Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 12:38

Желтоқсан көкжалының кегі (Деректі әңгіме)

желтоқсан
Фото: qazaly.kz

Желтоқсан қашанда мазасыз ай ғой. Ауа райы да көкайыл келіншектің жан дүниесі сияқты үнемі құбылып тұрады.

 Бірде қар, кейде жаңбыр төпелеп, оның соңы көк мұзға айналатынын қайтерсің. Мұндайда көктайғақтың зардабын қалалықтар көреді. Биылғы қараша айының соңғы күнінде де қараң қалғыр мұздай жаңбыр себелеп жауды да тұрды. Арадағы бір түн. Бер жағы күз, ар жағы қыс. Екі ортада жылаңқы аспан асты бірде қар, бірде жаңбыр болып айқасып жатыр. Қорғасын бұлттар Жер-ананы зілімен басып, мұп-мұздай жаңбыр тамшыларымен аямай піскілеп, жылуын қашырып, мұзға бөктірмекші.

Неге екенін кім білсін, биылғы Желтоқсанды мен қырық жылдай уақыт көшінің арғы жағындағы ызғарлы үш күнді құшағына алған сол бір ай әлемге ұқсаттым. 16 желтоқсанды жек көремін. Білесіз бе, жек көре-емі-ін! Небір сылтауды алағызаған көңіліме жамау қылып, сол қарғыс атқыр қанды алаңға бармауға да болар еді. Иә, иә, барғым келмей, бетімнен басамын. Неге? Неге? Дәл осы күні менің халқымның рухты ұландары қанға боялып, айдай әлемнің алдында жеңіліске ұшырады. Теріскейден келген қанқұйлы шегір көзді әскер қарусыз қаракөздерді аяған жоқ. Алаң сол қаракөздердің қанына боялды. Білесіз бе, бұдан асқан зұлымдық, бұдан асқан сұмдық бар ма? Қалай ғана барарсың, бауырларымның рухтары ұйып қалған алаңға?

Осы зұлымдық пен сұмдық оқиғаның ішінде үш күн қатарынан болған, одан кейін небір азап пен тозақты бастан кешкен батыр інім үшін жыл сайын дәл осы күні алаңға амалсыздан кежегем кейін тартып тұрса да баратынмын. Алаңға бұрын өзі, кейде екеуміз баратынбыз. Барған кезде байқағаным, ол әлдекімді алақ-жұлақ етіп іздейтін.

Оның көздерінен саумалдап төгілген сағыныштың ұшқындарын байқайтынмын. Ол кім? Кімге деген сағыныш? Інім барлық сырларын ақтаратын. Бірақ қанша қолқаласам да, сағынышқа толы осы сырын айтқыза алмадым.

Бұл інім кім? Оның аты Қасымхан. «Мен атақты Майқанның ұрпағымын. «Абай жолы» кітабындағы Майқан би менің атам» дейтін ол мақтанышпен. Ол – қыр мұрынды, қара торы өңді, қоңыр көздері өткір, төбеден маңдайына дейінгі шашы түсіп қалған. Қырбық мұрты, селдір-селдір сақалы бар, жағы пышақпен жанығандай, терісі үнемі жылт-жылт етіп тұратын қарапайым қазақтың бірі. «Тауып алдым даладан, далада бала жата ма?» дегендей, онымен таныстығым тура осындай жағдайда болды десем сенбейсіз. Ол оқиғаны айтар алдында Қасекеңнің мінезіне сәл-пәл тоқтала кетейік. Себебі оның мінезі ешкімге ұқсамайтын ерекше адам деуге келеді. Негізі әншейінде теңіздің суы тобығынан келмейтін адам ретінде қабылдайсың. Бұл уақытша ғана құбылыс. Себебі ол шікәмшіл. Басынан сөз асырмайтынның нағыз өзі. «Әй, Қасеке. Қой, қой. Сап-сап көңілім, сап басыл!» деген райда басу сөз айтпасаң, құрыдым дей бер. Ашуланса, шын көңілімен ашуланады. Тұлан тұтып, сізге жұдырық ала жүгіруі де әбден мүмкін. Қолдары темірдей қатты. Тиген жерін опырып түсіреді. Сол кездегі билікті иттің етіндей жек көрді. Патша, бай демей, тарғыл дауысымен барынша сыбайтын, боқтап боралайтын. «Мен патша боламын. Қазіргі отырған билікті түп-тамырымен жойып, жаңа өмір жасаймын» деп нық айтатын.

«Ау, мына қаңғып жүрген, я үйің, я күйің жоқ сен қайдан патша боласыз?» деймін мен күліп. Әншейінде қарсы сөз айтсаң шамырқанып шыға келетін Қасекең бұл жолы ашу шақырмайды. «Сенбейсің білемін. Біз күндердің күнінде сол таққа отырып, әділеттіліктің туын көтереміз» деп сабырлы, салиқалы түрде жауап беретін. Мен күлкімді тыйып, сенген рай танытатынмын.

Қасекеңнің жан-жағында шынында да тұлдыр жоқ еді. Өмірбаяны да жұтаң. Балалық шағы Семей полигонының нағыз өтінде өткен. Абай ауданы. «Бала кезімізде әскери адамдар келіп, бізді үйді үйімізге қуып тығатын. Кейде машиналарға тиеп, таудың ана жағына апарып тастаушы еді. Балалар үшін бұл қызық шақ еді. Әсіресе үйді үйімізге қуып тыққан кезде әскерилер кетісімен атом бомбасының қалай жарылғанын қызықтайтынбыз. Алдымен бұрқ етіп шұбатылып түтін көрінеді де, ол барып-барып алып саңырауқұлаққа айналатын. Содан кейін көп ұзамай сұрқай аспан әлемін сан түрлі ақ, көк қара сызықтар айшықтайтын. Аңқау баламыз ғой. Мәз болатынбыз. Әйтпесе сол сұмдық сәтте аса зиянды атом бөлшектері сәуле болып, бүкіл тамыр-тамырыңа енетінін біз қайдан білейік? Жалпы Семей полигонында жарты миллиондай адам зардап шеккен. Өкінішке қарай, мен соның бір құрбандығымын» деп ол терең күрсінетін. Сол полигон аймағында бір қарындасы барын, қалғаны жастарына жетпей қаза тапқандарын мұңға батып айтатын. Одан арғы өмірбаяны да бір тұтам. Институт бітірген. Геология саласында жұмыс істеген. Жұмысы бір бөлмелі үй беріпті. Осы кездері болған Желтоқсан көтерілісіне қатысқан. Екі жылға сотталыпты. Түрмеден оралғанда үйін әлдекімдер иеленіп кетіпті. Содан кейін бар өмірін ұлтына арнап, саясатқа араласқанын айтты.

«Ұлтым үшін жаным құрбан. Шынайы тәуелсіздікке жеткенше күресе беремін» дейді ол гүж-гүж сөйлеп. Айтпақшы, бір шеруге қатысқанда біреуге жұдырығы қатты тиіп кетіп, тағы да екі жылға сотталған.

Ол шынында да нағыз көзсіз батыр болатын. Отаны үшін оққа қарсы кеудесін тосудан тайынбайтын. Ағасы ретінде: «Әй, Қасеке, өзіңнің жеке басыңды да ойласайшы. Жасың алпысқа таяп қалды. Екі дорбаңды арқалап, қаңғып жүрсің. Үйленетін кезің баяғыда өтіп кетті. Айналаңда қаптаған қыздар. Саған не көрінді-а? Тұқымсыз өтесің ғой. Мына түріңмен күндердің күнінде бір жерде өліп қалсаң, мүрдеңді таппай қаламыз ғой», – дедім бір күні қатты айтып.

Мұңайып, сұлқ отырып қалды. Мұрны салбырап, селдір сақалы діріл қағып, кемсеңдеп жылап отырғандай көрінді. Іштей аядым, бірақ үндемедім. Шынында да ол қаңғыбас десе қаңғыбас, дуана еді. Кім күле қараса, сол үйге аунай кететін. Онымен қалай кездескенімізді айтамын деп уәде байлассам да, екі ортада қайдағы-жайдағыны айтып, созып алдым білем.

Жиырма жыл бұрын… Қоңыр күз еді. Дегенмен ауада салқын сыз бар. Панфилов саябағында қыдырып жүрдім. Таңертеңгі мезгіл. Елең-алаң шақ. Адамдар онша көп емес. Шіркеуде осы кезде даңғыр-дұңғыр етіп қоңырау соғылды. Кенет скамейкада бүрісіп жатқан адамды көрдім. Әкесінің үйінде жатқандай шалжиып жатыр. Басында қара дорба. Үстін ақ плащымен жауып тастапты. Мен оның үстінен төніп келіп, өліп қалған жоқ па екен деп үңіле қарадым. Пысылдап демалып жатыр. Киіміне қарасаң, әп-әдемі. Иіскеп едім, арақтың иісі жоқ. Яғни алқаш емес. Таңданып қалдым. Әлде әйелі қуып жіберді ме екен? Шайпау әйелдерден бәрін күтуге болады. Басыма тағы бір ой жылт ете түсті. Айдаладағы адамда не шатағым бар? Қазір не көп, басбұзар көп, не көп алаяқтар, қаңғыбастар жетіп артылады. Қазір тұра сала өзіме дүрсе қоя берсе… Іштей тіксінсем де, неге екенін білмеймін, бірден кете қоймадым. Сәл шегініңкіреп едім, ол сығыр көздерін селт ете ашты. Мені көріп енді ол таңданды. Жалма-жан ұшып тұрды. Көздерін уқалап алды да, төңірегіне көз салды.

– Сен кімсің? – дедім мен оның саспас сылбыр қимылына шыдамай кетіп.

– Адаммын, – деді ол жұлып алғандай жымиып қойып.

– Адам екеніңді көріп тұрмын. Әйелің қуып жіберді ме, әлде қаңғыбассың ба?

Бұра тартпай тіке кеттім. Ол аузын жауып, әдемілеп тұрып есінеп алды да, сақалын бипаздай сипап қойды.

– Менің шүкір, әйелім жоқ. Ондай нәзік жанды өміріме кіргізген пенде емеспін. Жалпы дұрыс айттың, қаңғыбаспын. Баратын жерім, тұратын үйім жоқ. Кім жылы қараса, соның досымын, –деп ол бұл жолы ащы жымиды.

Іштей аяп кеттім. Шынында да құбылмалы күз айы келіп тұр. Жылауық жаңбыр да басталып кетуі әбден мүмкін. Байғұстың жағдайы енді не болмақ? Бірақ мен оны дұрыс білмеймін ғой. Түріне қарасаң адал, таза адам сияқты.

– Атың кім сенің? – дедім мен оған сенімсіздікпен қарап.

– Қасымхан Майқантегі.

Ол дорбасын реттестіріп, анау-мынау заттарын сала бастады. Байқап отырмын, мына екі дорбада өмірге қажетті нәрсенің бәрі бар. Пышақ, қасық, кесе дейсің бе, Қасымхан дәу бәрін арқалап жүр. Иә, иә, нағыз қаңғыбас екен бұл азамат.

– Қасеке, жинал! Біздің үйге барамыз, – деген сөзді қалай айтып жібергенімді байқамай қалыппын. Дорбасының ішіндегісін сапырылыстырып отырған диуана жан елең ете қалды.

– Қорықпайсың ба менен? Менің түрім де өзі қолапайсыз, кескінсіз жанмын. Онша сұлу жан емеспін дегенім ғой. Және де адамдармен де тез шүйіркелесіп, сөйлесіп кете алмаймын. Жалпы епетейсіз адаммын. Әйелің ұрыспай ма? Маған ол жалынышпен емес, қамқор көзбен қарады.

Қорықпа, ол да мен сияқты журналист. Кеттік, жинал! – дедім бұл жолы нық сөйлеп…

Қасымхан балажан болып шықты. Ұлым Нұржан және қызым Аружанмен тез тіл табысты. Қарны ашып қалыпты. Шараның лағманын сүйсіне, ашқарақтана жеді. Оның біздің үйдегі өмірі, екеуара ағалы-інілі болуымыз осылай басталды.

Таныса келе оның досқа адал, шыншыл, ақиқатшыл жан екеніне көзім жетті. Текті жерден шыққаны рас болар, мінезі тік мінез болғанмен, сырбаздығы да бар. Жоғарыда оның отаншыл, ұлтшыл екенін айтқанмын. Қандай мәселеге байланысты бас қосу немесе оппозициялық жиналыстар болса, соның қақ ортасында Қасымхан жүреді. Бірнеше рет полицияның қинағанын, таяқ жегенін де байқадым. Ескертуіме құлақ аспай қойды. Білгенін істейді. Кейін оған үйрендім. Түрмеде отырғандардың «Қылмыс әлемі» деген болады екен. Ол «әлемге» араласса, байып кетуге мүмкіндік болғанмен, Қасымхан дүниеге қызықпайды. «Менің аяқ астынан байып кетуіме болады. Кір ақша адамның өмірін ластайды, қарға-құзғынға айналғаныңды сезбей қаласың. Мен ондайға үзілді-кесілді жоламаймын» дейді. Десе дегендей, оның екі дорбадан басқа дүниесін көрмеппін. «Менің басты мақсатым – мына өңкей жемқорларға жем болып жатқан мемлекетімізді құтқарып, қазақ халқын ең бай елге айналдыру. Осы ақ жолда жанымды да аямаймын».

Қасекеңнің кесімді сөзі де, ойы да, арманы да осы болды. Қарапайым диуана іспеттес інім осынысымен биік, осынысымен ұлағатты еді…

Ол Желтоқсан көтерілісінің басынан аяғына дейін қатысты. Оны байқаймын, Қасымхан аса мақтаныш тұтпайды. Бұл көтеріліс кімнің кім екенін танытты» деді ол менің сұрағыма жауап беріп. Көтерілістің үшінші күнінде басынан соққы алған ол абақтыға бір-ақ түседі. Есін сол абақтыда жияды. Сыз еденде шалқасынан жатқан оны бір қыз шапалақтап, бетінен шапаттап оятты.

– Жігітім, оян, тұр! Бізге әзірге өлуге болмайды. Олардан біз әлі кегімізді қайтаруымыз керек. Кәне, кәне, оян, азаматым! – деген қыздың нәзік, бірақ жігерлі үні мен сөзі Қасымханды шырт ұйқыдан оятып жібергендей еді. Ол қызды алдымен өзінің сүйіктісі деп ойлады. Дауысы айнымайды. Қаракөлеңке бөлмеде қыздың беті жүзін айыра алмағандықтан, сүйіктісіне ұқсатқаны рас. Сүйіктісінің атын айтқысы келді, бірақ айта алмады. Айта алмағаны жақсы болды. Кейін айналасындағылардан ұят болар еді.

Әзер басын көтерді. Отыруға тырысқан. Басы айналып, қайта жантайды. Жаңағы қыз келіп, мұның иығынан демеді.

– Басыңа соққы тиген ғой. Қан ағып тұр. Кел, келе ғой. Менің сөмкемде мәрлі бар. Таңып берейін, батырым, – деді. Әлсіз қолдарымен ол мұны көтерейін деп еді, шамасы жетпеді.

– Жігіттер, көмектессеңдерші. Немене бақырайып қарап отырсыңдар, – деп қыз ашуланды. Қасымхан енді байқады. Айналасы толы адамдар. Ыңырсыған, жаны ауырған адамдардың ыңқылы, әлдекімдердің шыңғырғаны естіліп тұр. Оларға қарап жатқан ешкім жоқ. Ол өзінің қайда жатқанын білді. Бір жігіт келіп, мұны демеп отырғызды. Тура қарақұсынан соққы тиген. Күрекпен бе, әлде шоқпармен соққан ба, кім білсін? Алақанымен сипаған. Жылымшы қан табы білінді. Желкесі удай ашып тұр.

–Кәнеки, батырым, кел, мәрлімен орап берейін. Қорықпа! Мен медбикемін, – деді қыз жылы сөйлеп. Қалтасынан кішкентай құты алып, ондағы сұйықтықпен мәрліні шылап, мұның басын орай бастады. Йод екен. Удай ашытты. Шыдады. Өзіне қамқор болған қыздың алдында әлсіздігін көрсеткісі келмеді.

