Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:30, 15 Желтоқсан 2021

Желтоқсандағы күнәңнан арылдың ба?

None
None

                                   4132 адамға арналған ҮНДЕУ

        Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы қарсаңында бейбіт шеруге шыққан қазақ жастарын аса қатыгездікпен жазалаған, ұрып-соққан, жұмыстан, оқудан шығарған, жасанды сотқа тартып, әділетсіз жазалар белгілеген адамдардың халық пен ұлттың алдында кешірім сұрап, күнәдан арылу қажеттігін естеріне саламын. Сендер 35 жыл бойы үндемей келдіңдер; мүмкін, біреулерің «заман солай еді» деп іштей ақталатын да шығарсыңдар, ал енді біреулерің «біз басшымыздың айтқанын істедік қой» деп, сүттен ақ, судан таза болғыларың келер. Мен үндемегендерден қорқамын.

Сол сөздердің келешекте қайта айтылуынан қорқамын… Нюрнберг сотында да фашистік жендеттер барлығын Гитлерге жауып, «біз бұйрықты орындаушылар ғанамыз» деп құтылғысы келді. Естеріңде болсын, әділетсіз бұйрықты орындаушылар да сол бұйрықты берген жандармен бірдей жауап береді. Егер сендер сол уақыттағы жасаған іс-әрекеттеріңе өздерің баға беріп, ар-ұяттарыңның алдында жауап бермесеңдер, қоғамдағы ашу-ыза мен билікке деген сенімсіздік ыдырамайды.

       Сендердің арылуларыңның алғашқы қадамы – сол уақыттағы алған марапаттарыңды қайтып тапсыру акциясы болсын. Осы күнге дейін Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтарды жазалаған, сол үшін мемлекеттік марапат алғандардың ресми саны – 4169 адам. Сол кездегі «ерлігі» үшін олар төмендегідей марапатқа ие болған:

«Красная звезда» орденімен марапатталғандар – 5;

 «За трудовую доблесть» медалімен марапатталғандар – 6:

«За трудовую отличие» медалімен марапатталғандар – 5;

«За отличную службу по охране общественного порядка» медалімен

марапатталғандар – 160;

Жоғарғы Кеңестің Құрмет грамотасымен  марапатталғандар – 30;

Қазақ ССР-інің Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталғандар – 113;

«Заслужный работник МВД» белгісімен марапатталғандар – 23;

Мерзімінен бұрын шендері өсірілгендер – 24;

«За отличную службу МВД КазССР» белгісімен марапатталғандар – 217;

СССР-дің Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталғандар – 45;

Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталғандар – 335;

Ақшалай сыйлық (СССР Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен) – 53;

Ақшалай сыйлық (Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен) – 561;

«Отличник милиции» белгісімен марапатталғандар – 424;

Бұрынғы жазалары алынып тасталғандар – 13;

СССР Ішкі істер министрлігі бұйрығымен мадақталғандар – 145;

ҚазССР Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен мадақталғандар – 2005.

Олардың ішінде марапаттарын қайтып бергендердің саны – 37.

«Қрасная звезда» ордені – 1;

«За трудовую доблесть» медалі – 1;

«За отличную службу по охране общественного порядка» медалі – 23;

Қазақ ССР-інің Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы – 2;

Қазақ ССР-інің Жоғарғы Кеңесінің грамотасы – 10.

(Бұл деректер «Желтоқсан-86» құжаттар жинағының 10-томынан алынды)

        Бұл үндеу сендерді масқаралау үшін немесе жауапқа тартып, кек алу үшін жазылып отырған жоқ. Арылу – осындай әділетсіздіктің болашақта қайталанбауының бірден-бір кепілі.

       Жоғарыдағы жазба,  менің қорқынышым, осыдан бес жыл бұрын жарияланды. Бүгінге дейін, менің естуімше, осы 4132 марапат алған жандардың тек қана 13-і өздерінің марапаттарын тапсырып, өздерінің ар-ождандарының алдында арылудың алғашқы қадамын жасапты. 13 адам – 3,1 пайыз (бұған сол марапатты берген, шешім шығарған адамдарды қосыңыз). Демек, қалғандары жеңдерін түріп, қаруларын сайлап, иттерін дайындап, бұйрықты күтіп отыр. Айтпақшы, І Алматы стансасының жанындағы милицияның иттерін үйрететін жердегі қазақ қыздарын итке талатқан старшина кешеге дейін қызмет істеп, кеудесіне марапатын тағып жүріпті. Не өзгерді? Мүмкін, қазіргі жұмыс істеп жатқан саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімімен бұлардың марапатын жоққа шығаратын заң қабылдау керек болар.

       Түсінемін, арылу – істеген ісіңді мойындау болып табылады. Үндемей құтылу – ондай жағдайдың, алаңға шыққан жастарды аяусыз ұрып-соғудың болмағаны сияқты көрінеді. Бірақ ондай жағдайда «Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы не үшін берілді?», «Желтоқсанға байланысты ескерткіштер неліктен орнатылды?» деген сұрақтың туары анық. Боздақтар бар да, оларды жазалаған жауыздардың жоқ болғаны ма? Бұл – абсурд. 99 адамды соттағанда, екі адамды өлім жазасына кескенде, бірнеше мыңдаған жанды соққыға жығып, бірнеше мыңдаған жасты оқудан, жұмыстан қуғанда ешкімнің жауап бермеуі (ең болмаса өзінің арының алдында) – ақылға кірмейтін мәселе.

       Біз Шаңырақ шайқасы мен Жаңаөзен қырғынында бейбіт азаматтарға қалайша оқ атты деп таңданамыз. Меніңше, бұлар Желтоқсанда марапат алған 4132 адамның ұрпақтары. Мүмкін, тікелей баласы не немересі емес те шығар, бірақ рухани мұрагерлері. Олар Желтоқсандағы «батырлардың» өз қылмыстарын мойындамағанын, бүгінгі биліктің сол қылмыскерлерді, сол уақыттағы жасаған іс-әрекеттері үшін халық алдында кешірім сұратпағанын көріп отыр.

Тегтер: