандарын айырбастаумен әлек болып жүрген секілді. Сын көзге ілінгені, оның енгізген жаңалықтарының бірі – еңбек етіп жүрген қазіргі дәрігерлер мен медбикелердің білімдерін жаппай сынақ-тексеруден өткізіп, түгелдей сараптама жасау керек деген бұйрығы болатын. Ол дәрежеге жету үшін білімін жетілдірген пәленбай сағат сертификаты, конференцияларға қатысқаны, жарияланған мақалалары болуы керек екен. Сынақ 8 этаптан тұрады және оны тәуелсіз мамандардан құралған қоғамдық комиссия өткізеді делінеді. Және одан өту үшін әр маман өз қаржысына өтуі керек екен. Сөйтіп, барлық медицина қызметкерлерін – қатардағы жай дәрігерлерден бастап, профессорларды «електен» өткізуді мақсат етіп, медициналық көмектің сапасын арттырамыз деген ойы бар екен. Соның нәтижесі бойынша квалификациялық категория беріліп, көтеріңкі айлық көлемі тағайындалады делінген. Әрине, ол қосымша айлық беріле ме, берілмей ме, оны емдеу орнының басшысы шешеді екен. Ол дәл қазір мүмкін бе? Алматыдағы дәрігерлер білімін жетілдіру институты жабылып қалғанына 10 жылға жуық болып, білім іздеген дәрігерлер сең соққандай күйде жүргені белгілі. Біраз дәрігерлер мен медбикелер кейбір пысақайлардың дер кезінде ашып алған ЖШС (ТОО) псевдоинституттарынан оқымай-ақ өз ақшасына «өтірік» фальсификацияланған сертификаттар мен куәліктер алып жатқаны жасырын емес. Онда, қалай ол жолмен дәрігерлер мен медбикелердің білімін көтере аламыз? Бұл нағыз коррупцияның жанып тұрған ошағы емес пе? Көз алдымызда болып жатқан осы келеңсіз істерге қалайша көз жұма қараймыз?
Денсаулық сақтау саласы бүгіндері әбден берекесіздікке еніп, көпшіліктің сынынан арыла алмай келеді, айтысып-тартысып жатқан арыз-шағым көп. Халық сенген міндетті медициналық сақтандыру қоры саланы жақсартуға әзірше өз үлесін толық қоса алмай отыр. Цифрландыру жүйесі де сенімді толық ақтамай жатыр, кемшілік көп. Жедел медициналық жәрдем саласы да батпаққа батқан түйедей, еш алға баспай, елдің көңілінен шықпай отыр. Жыл сайын мемлекет бөлген қаржы – бірнеше триллион (3-3,3) теңге пұшайман болып, құмға сіңген судай, із-түссіз кетуде. Түсінуге болар, салынып жатқан жаңа құрылыстар көп қаржыны қажет етеді, дәрі-дәрмек, құрал-жабдықтар бағасы ай санап емес, апта санап, тоқтаусыз өсіп жатыр. Әйтеуір біздің елдің медицинасында әлі де шешімін таппай, халықтың ашу-ызасын келтіретін, тұралап тұрған дүние аз емес.
Тағы бір түсініксіз, бұлыңғыр дүние – барлық медициналық колледждерге «жоғары медициналық колледж» деген жоғары атақ беріліп, оларда медбикелерден бакалавр даярлайтын 1-2 жылдық курстарын ашып, оңды-солды дипломдар берілуде. Шындыққа келгенде, «байқасам, бақа екен» дегендей, әлгі жоғары медколледждер оқытқаны үшін пәленбай білімгерлерден ақша-ақы жинап, сапалы білім беріп, білім дәрежелерін көтеруге үлес қосып отырмағанын көріп отырмыз. Емхана мен аурухана басшылары кезінде «бакалавриатты бітірсеңіздер айлықтарыңызды көтереміз» деп сендірген болатын. Бірақ ол әдеттегідей бос сөз болып шықты. Ол диплом, ендеше, медбикелерге не үшін керек? Бұл да қоғамымызға батыл енген көзбояушылықтың бірі емес пе? Таңғалмасқа жол жоқ...
Таяуда Ресей Федерациясының президенті В.Путин бір топ министрлерімен біздің елге ресми сапармен келіп кеткені белгілі. Сол делегацияның құрамында денсаулық сақтау министрі Мурашко болып, біздің еліміздің премьер-министрінің орынбасары Т.Дүйсенова мен мемлекетіміздің бас дәрігері А.Әлназаровамен кездесіп, Қазақстанда өздерінің медициналық ЖОО филиалын ашу жайлы сөз қозғап, өзара келісімге келді. Әрине, біздің елде 7 медицина ЖОО болса да, жоғары білімді медицина қызметкерлер маман-кадрлары көп өңірлерде тапшы. Оны өз күшімізбен ретке келтіре алмай отырғанымыздың себептерін зерттейтін, шешетін, басын ауыртатын бізде бірде-бір жан жоқ сияқты. Соны байқап, кадр тапшылығын көріп, сезіп жүрген тараздық белгілі дәрігер-кардиохирург, медицина профессоры Сейтхан Жошыбаев Таразда халықаралық медицина академиясын ашуды қолға алып, бүгіндері сол ойын іске асыруға әрекеттеніп жүр. Сол мақсатпен қала шетінде бірнеше жылдан бері қараусыз қалып, пайдаланылмай тұрған бұрынғы колхозаралық санаторий ғимараттарын жекеменшігіне сатып алып, қазіргі кезде жөндеу істері жүріп жатыр. Жоғарыдан, биліктен қолдау болса, бірер жылда ол іске қосылар еді. Мүмкіндік тауып, Ресейдің жоғарыдағы ұсынысына сәйкес, тараздық ғалым-дәрігер С.Жошыбаевтың бастаған ісін жалғастырып, Таразда медициналық академия ашылса несі артық. Сонда дәрігер-кадрларын дайындауға мүмкіншілік арта түсер еді...
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көптеген экономикалық қиындықтар туындады. Сол себептен көптеген ғылыми-зерттеу институттары бет-берекесіз жабылып, онда қызмет еткен ғалымдар жұмыссыз қалды, зертханалардағы құрал-жабдықтар талан-таражға түсті. Олардың арасында медициналық ҒЗИ-да болды. Қарағандыдағы Гигиена және кәсіби аурулар-профпатология ғылыми-зерттеу орталығы және оның Шымкенттегі, Өскемендегі, Ақтөбедегі филиалдары жабылып тынды. Кейін кәсіби аурулар өршіп, мүгедектер саны күрт өсіп, еңбек гигиенасы жоғалып, көптеген қиындықтар туындады. Оны кеш түсінген Денсаулық сақтау министрлігі биыл сәуір айында үкіметтің қолдауымен Қарағандыда Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ғылыми-зерттеу орталығын ашуды қолға алды. Бірақ, міне, жыл аяқталып келеді, айтылған сөз, берілген бұйрық «далада» қалды, іс жоқ. Бұны кезекті көзбояушылық демей, не дейміз? Кімді, не үшін халықты алдаймыз? Еш пайдасы жоқ, желге ұшқан бұйрықтар кімге керек? Алысқа бармай-ақ, биылғы көктемде елімізде ерекше, бұрындары болмаған ерекше су тасқыны орын алып, біраз ауыл-қала тұрғындарын әлекке салғанын білеміз. Ел күтпеген жай – елімізде су шаруашылығымен, оның проблемаларымен айналысатын мамандар тапшы екен. Ертеде әжептеуір қызмет етіп тұрған Жамбыл құрылыс-гидромелиарация институты 90-шы жылдары жабылып, мамандар дайындау көзден ғайып болыпты. Соның салдарынан елімізде жоғарыда аталған жайт орын алды. Еліміздің басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев ол проблемаға ерекше мән беріп, Тараз қаласында Ұлттық гидромелоративтік-су шаруашылық университетін қайта ашуға тапсырма берді. Тамыз айының басында қаулы шығып, оқу жылы басында біраз студенттерді қабылдап, біразын ТарМУ-дың факультеттерінде оқып жүрген білімгерлерді ауыстырып, университет қызметін қайта бастады. Бірақ әлі күнге дейін университет ректоры мен ректораты қызметінде уақытша тағайындалған қызметкерлер жүр. Олардың біразының білімдері су мәселесінен алшақ тұр. Сондықтан оқу жылы жүріп жатса да көптеген шикі істер мен проблемалар туындап отыр. Оны кім тәртіпке келтіру керек? Жауапты кімнен іздейміз? Қашан университет толыққанды қызмет етеді?
Тағы бір күйіндіретін мәселе, көрші Ресейдің ЖОО біздің жастарды өздеріне шақырып, оқытқан болып, жоғары білімді маман деген дипломдар таратып жатқанына біраз жыл болды. Мысалы, Оренбург қаласындағы медицина университеті 4,5 жылдық курс ашып, биылдың өзінде (бір жылда) 450 қазақстандық жас медбикелерге бакалавриат курсын бітірді деген диплом беріпті. Бітірушілердің айтуынша, олар жыл сайын жүз мыңдаған теңге төлеп, қашықтан білім алыпты-мыс. Онымен қоса, бізден кейін магистратураға баратын болсаңдар, Томск университетіне жолдама береміз деп құлақтарын көтереді екен. Ойланып көріңізші, қаншама қаржы басқа елдің «қалтасына» түсіп жатыр? Білім алған, білімін жетілдірген, әрине, жақсы, қолдауға тұрарлық іс. Бірақ ол шын болса, көзбояушылық жоқ болса. Біздің министрліктегі шекпенділер қайда қарап, не бітіріп отыр деген сұрақтарға кейде жауап іздейсің. Білімі саудаға түскен мемлекеттің болашағы не болмақ?
Тәуелсіз, егеменді ел болдық деп масайрап, кеуде керіп жүргенімізге 34 жыл болса да, осы жылдар ішінде әлеуметтік және экономикалық жайымыз қарқынды дамыды деуге, олар рет-ретімен орынды шешіліп жатыр деуге ауыз бармайды. Қоғамда туындап жатқан көптеген іс-әрекеттер, проблемалар көпшілікті әжептеуір алаңдатуда.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, Жамбыл облысының құрметті азаматы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.