–Рақмет, рақмет, қарындасым! Қандай ғажап жан едің. Атың кім? – деді бұл сәл есі жиналған соң.

– Сағыныш. Үміттенбей-ақ қой. Сүйген жігітім бар. Сіздің атыңыз кім? – деді бойжеткен бұған жымия қарап.

–Көк бөрімін. Жай қалжыңдағаным ғой. Менің де қызымның аты Сағыныш. Оған сен қатты ұқсайсың. Қасымханмын. Көк бөрі менің туым. Жалпы ол бүкіл қазақтың туы болуы керек деп ойлаймын.

– Қасымхан аға, ана жерде тағы бір кісі қатты қиналып жатыр білем. Соған барып көмектесейін, – деп Сағыныш заттарын тез жинады да, бөлменің арғы бұрышына кетті…

Қасымхан ініммен сырласқанда басынан өткен осындай оқиғаларды әңгімелеп беретін. Әңгіменің соңына дейін тағы да бірнеше эпизодтар берермін. Шынында да Қасекең көк бөріні жанындай жақсы көретін. Кілт бауында ұлып тұрған көк бөрі бейнесі бедерленіп салынған суретті тастамайтын. Жазғы жейдесінде де сол сурет болды. «Қасқырдың қыңсылама, ұлыма және шапжарғыш деген тұқымдары болады. Соның ішіндегі мықтысы шапжарғыш. Ол көбінесе үйірдің көсемі абадан деген атты иеленеді. Сондай-ақ өте айлакер, батыл, күшті қасқырларды көкжал деп те атайды. Адамның да мықтыларын, батырларды «көкжал екен» деп атауы да тегін емес» деп Қасымхан інім қасқырлар туралы айтқанда тоқтамай біраз шабатын. Әрине, оның ішінде көк бөрі жайлы небір аңыздар бар.

Біздің үйде ол жылдан аса уақыт тұрды. Одан кейін де келіп, қонып кететін. Қасымхан ешкімнен, ештеңеден қорықпайтын. Әлбетте ол денсаулығының нашарлығына қарамастан, Ораза ұстайтын. Бес уақыт намазын тастамады. Таза жүретін. Көбінесе ақ көйлек киеді. Екеуміз моншаға барғанда оның сол жақ балтырынан үлкен тыртық көрдім. «Оқ тиген» деді. Қай жерде тигенін тіс жарып айтпады. Арқасы, қолдары жыртылған жердей жырым-жырым. «Оңбағандар ұрды ғой» деді. «Олар нағыз фашист қой» деді. Кім фашист, айтпады. Бірде екеуміз көшеде келе жаттық. Ол қалт тоқтады.

– Мен мына жерде жаттым, – деді ызалы кейіпке түсіп. Бес қабатты ескі үй. Қараңғы, әрі жуан темір біліктерімен торланған терезелері қорқынышты еді.

– Мұның подвалында жындыхана болды. Бізді Желтоқсан көтерілісінен соң осында әкелді. Осында небір зорлық-зомбылықты көрсетті. Қалай өлмей қалғаныма таңғаламын, – деді ол терезелерге өшпенділікпен үңіле қарап.

– Онда қыздарымыз да болды ма?

Жан дүнием қопарылып кетпендей болып тұрсам да, осы сауал тіліме орала кетті. Қасымхан күрсінгенде, аузынан жалын шыққандай болды.

– Қыздарымыздың шыңғырған дауыстары әлі де құлағымда. Қолаң шаштарын қиып, қырып тастады. Біз жынды емес едік. Бізді осында тоғытқан Мәскеу жынды еді. Қазақ қыздары тумасын деп ол зұлымдардың тепкілегенін көрдім. Оларды мұзға да отырғызғанын мына көзім көрді. Итке де талатты, зорлады да, не істемеді олар.

