Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:33, 04 Наурыз 2022

«Желтоқсан батырлары» төрағалықты бөлісе алмай жүр

None
None

1986 жылдан бері, яғни 35-36 жылдан бері басы бір қазанға сыймай келе жатқан, сиырдың бүйрегіндей, қырыққа бөлінген бір ұйым бар.

Бір емес-ау, бірнешеу. Олар – Желтоқсан батырлары құрған әртүрлі қоғамдық бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдар. Бәрінің илегені бір терінің пұшпағы. Бөлісе алмаған несі барын кім біліпті, өздерін «Желтоқсан батырларымыз», «Кеңес одағын күйреткен баһадүрлерміз», дейтін аға-апаларымыз 1986 жылғы ерліктерін қайталай алмай келе жатқаны өкінішті! Жұмылса, жұдырық болатындай-ақ күші бар, бірақ ашық алақан сияқты берекесіз.

Редакцияға «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Құрымбаев хабарласты. Ол бірлестікті 2016 жылдан бері басқаратынын, Әділет министрлігіне жаңа жарғымен қайта тіркелгенін айтып, бірнеше жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келе жатқанын жеткізді. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, Құрымбаевтың айтуынша, бірлестіктің бұрынғы басшысы Бейсенғазы Сәдуұлы ұйымның мөрі мен құжаттарын бермей, өз алдына бөлек жұмыс істеп отырған көрінеді. Бізге көрсеткен құжаттарда «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігі құжатының жоғалғаны туралы 2009 жылы «Заң газетінде», ал мөрдің жарамсыздығы туралы «Алматы ақшамы» газетіне шыққан хабарландыру беріліпті.

Қоғамдық бірлестік 2009 жылы құрылған. Ол кездегі басшысы – Бейсенғазы Сәдуұлы болатын. Қазіргі төрағаның айтуынша, 2012 жылы Бейсенғазы Нүкен ұйымдағы азаматтармен әлдебір мәселеге байланысты келісе алмай, бірін-бірі сотқа беріп, бірлестіктің жұмысы қожырап кетеді. Сол аралықта ұйым мүшелері кеңес өткізіп, Жақсылық Жексенбаевты басшылық қызметке сайлаған. Жексенбаев ол қызметте 2013 жылға дейін ғана отырған көрінеді. Жексенбаев пен Сәдуұлы бірін-бірі сотқа сүйреп жүргенде, ұйым мүшелері бірлестіктің жұмысы тоқтап қалмасын деген ниетпен төрағалыққа Болат Құрымбаевты әкеліп отырғызады. Бұл 2016 жылдың сәуірі. Бір айдан кейін жаңа басшы ұйымды Әділет министрлігіне тіркетеді. Мұны естіген Бейсанғазы Алматының Алатау аудандық сотына «Құрымбаев менің орнымды заңсыз алып қойды», деген арыз жазған. Құрымбаевтың айтуына қарағанда, аудандық сотта Бейсенғазы Сәдуұлы жеңіліп, шешім Болат Тоқтабайұлының пайдасына шыққан. Қарсы тарап апелляциялық сотқа береді. Бірақ арыз жазған тарап екі рет сотқа келмеген соң, судья шешімді тағы да Құрымбаевтың пайдасына шығарыпты.       

Болат Тоқтабайұлының сөзіне қарағанда, Бейсенғазы Сәдуұлы әр облыс, аудан, ауылдарда жиналыс ашып, өз бетінше, төсбелгі таратып, желтоқсандықтарды марапаттап жүреді екен. Қысқасы, қазір «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің екі төрағасы басшылық қызметті бөлісе алмауда. Оның біреуі әділет министрлігіне тіркелген, екіншісінің құжаты жарамсыз деп танылған. Бұрынғы басшы былтыр 17 сәуірде конференция өткізіпті. Оны Алматының Түрксіб аудандық соты заңсыз, деп танып, шешім шығарған. Әлгі шешімде «Бейсенғазы Сәдуұлы өткізген конференция заңсыз. Таратқан куәліктері жарамсыз. Қоғамдық ұйымнан кешірім сұралсын», деп жазылған. Бірақ Бейсенғазы Сәдуұлы оған пысқырмайтын көрінеді. Болат Құрымбаев: – «Бейсенғазы жүрген жерінде ұйымның төрағасы менмін деп, ауыл-аудандардағы бірлестік мүшелерін әбден шатастырып болды», – дейді.

Өткен айда Құрымбаевтар өткізген құрылтайға Бейсенғазы келіп, шу шығарыпты. Болат Тоқтабайұлының айтуынша, Сәдуұлы республикалық газеттерге «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің басшысымын», – деп материалдар беріп тұрады екен, жұрт та екі төрағадан әбден шатасып болған сияқты. Мәселенің анығы мен қанығын білейік деген мақсатпен екінші тарап – Бейсенғазы Сәдуұлына қоңырау шалдық. Бірақ оның телефоны байланыс  аясынан тыс жерде болды.

«Жас Алаш» – ашық пікір алаңы. Бірақ желтоқсандықтар дауды өз араларында шешіп алмай, газет бұл тақырыпқа қайтып оралмайды! Қос тарапқа да осыны ескерте кетеміз.    

Тегтер: