Желтоқсан, қаңтарменен сол бір-екі ай...
«Қанды қаңтар», «қаралы қаңтар» т.б. атауларын иемденіп үлгерген қаңтардың бүгін соңғы жұлдызы.
«… Бірі ерте, біреуі жай басталатын қыстың басы» шынында да қазақ үшін қансонарға айналып кеткендей… 1986, 2011 жылдары Желтоқсан айында екі мәрте «бүргендер» Қаңтарда да қол қусырып қарап қалмады… Ол анық!
Қандай атаумен қалса да бұл қаңтардың тарих бетін айғыздап қарға жазылған қанымен қалатыны бесенеден белгілі. Енді, оны ештеңемен жуып кетіре алмайсың!
Сонау – 86-да дербестік жолында қан төгіп, Тәуелсіз ел болдық деп алақайлаған азғантай қазақтың бұл өмірден алар еншісі осы болмаса керек! Бірақ біз ештеңеден сабақ алып үйренбеген секілдіміз...
Бұл да өтер демейік. Жауап берер кезі келер.
Әрине, қансыз революция болмайды. Бұл сөзім де орынсыз естілерін білемін, бірақ расы осы. Тек бұл жолы қан шектен тыс көп төгілген сияқты.
Енді жуып-шаюға кірісеміз. Ел басындағылар кәмпит беріп алдаған баладай бас-аяғы белгісіз «Қор» құрып қарық қыламыз деп емексітуде. Неше түрлі комиссиялар мен қорғаушылар ұйымдары да құрылуда. Ертең-ақ сонау 86-дағы сияқты бұл комиссияның да бұлтың-сылтыңы көбейіп, уақыт созып, халықтың санасын сандалбайға салары да сөзсіз. Тіпті колонна бастағыш көкелеріміздің де аттары өзгеріп қалуы бек мүмкін. Не істемек керек? Жазалаушылар бұл жолы да жазадан толық құтылып кете бере ме? Сонда кім не ұтты?.. Тағы да «Айран ішкендер құтылып, шелек жалағандар тұтылып» қала бермек пе? Бұл жолы террорист атанған халық: 20 мың террорист тесігін тауып, бір мезетте өтіп кетсе, Назарбайдың шегендеген шекарасы қайда қалды? – деген орынды сұрақ қоюда. Оның жауабын кім береді?
Осы тұрғыда ойға оралған біраз нәрселерді ортаға салып көрелікші.
Мысалы ұзақ жылдар бойы Фурмановтың аты мызғымаған орталық көшелердің бірін проспектіге сай кеңейтіп бюджеттен қанша қаржы шығындап арнайы дайындай бастағанда-ақ соншама уақыт кім үшін сары майдай сақталғаны белгілі болған. Ақыры, Н.Назарбаевтың атын алған көшенің тойы ерте тарқады. Назарбаев өзі құрып, жетекшілік еткен «Нұр Отанның» ғимараттары көп жерлерде отқа оранып, тас-талқан болды. Тіпті, тас құдайға айналғысы келгендердің ескерткіштері қиратылып, ол аз десеңіз, сол ескерткіштің басын әкімшілік алдына асып кеткен суреттердің де куәсі болдық. Әрине, сорақылық. Бірақ ойланатын мәселе. Неге, «Нұр Отан» неге, Назарбаевтың ескерткіші мен көшесі? Неге «отбасының» қарамағындағы банктер мен ірі сауда желілері? Ал енді жаңадан құрылған «Қордағы» қаржы осы нысандарды қалыпқа келтіруге жұмсалса не болады? Түсінесіз бе?.. Бұл сорақылық емес пе?..
Бұл шешуін таппай отырған көп сұрақтың бірнешеуі ғана? Қалған сұрақтың жауабын қайдан алмақпыз? Жазықсыз жапа шеккендердің айыбын кім көтереді? Бұларға кім көмек көрсетпек? Тағы да өз жарасын өзі жарап жазуы керек пе, жаралы қазаққа? Сол баяғы, «Харекет», «Дәулеттен», «Сәби» сияқты сорлы қазақтың сойылын соғатын шынайы қорларға жәутеңдеп қала бере ме? Міне, алдымен, осы мәселелердің басын ашып алу керек сияқты.
Сосын, сөз соңында айтарым, Желтоқсан мен қатар жатқан, әзірге, атаусыз көшенің Қаңтар атын иемденгені ретті болар. Арасын үш мүшел аралаған Желтоқсан мен Қаңтар көшесіне деген қазақтың құрметі ешқашан төмендемейді. Ол анық!