Оның қоңыр көздерінен ызаны, кекті, ашынысты және ыршып түскен бір тамшы жасты көрдім. Жоғарыда жазғанымдай, Қасымханның жасырынып жатқан құпиялары көп болатын. Сол құпиялардың бірнешеуін айта кетейін. Құпия кілті кездейсоқ оқиғалар екенін ашып айтқаным жөн. Әйтпесе жабулы қазан жабулы күйінде олар інімнің көкірек сарайының бір қалтарысында қаншама уақыт жата берерін кім білсін? Бірде екеуміз емші Баян деген тәтемізге бардық. Ол кісінің емшілік қасиетімен бірге адамның өткен өмірін сүзгіден өткізетін қасиеті бар еді.

– Мына Желтоқсанның батыры ауырыңқырап жүр. Қарап берсеңіз, – деп тәтеме өтініш айттым.

Інімді отырғызып, тамырын ұстады. Бірнеше ауруын атады. «Дұрыс айтасыз, дәрігердің айтқанымен дәл келіп тұр» деп Қасымхан таңданып айтып жатты. Кенет тәтеміз «Ойбай!» деп шошына айқайлап жіберді. Қасымханға қадала қарап тұрды-тұрды да, жедел бұрылып, далаға тез шығып кетті. «Не болып қалды?» деп Қасымханға қарадым. Ол иығын қушитты. Жалма-жан тәтемнің артынан шықтым. Сыртта тұр екен. Үнемі сабырлы қалпынан айнымайтын ол кісінің түрін көріп, енді мен шошыдым. Түрі әлем-тапырық. Көздерінде үрей ме, қорқыныш па, әйтеуір бір ызғарлы сәуле тұнып тұр.

– Маған емге кімді әкелгенсің? – деді ол қатқыл үн қатып. Сәл үндемей тұрдым да:

– Інімді әкелдім. Желтоқсанның батыры ғой ол, – деп жауап бердім.

–Жоқ! Ол қанішер! Талай адамды өлтірген. Қолы қан-қан! – Мына сөзді естігенде ыршып түстім.

– Мүмкін емес, – дедім басымды үзілді-кесілді шайқап. – Оны қайдан білдіңіз?

–Көрдім, көрдім. Нанбасаң өзінен сұра!

Біз тез аттанып кеттік. Мен де, ол да үнсіз. Үйден біраз ұзаған соң Қасымханды иығынан тартып тоқтаттым.

– Шыныңды айт, Қасеке! Талай адамды өлтіріпсің. Жаңа тәтемнің шошығаны сол екен. Сенің өткен өміріңді көріпті, – дедім оның көзіне тіке қарап.

Ол ащы жымиды.

– Мен ол кісіге екі рет таңғалдым. Біріншісі, диагнозды тап басып қоюы. Екіншісі, ешкімге айтпаған сырымды білуі. Ераға, Желтоқсан көтерілісінде біз таяқ жедік. Ол аздай, түрмеге отырдық. Талай боздақтарымызды қырып салды. Тірідей бізді жерге көмді. Ол шындықтар әлі ашылмай жатыр. Біз оңбай жеңілдік. Менің кеудеме кек уыты тұнды. Осы кек шыдатпай, мені Шешенстандағы соғысқа қатысуыма мәжбүр етті. Баян тәтей айтпақшы, талайды өлтірдім. Ол соғыс қой. Мен оларды өлтірмесем, олар мені өлтіреді. Балтырыма оқ тиді. Одан соң Қарабақтағы соғысқа барып қатыстым. Екі қолым қан болмағанда не болады. Жаңа ол кісі менің үшінші сырымды да айтты. «Батырға да жан керек» дегендей, мен одан шошып кеттім. Орнымнан тұра алмай қалғаным сол, – деп Қасымхан батыр әп-сәтте мен білмейтін сырларын жайып салды.

– Сені шошытқан ол не сыр?

Жұлып алғандай сөйлеген маған Қасекең аңтарыла қарады. Жүзінен мұңды, көзінен өкінішті көргендей болдым. Үшінші сырды айтарын, айтпасын білмегендей, ол қаланы күрегейлей қоршап тұрған тауларға үздіге қарады. Мен де үндемедім.

– Ераға, мен саған, отбасыңа екі дүниеде ризамын. Бауыр деп құшағыңа тарттың. Маған жасаған жақсылықтарың Алладан қайтсын. Баян тәтейіңнің айтқан сөзі жағымнан біреу тартып жібергендей еді. «Сен жақында өлесің! Жаман ауру дендеп кетіпті. Енді ем жоқ» деді ол маған сыбырлап. Тілім байланып қалды. Бірақ өзім де байқап жүргенмін. Семей полигонындағылар алпыстан аспайды. Бір жағынан, кеше мен қан түкірдім. Емге апар деп саған өтініш айтқаным – сол…

– Ойпыр-ай, солай айтты ма? – деппін аузыма басқа сөз түспей. Ішкі жан дүнием, жүрегім бір сәт өмір сүруін тоқтатқан сияқты суып сала берді. Мұндайда не айтарыңды білмей қалады екенсің. Баян тәтем бұл суық сөзді қалай дәті барып айтты екен? Жаман ауру дендеп кеткен бе сонда? Осылай іштей арпалысып тұрғанда Қасекең інім салқынқандылық танытып, бұлай деді:

– Шүкір, алпыс жыл өмір сүріппін. Аз жас емес. Елім, ұлтым, Алашым үшін ештеңеден аянған жерім жоқ. Осы ақ жолда үйленбеппін де. Әрине, бұған өзім кінәлімін. Мен саған, Ераға, осы жолда жасаған тағы бір сырымды бүгін айтқым келіп отыр. Желтоқсан көтерілісіне дейін менің сүйген қызым болды. Аты Сағыныш. Ол тірі ме, өлі ме білмеймін. Әні үйленеміз, міне, үйленеміз деп жүргенде көтеріліс басталып кетті. Көтерілістің үшінші күнінде де бірге болдық. Неге екенін білмеймін, Сағыныш алаңға келе жатқанда ақтық сөзін айтты. «Егер біз аяқ астынан ажырап кетсек, онда күндердің күнінде кездесуіміз мүмкін. Ал кездеспесек те, 18 желтоқсан күні түскі сағат бірде осы жерге келейік. Қасекем, сенен мен жүктімін. Мен келе алмасам, бәлкім, осы күні сенің ұрпағың келер. Өзім өлсем де, сені сырттай таныстырып кетемін. Оған осы күні мұнда келуін тапсырамын. Қош бол! О дүниеде кездесерміз!» деді ол мені құшақтап, бетімнен өпті. Бәлкім, үйленбегенім де сол сертім шығар, бөгет болған. Жыл сайын Сағыныш айтқан уақытта алаңға келіп күтемін, әлі де кездесе алмадым. Енді сол аманатымды саған тапсырғалы отырмын. Қабыл алсаң, рақмет. Қабыл алмасаң, ренжімеймін, – деді Қасымхан батыр.

Онымен сол жерде қоштастым. Әрине, уақытша қоштасуым шығар деп ойладым. Бірақ онымен мәңгілікке қоштасыппын. Ол сонымен біздің үйге оралмады. Бір айдан соң ба, ол туралы жайсыз хабарды естідім. Қайтыс болыпты. Ауылдағы қарындасы алып кеткен. Сол туған жері оның мәңгілік мекені болыпты, қайран Қасекемнің. Одан бері де, мінеки, біршама жылдар өтті. Жыл сайын туған күнінде Құран бағыштаймын. Ол шынында да нағыз көкжал еді. Желтоқсанның көкжалы деп оны атайтынмын. Батыр інім ешқандай атаусыз кетті. Қасекең туралы бір әңгіме жазсам деп жоспарлап жүргеніме көп болды. Кешелі-бүгінді толғатып жүріп, осы дүниені қолымнан келгенше жаздым. Бауырыма деген ескерткішім осы болсын деп ойладым. Айтпақшы, жыл сайын 18 желтоқсан күні алаң жаққа барып қайтамын. Әзірге ешкім келмеді. Бәлкім, күндердің күнінде келер деген үміттемін. «Көкжалым! Жатқан жерің жайлы, иманың саламат, жаның жаннатта болсын» деген тілекпен әңгімеме нүкте қоямын.

Ертай Айғалиұлы

Тегтер: