Желтоқсан көтерілісі кезінде әскер кіргізуді Назарбаев сұраған – Болат Әбілов
Белгілі саясаткер Болат Әбілов 2000 жылдардағы Горбачевпен болған әңгімесін еске алып, 1986 жылғы желтоқсандағы көтеріліске әскер кіргізуді Назарбаев сұрағанын мәлімдеді.
Болат Әбіловтің айтуынша, 2000 жылдардың басында Швейцарияда ол Кеңес Одағының бұрынғы басшысы Михаил Сергеевич Горбачевпен кездейсоқ кездескен. Сол жүздесу кезінде Әбілов 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларына қатысты көптен бері қоғамды толғандырып келе жатқан сұрақтарды қойған.
Атап айтқанда, ол Алматыда болып жатқан жағдайлар туралы Кремльге ақпараттың қалай жеткізілгенін, сондай-ақ студент жастардың наразылығын күшпен басу үшін әскер енгізу туралы шешімді нақты кім қабылдағанын сұраған. Әбіловтің сөзіне қарағанда, ол бұл сауалдарды Желтоқсан кезінде қабылданған шешімдердің мән-жайын анықтау мақсатында қойған.
Горбачев былай деп жауап берді: «Жас жігіт, Булат, ол кезде бейнебайланыс деген болған жоқ. Оқиға орнындағы жағдайды жаңа келген адам – Колбин баяндап отырды. Бірақ ол нақты ештеңе айта алмады. Ал Назарбаев үнемі хабарласып тұрды: жағдай бақылаудан шығып бара жатқанын, жергілікті күштердің шамасы жетпей жатқанын айтып, әскер енгізуді талап етті. Біз әскер енгізуге мәжбүр болдық. Яғни бұл – сіздердің жергілікті басшылықтың өтініші еді, нақтырақ айтқанда, Колбин мен Назарбаев жеке өздері менен әскер енгізуді сұрады». Бұл 2000 жылдың қаңтарында Швейцарияда өз құлағыммен естіген Михаил Сергеевич Горбачевтің сөздері.
Болат Әбіловтің айтуынша, 1986 жылғы Желтоқсанға бүгінге дейін не саяси, не тарихи тұрғыда толық баға берілген жоқ. Әбілов мұны қоғамның өз тарихының тереңдігін әлі толық ұғына алмауымен және тәуелсіздік кезеңіндегі жаңа тарихты түсінуде де қиындықтар барымен байланыстырады. Оның пікірінше, бұл – ұлттық трагедияның бір бөлігі.
Сондай-ақ Болат Әбілов 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын Кеңес Одағы тарихындағы қазақ халқының тәуелсіздік үшін алғаш жаппай үн қатуы деп бағалайды. Оның айтуынша, алаңға шыққан жастар сол кезде республиканы тек қазақ басқаруы тиіс деген талапты толық саяси деңгейде түсінбеген болуы мүмкін. Алайда олар бұдан да ауқымды мағынаны білдірді – бұл ішкі, тарихи еркіндікке және ұлттық тәуелсіздікке деген терең ұмтылыс еді.
"Бұл Кеңес Одағының іргетасынан алынған алғашқы тас болды. Одан кейін басқа республикаларда да өзгерістер процестері басталды. Қазақстан ең соңғы болып өз тәуелсіздігін жариялады. Ал бұл Назарбаевтың шешімсіздігі мен қорқынышының кесірінен болды.Тарих үнсіздікті кешірмейді. Біз өткен туралы шындық әңгімеден қаншалықты ұзақ қашатын болсақ, ол біздің болашағымызға соғұрлым ауырлық болып соғады".