Желкілдеп барып, желбіреп қайтты

Бүгінде 100 жылдығын тойлап жатқан «Лениншіл жас» – «Жас Алаштың» айдарынан үнемі жел есіп тұрды десек, артық айтқан болар едік.
Елімізге экономикалық үлкен қиыншылықтар әкелген 90-жылдардың зардабы газетте де қатты сезілді. Ресейден газет басатын қағаз алдыруға мүмкіндік болмай, айлап шықпай қалған уақыттары да болды. Журналистердің халі түсінікті. Жұмысқа келгенімен, істерге іс жоқ, құр сенделіс. Мағынасыздық. Сондай қажып жүрген бір кезеңде редакцияның ардагері, ретушер-суретші Бағдат Жандосай ағамыз Құлтас Достановты жетектеп жетінші қабаттағы терезе алдына алып барыпты.
Редакцияның Көк базарға қараған беті шыны қабатты. Төңірек айнадай көрінеді.
– Құлтас, аспанда күн бар ма?
– Бар ғой, көке. Неге сұрадыңыз?
– Құлтас, ана базарда қыбырлаған жұртты көріп тұрсың ба?
– Көріп тұрмын. Ел тіршілігін жасап жатыр.
– Ендеше «күн сөнсе де, сөнбейді» деп жүрген «Жас Алашымыз» неге шықпай жатыр?
Міне, осындай да уақыт болған. Кейін бәрі өз арнасына түсті ғой.
Нұртөре Жүсіптің бас редактор болып келуі газетті жаңа мазмұнға байытып, баяғы даңқын қайта табуына жол ашты. Әсілі, редактордың орынбасары мықты болса, газет те мықты болатынын Қали Сәрсенбай ағамыз көрсетті. Қали Сәрсенбай Президент сыйлығына ұсынылғанда мәдениет министрінің өзі шығармаларына рецензия жазғанын айтсақ, оның қаншалықты эстет жазушы екенін айқындай түсетін шығар.
Нұртөре Жүсіп реформатор болды. «Жас Алашқа» жаңа формалар пайдаланылды. Талантты жастардың ұстаханасына айналдырды. Әркімнің өз стилі сақталды. Қазір де көп газеттер бар, бас редактордың қалауындай жазып, бір мақала бір мақаладан аумай тұратын.
Ал «Жас Алашта» әр журналистің жазғаны бір-біріне ұқсамайтын. Газетте атына сай, батылдық болды. Қоғамдағы әділетсіздіктер ащы сыналатын. Бір Сәкен Сыбанбайдың өзі желпілдеген әнші, композиторларды бір тарының қауызына сыйдырып жіберер еді. Сәкеннің ащы сынынан кейін әнге сөз жазғыш композитор Бақытжан Қажымұқанов «ақындықтан» айналып қашты. Қалам ұстамай кетті.
Сейфуллин Жолбарыс та тәубесіне түсті. Мақпал Жүнісованың сахнада өзіне жараспайтын жорға биін сынағаны үшін ол қосағы Заманбек Нұрқаділовті редакцияға ертіп келді. Басы қатты болғанымен, тәтті шай ішіп тарағанымыз есте.
Осындай ерекшелік туралы әр журналиске қаратып айтуға болар еді.
Ал Қали Сәрсенбаймен бірге редакцияға қазақтың классиктері келді. Қадағаңның, қазақтың Қадырының сиясы кеппеген шығармалары алғаш «Жас Алашта» жарияланатын. Мемлекет қайраткері, рух сардары Өзбекәлі Жәнібековті көп іздеп, ізденіп жазған «Жас Алаш» болды. Қазақ киносының корифейі Асанәлі Әшімов сияқты тұлғалар редакцияға жиі келетін еді.
Бойында буырқанған асау қаны бар «Жас Алаш» ел қиындықтан әлі шыға қоймаған 2000 жылдары халыққа қатты қайрат берді. Шын жоқтаушысы, қамқоры болды. Әлсіреген рухын оятты. Сидней олимпиадасында қазақтың гүрзі жұдырық төрт жігіті финалда атой салды. Спорт туралы көп жазатын «Жас Алаш» ұран салып, жұртты батырларды күтіп алуға аэропортқа шақырды. Ел қабыл алды. Әуежай халықтың ыстық ықыласынан теңселіп тұрды. Қазақтың байрағы желкілдеп барып, желбіреп қайтқан мерей кез еді. Осының бәрі «Жас Алашқа» жарасып тұратын.