Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:00

Желтоқсан жаңғырығы: шындық, символизм мен формализм

Желтоқсан
Фото: скриншот

Желтоқсан туралы айтыла қалса «шындығы ашылмағандығы» қоса айтылады. Сонда мұның ақиқатын айтуға не кедергі?

Сосын Желтоқсан туралы қоғамдық сана кейде қақ жарылады. Ал жастардың түсінігі мүлде бөлек. Жалпы Желтоқсан деген не? Оның шындығына қашан көз жеткіземіз, ендігіде бұл оқиға қоғамдық санаға, жас өскіннің жан дүниесіне қалай әсер етуі тиіс, бүгін біз осы тақырып аясында дөңгелек үстел ұйымдастырдық. «Жас Алаштың» сауалына ақын Жұмаш Кенебай, жазушы-публицист Талғат Айтбайұлы және тарихшы Бекзат Мағаз қатысты. 

***

– Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге отыз төрт жыл уақыт өтсе де, Желтоқсан көтерілісінің ақиқаты толық ашылмай келеді. Сіз осы тақырыпқа өміріңіздің жартысын арнадыңыз ғой, ол қаншалықты деңгейде ашылды деп ойлайсыз? Әлі де зерттелуі, халыққа ашылуы тиіс тұстары бар ма?

Жұмаш Кенебай
Фото: Жас Алаш

Ж.Кенебай: Назарбаевтық саяси жүйенің бұл сұраққа жауап табуға жан-тәнімен қарсы екенін көзі қарақты жандардың бәрі іштей біледі. Ашып айтуға дәттері жетпейді. 200 жылдық орыс бодандығы, 100 жылдық жоңғар шапқыншылығы, 70 жылдық советтік қызыл империя, 30 жылдық назарбаевтық билік нағыз шындықты аңсағандардың аузын аштырмағаны өтірік пе? Осындай құлықты бастан кешкен қазақ жастарының 1986 жылы Желтоқсанда алаңға шығып, қарсылық көрсетуі – шын мәнінде таңғаларлық дүние ғой.

Өз басым әйгілі Желтоқсанға «Жалын» баспасында жүргенде Төрегелді Тұяқбай, Абзал Бөкен, Байбота Серікбай, Сүлеймен Мәмет, Әбубәкір Қайран және т.б. бір топ әріптестерім бастан аяқ қатысқанымыз, ол туралы мына мен «Зобалаң» дастаны қалай дүниеге келді?» деген мақаламда егжей-тегжейлі жазғаным тағы белгілі, тіпті 1990 жылы сол дастанымның «Азаттық» радиосынан Хасен Оралтай, Қиял Сабдалин, Батырхан Дәрімбет, Нұркәмал Пынар, Суат Шеруші ұлдарының оқуында бір сағаттық радиоинсценировка болып, әлем толқынын шарлаған осы дастанның авторы ретінде осыншама жыл бойы осы сұраққа жауап таба алмай келгенім тағы да өтірік емес.

Бүгінде марқұм белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Серікболсын Әбділдин ағамның маған айтқан бір әңгімесінде ол кезде Мәскеуде Қазақстанның атынан мемлекеттік қызметте жүріп ондағы үш әріптің Н.Назарбаев үстінен қозғалған істің 12 том екенін, онда көп нәрсенің айтылғанын оқығанын, яғни, Мәскеу де, Алматы да Желтоқсанның болатынын алдын ала жоспарлағанын, жастардың көшеге шығуына сол саяси жүйенің өзі ықпал еткенін, арандатқанын айтқаны әлі есімде.

Сол саяси жүйенің көптеген куәгерлері әлі ортамызда жүргені, олар бәрібір нағыз шындықты айтқызбауға жандарын салатыны да рас.

Т.Айтбайұлы: Дәл солай екенін біздің ел ғана емес, күллі әлем біледі. Өйткені Желтоқсан дүниені дүр сілкіндірген тарихи оқиға болды. КСРО құрамындағы 15 республика ішінде Үкімет үйінің алдындағы үлкен алаңда ине шаншыр жер қалдырмай жиналу былай тұрсын, соны қорғаған қарулы әскерге қарсы атойлап шапқан қақтығыс бізде ғана болды. Ұлттық намысымызды табанға таптаған орталықтың шешімі тұтастай қазағымызды, әсіресе жастарымызды қатты ашындырды. Бәрін бықсытқан ең әуелі М.С.Горбачевтің өзі еді. Одан кейін бейбіт шерушілерді арандатқан да өзі. Бірақ ол арты мынадай кең ауқым алады деп ойлаған жоқ. Ол оны қанша жерден «оқиға» деп кеміткенімен, бүкіл сипаты жағынан көтеріліс болғанын алғаш рет 1996 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясында өткен ғылыми конференцияда кемеңгер Әбіш Кекілбаев ағамыз өз баяндамасында жан-жақты ашып берді. Міне, осы тұжырымды көтерілістің отыз жылдығы кезінде Астанада ұйымдастырылған халықаралық конференцияға оннан астам елден келіп қатысқан тарихшы ғалымдар мен саясаткерлер, желтоқсан зерттеушілері әбден негіздеп, жиырма алты пункттен тұратын шешім қабылдаған. Осының бәрі желтоқсан ақиқатын ашуға деген талпыныс қана. Бірақ, өкініштісі, осыны біздің бүгінгі тәуелсіз дейтін билігіміз жария етуге, Желтоқсанды көтеріліс деп айтуға жасқаншақтық танытудан бір танбай келеді.

Неге дейсіз бе?

Себебі алаңдағы қазақ жастарының қозғалысына Мәскеудегі шовинистік билік ә дегенде-ақ ұлтаралық қақтығыс сипатын бергісі келді. Тіпті қазақ ұлтшылдығы туралы қаулы қабылдады. Сол уақытта Қазақстан Компартиясы ОК-нің хатшысы болған Зақаш Камалиденовтің аузымен «махровый национализм» деген терминді де айтқызды емес пе?!

Әрине, әйгілі ақынымыз М.Шаханов төрағалық еткен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі президиумы құрған Мемлекеттік комиссия көп жұмыс атқарғанын жақсы білеміз. Алайда комиссия сол кезеңнің деңгейінде ғана көтеріліс ақиқатын аша алды. Олай болатыны – қазақ халқына қарсы қасіретті ұйымдастырған қылмыскерлер Мәскеуде де, Алматыда да бәрін қас қақпай қадағалап отырды.

Содан бері қаншама жылдар өтті, билік ауысты десек те, Желтоқсанға деген Мәскеудің де, біздегі биліктегілердің де ойлары соншалықты өзгере қойған жоқ десем, әсте қателесе қоймаспын. Демек, көтерілістің тұмшаланып тұрған ықпыл-жықпылды тұстары аз емес. Соның ең сүбелісі – оны кімдердің ұйымдастырғандығы туралы мәселе...

Б.Мағаз: Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге 34 жыл өтсе де, Желтоқсан көтерілісінің ақиқаты толық әрі жүйелі түрде ашылды деп айту қиын. Мәселе тек архив құжаттарының жабықтығында немесе деректердің жетіспеуінде ғана емес, ең алдымен Желтоқсан оқиғасының саяси-құқықтық және тарихи санамыздағы мәртебесінің әлі күнге дейін бірізді анықталмауында жатыр. Біз бұл көтерілісті көбіне моральдық-эмоциялық деңгейде, яғни, бір ерлік пен қасірет символы деп қабылдаймыз, ал саяси құбылыс, отарлық жүйеге қарсы ұжымдық қарсылықтың саналы бір формасы деп қабылдау, әрі солай талдау жағы бүгінде әлсіздеу болып отыр. Желтоқсан оқиғасы жалпы кеңестік билікке қарсы аяқ астынан туған стихиялы түрде басталған наразылық деуге келмес. Сол себепті оның мәнін толық ашу үшін оқиғаны тек 1986 жылдың желтоқсанымен шектемей, оған алып келген саяси алғышарттарды, ұлттық кадр саясатының ұзақ жылдар бойғы дағдарысын, орталық пен республикалар арасындағы асимметриялық қатынастарды, сондай-ақ кеңестік жүйенің соңғы кезеңіндегі идеологиялық күйреуді тұтас қамтып қарастыру қажет. Бұл бағытта белгілі бір зерттеулер бар, бірақ олардың аясы тар сипатта қалып, қоғамдық санаға толық сіңе қойған жоқ.

Жасыратын несі бар, көтеріліске берілген ресми саяси баға әлі де екіұшты. Қатысушыларға ешқандай ресми мәртебе берілген жоқ, репрессия көлемі мен күш құрылымдарының әрекетіне толық құқықтық-саяси сараптама жасалмады. Желтоқсанды зерттеуде элиталық және институционалдық деңгейдегі жауапкершілік мәселесі де жеткілікті ашылмай келеді. Көтерілісті басу туралы шешімдер қалай қабылданды, кімдер нақты нұсқау берді, республикалық және одақтық билік өкілдерінің арасындағы рөлдік айырмашылық қандай болды деген сұрақтар әлі де толыққанды, дәлелді жауаптарын күтіп отыр. Архивтердің бір бөлігі қолжетімді болғанымен, саяси тапсырма мен жүйелі ғылыми бағдарлама жетіспей отыр. Сол себепті Желтоқсанның қоғамдық санадағы бейнесі көбіне-көп трагедия ретінде есте сақталады да, оның саяси сабақтары терең пайымдалмайды.

– Осы оқиғаны зерттеп, өз ойларын айтып жүрген зерттеушілер «Желтоқсанды ұйымдастырған биліктің өзі» дейді. Сонда қазір жастар оқып, айтып жүрген оқиғаның мазмұны мүлде басқаша ма? Ақиқаттың бұлайша бұрмалануына не себеп? Тарихи шындықтың беті ашылуы үшін әлі қанша уақыт керек?

Ж.Кенебай: Жыл сайын Желтоқсанды атап өту – жай ғана көзбояушылық сияқты көрінетіні өтірік емес. Тағы да қайталап айтамын, 1986 жылғы Желтоқсан қасіретінің барлық шындығын аналар барда қалай да айтқызбауға тырысатыны айдай ақиқат. Мектеп оқулықтарында да Желтоқсан туралы оны көтеріліс емес, жай оқиға түрінде бағалағаны да өтірік емес қой. Иә, қазіргі жастар әлі күнге дейін Желтоқсан қасіреті туралы таза шындықты білмейді және оларға білдірмейді де.

 Талғат Айтбайұлы
Фото: ашық дереккөз

Т.Айтбайұлы: Олар өте дұрыс айтады. Қызық үшін қараңызшы, тәуелсіздік туы көк аспанымызда желбірегеніне қаншама жылдар өтті. Ол билік тарапынан, я болмаса аса ықпалды адамдардың бас біріктіруімен жүзеге аспаса, тіпті мүмкін емес екендігіне 2022 жылғы Қаңтар қасіреті нақты дәлел. Оны кімдердің қалай ұйымдастырғанын бәріміз білеміз. Кімдердің қалай қаржыландырып, қайтіп басшылық еткені де белгілі болды ғой. Желтоқсан көтерілісі де, ашығын айтқанда, биліктің астыртын ұйымдастыруымен орындалды. Солар алаңға шыққан жастарды ұрып-соғатын темір таяқтар дайындатты. Олардың қай құрылыс орнында, қандай зауытта әзірленгені осы істің анық-қанығын тексерген комиссия мүшелеріне белгісіз болды деп кім айта алады? Өте ықпалды адамдар болмаса, бұл әлдекімнің қолынан келетін іс емес еді. Алайда ол жағы жете зерттелмеді. Комиссия ол жағына жөндеп бара алмады. Осыдан-ақ оның ұйымдастырушылары Қазақ КСР билігінен де жоғары жақта, Мәскеудің төрінде отырғанын білуге болмай ма? Көтеріліс ақиқатының жартылай ашылып, бұрмалануына солардың ықпалы аз болмағаны айдан анық!

Ал ақиқаттың ашылуына жылдар емес, ең әуелі жағдай қажет. Ол бүгінгідей жүйеде жүзеге аса қалатын оп-оңай нәрсе емес!..

– Осы орайда қоғамдық санадағы Желтоқсан көтерілісіне байланысты көзқарас туралы білгім келеді. Олай дейтінім, бұл күнді әйтеуір бір формалды іс-шараларға байлап қойған. Ол жақындай бере, әрмен қарай тереңдеп бармайтын кездесулер өтеді, жаттанды спектакльдер қойылып жатады. Сол туралы не айтар едіңіз?

Ж.Кенебай: Тағы да қайталап айтамын, Желтоқсан туралы таза шындықты айтқызбайтындар әлі кұнге ортамызда жүргендіктен, қалай да халықтың санасын өтірік ақпараттармен улау оларға тиімді екені өтірік емес қой. Маған солар әлі күнге дейін тіміскілеп, қауіпті адамдардың тізімін жасап, үш әріпке беріп, күнелтіп жүргендері де өтірік емес. Басқасын айтасыз, Желтоқсанмен бірге мемлекеттік Тіліміздің әлі күнге өз тұғырына қонбай келе жатқанының астарында да, әне сол тіміскелегендердің зымиян саясаты жатқаны даусыз.

Т.Айтбайұлы: Мен қоғамдық санаға ықпал ететін биліктің ұстанымын ауызға алайын. Желтоқсан – сол кездегі қазақ студент, жұмысшы жастарының ұлы ерлігі. Республиканың бірінші басшылығына ешкім білмейтін, басқарушылық деңгейі төмен, ұлтымыздың әдет-ғұрпы, жағдайынан мүлдем бейхабар әлдекімнің келуі тек қазақтарды ғана емес, елдің ертеңін де ойлайтын, ниеті түзу өзге ұлт өкілдерінің де орынды ренішін тудырды. Олар алаңға шықпағанымен, наразылықтың мәнісін шын жүректерімен түсінді. Негізінен сырттан әкелінген әскер болмаса, бұрыннан тұрып жатқан орыс пен қазақтардың арасында соншалықты айта қоярлықтай текетірес, бет шарпысқан айқай-шу, қақтығыс болған жоқ. Бірақ орталықтың ойсыз, кеудемсоқ шешімі екі ұлтқа қатты әсер етті. Өзге ұлт өкілдері қазақ халқының кеңпейіл, қандай қысталаң кездерде де жанашырлық сезімі, жасайтын жақсылығы шексіз ұлт екенін айтты. Бәрібір жоғарыдағылардың көтеріліске байланысты үстімізден күштеп таңған ойлары жаман із қалдырды. Күйенің жағылмаса да жұғатыны секілді, Желтоқсанға деген шовинистік көзқарас біздің билік тізгінін ұстаған тұлғаларымыздың бойына үрей ұялатқаны сондай, олар әлі күнге дейін жалтақ, Ресей жаққа құлақ түргіш, мойын бұрғыш. Осы қорқыныштың көрінісі шығар, көтерілістен кейін-ақ дүниеге келген сөзін ақын Әбдірахман Асылбек жазып, әуенін сазгер Әбиірбек Тінәлі шығарған «Желтоқсан желі» әні кейінгі жылдары радио, теледидарда орындалмайтын «қара тізімге» енді-ау деймін. Желтоқсанның 17-сі күні бір-екі рет берілсе – берілді, әйтпесе ол фейсбуктің ғана әніне айналған сияқты...

Желтоқсан – біздің билік үшін үрейлі ай. Алматының жоғары оқу орындары студенттердің бәрін көтеріліс күніне жеткізбей ауылдарына таратып жібереді. Мәселен, биыл да, сессия сынақтарын коронавирус қаупі төніп қалғандай болып, онлайн үлгісінде тапсырасыңдар деп, жатақханада ешқайсысын қалдырмағанын көріп, біліп жүрміз...

Бекзат Мағаз
Бекзат Мағаз

Б.Мағаз: Қоғамдық санадағы Желтоқсан көтерілісіне қатысты көзқарастың осылай формалданып, жыл сайын қайталанатын рәсімдер деңгейінде қалып қоюының сыры тереңде жатыр. Мұндай тарихи тәжірибені билік те, қоғам да көбіне «қауіпсіз форматқа» түсіріп алуға ұмтылады. Соның нәтижесінде ол тірі саяси сабақтан гөрі ресми дүниеге әлде рәсімделген естелікке айналып кетеді.

Бір жағынан, Желтоқсанның нақты саяси мәнімен бетпе-бет келуден қашу халықтың «ішкі қорқынышын» аңғартады. Себебі бұл көтеріліс билік пен азамат арасындағы қатынастың шынайы табиғаты, күш қолдану, жауапкершілік, әділет мәселелері туралы сұрақтарға қайта жауап табуға шақырады. Ал бұл сұрақтарға жауап берсек, бүгінгі саясаттан да жерініп кетесің, сондықтан Желтоқсан көтерілісін терең талдап, себебіне үңілгеннен гөрі оны бір символдық, бейтарап формада «еске алу» әлдеқайда ыңғайлы.

Ал формализм қалай басталады десек, білім беру мен қоғамдық пікір қалыптастыру жүйесінен деген жауап аламыз. Мектеп пен университет деңгейінде Желтоқсан көбіне даталар мен есімдер тізбегі ретінде оқытылады, ал оның саяси логикасы, құрылымдық себептері, салдары талқыланбайды. Қоғамның өзі де бұл тақырыппен шынайы диалогқа түсуге толық дайын емес.

– Дәл осы уақытқа дейін Желтоқсан көтерілісі кезінде құрбан болған жастарды еске алу күні Тәуелсіздік мерекесімен қапталдаса келді. Сонда бұл әу бастан-ақ, бәрін қасақана ұмыттыруға жасалған әрекет пе?

Т.Айтбайұлы: Біз барлық республикалар КСРО құрамынан шығып кетсе де, кеткісі келмей, алып елдің мұрагері болып қалған ел едік. Осындайда Ресей Федерациясының президенті Ельциннің күлкіге айналдырып, «Қайсыңа қанша тонна тәуелсіздік керек болса, соншасын алыңдар» деген сөзі еріксіз еске түседі. Біз де алдық қой. Созып-созып, әзер дегенде алдық-ау!.. Оның өзінде тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есеппен сағызша созып, қанды қасіретті ұмыттыру үшін, желтоқсанның 16-сына әкеліп тірегеніне де мән бермедік. Өйткені тәуелсіздікті ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсады. Біз ұмтылдық. Бірақ оны жариялаудың өзі өте күш болды емес пе? Себебі дәл соған дейін президент одақтың солай біржола келмеске кететініне сенбеді. Ең ақырына дейін КСРО-ның сақталуы үшін жанталаса әрекет етті. Соған қарағанда, ішінде өзі ғана білетін, басқаларымызға беймәлім бір есек дәмесі болған шығар…

Б.Мағаз: Тәуелсіздік мерекесі мен Желтоқсан құрбандарын еске алу күнінің бір уақыттық кеңістікке «сығылысып» қалуы – өткенмен жұмыс істеудің ең ыңғайлы, бірақ ең даулы тәсілдерінің бірі. Бұл модельде қайғы мен салтанат, жара мен жеңіс бір-бірін бейтараптандырады.

Тәуелсіздік – позитивті, біріктіруші, оптимистік нарратив. Ал Желтоқсан – зорлық, әділетсіздік, жауапкершілік мәселесін алға тартатын ауыр нарратив. Екеуін қатар қою арқылы екіншісінің өткірлігі жұмсарып, бірінші оқиғаның көлеңкесінде қалып қояды. Бұл ұмыттырудан гөрі «қауіпсіз есте сақтау» стратегиясы. Яғни, Желтоқсан жоққа шығарылмайды, бірақ оның дербес трагедия, дербес саяси тәжірибе ретіндегі әлеуеті шектеледі. Ол Тәуелсіздік туралы «үлкен әңгімеге» қызмет ететін қосалқы эпизодқа айналады. Ал қосалқы эпизодтан әділет талап ету де, терең талдау күту де қиын.

Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