Желтоқсаншылар биліктен белсенді М. Мырзатайұлын бостандыққа шығаруды талап етті
16 желтоқсанда желтоқсаншылар Алматыдағы Желтоқсан құрбандарын еске алу ескерткішінің алдына келіп, сол күнгі оқиғаларды еске алды. Құран оқыды.
Кейіннен олар «араздық қоздыру» бабымен сотталған белсенді Мирболат Мырзатайұлына бостандық сұрап, пикет өткізді.
Белсендінің әпкесі Гүлнәр Мырзатайқызының айтуынша, інісі де желтоқсан көтерілісіне қатысушылар қатарында болған. Ол кезде М. Мырзатайұлының жасы 15-те екен. Белсенділер М. Мырзатайұлы жазықсыз сотталды деп есептейді. Г. Мырзатайұызы інісінің денсаулығы жоқ екенін, түрмеде жағдайы қиын екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, Мирболат Мырзатайұлы қараша айында "алауыздық қоздыру" бабымен сотталды. Алайда оның туыстары мен жақтастары бұл айыптаулармен келіспейді. Олардың айтуынша, Мирболат Мырзатайұлы өз пікірін ашық білдіргені үшін қудалауға ұшыраған, ал қозғалған қылмыстық іс саяси астары бар, заң талаптарына сай емес.