Желтоқсанның ар ағашы
– Кешір! Кешірші, қарындасым! Өлме! Өлмеші, өлмеші..! – Жалынышты дауыс өзегімді өртеп, құлағымды шыңылдатып жіберді.
Жан тебірентерлік осы сөздерді соншалықты нәзік сезіммен айтқаннан соң әлгі кісі өксіп-өксіп жылады. Жігіт пе қыз ба дауысынан айыра алмайсың. Шырылдаған жағымсыз үн. Бірақ жылаған кезде ара-арасында қасқыр сияқты ұлыған үн шығарады. Осы үрейлі үн ғана оның еркек екенін аңғартты. Жақсы егде тартып қалған әйел маған өзі кінәлі кісідей ыңғайсыз күйде қарады. Жасы елуге жетер жетпес ол маған жетпістің о жақ бұ жағындағы кәрі кемпірдей көрінді. Ол да егіле жылап тұр. Көлдей орамалы талай мәрте ащы жасқа шыланған-ау шамасы, өте тозыңқы.
– Қайтейін, бауырым ғой. Сізді мен мұнда алдап әкелдім. Биыл осылай кіресілі, шығасылы болып жүргеніне отыз жылдан асты. Осы сөздерді айтады да еңіреп жылайды, жылайды келіп! Кейде ұзақ, кейде келте. Алғашқыда жұбататынбыз. Кейін бұған да үйрендік. Осыдан кейін бірнеше күнге жаны тыныштала ма білмеймін, жайбарақат жүреді. Сап-сау. Жұмыстарын әп-әдемі істейді. Көп сөйлемейді. Өмірінде бір көңілденіп күлгенін көрмеппін. Тұнжыраңқы күйде жүреді де қояды.
– Сонда бұл ұстамасы аяқ астынан ұстай ма? Қалай, құлап қала ма? –Келіншектің сөзін орта белінен үзіп осы сауалдарды қойдым.
– Құламайды, жүріп келе жатса кез келген жерге жүрелей отыра қалады да, әлгі сөздерді қыз тура алдында тұрғандай жалынып айта бастайды. Жатса жанталаса ұшып тұрады да жүрелейді. Ең соңында қос қолымен басын қапсыра ұстап ұлып, жылайды.
– «Қарындас» дегені кім? Аты-жөні бар ма? Өзіңіз бұл азаматтың кімі боласыз? – Менің бұл сұрақтарыма келіншек сәл ойланды да, жауап берді.
– Мен туған қарындасымын. Ал бұл «қарындасының» кім екенін алғаш сұрағанда қатты ашуланды. Содан соң іле-шала ұстамасы ұстап қалды. Тағы да сұрауға қорықтық. Бірақ «Желтоқсан оқиғасы… Қан! Қан! Жүрек!» деген сөздерді ұйықтағанда сандырақтап жиі айтады. Оның шет жағасын бағана сізге айттым. Соған қарағанда Желтоқсанға қатысқан қыз ба деп ойлаймын. Себебі ағам сол кездері Алматыда әскерде қызмет етті. Ауырып әскерден ерте қайтқанын білемін. Неде болса да бар құпиясын сізге айтатын шығар. Талай жыл сақтап келген ағамның құпиясы ашылып, сауығып кете ме деген үмітім бар.
Рас, мен бар болғаны журналиспін. Бұл әйел аудандық «Нұр Отандағы» үлкен жиналысқа бізбен бірге қатысты. Қарапайым еден жуушы. Сірә, жиналысқа адам санын көбейтіп отырсын деген оймен қатыстырған болар. Жиналыс бітіп, жұрт аяғы сирегенде маған көнетоз қызыл палтолы, басында көк шәлісі бар осы әйел келіп жолықты, жүзінде мұң бар.
– Сізге бір өтінішім бар еді,-деп бастады ол әңгімесін. – Бір адамның тағдыры сіздің қолыңызда тұр. Ол кісі сізбен тікелей сөйлескісі келеді. Әйтпесе ол адам өліп кетуі мүмкін.
Мен мына сөзге елең етіп, тағданып қалдым.
– Ол кісі мені қайдан біледі? – дедім жұлып алғандай. Әйелдің тұнжыраңқы жүзі селт етпеді. Иығын қиқаң еткізіп:
– Оны өзінен сұрауыңызға болады. Мен жеткізушімін ғана. Бармасаңыз өмірбақи өкінуіңіз әбден мүмкін. Сірә, менімен бірге ол кісіге барғаныңыз жөн, – деді кесімді түрде. Басымды шайқап тұрдым-тұрдым да, оған сауал тастадым.
– Кім ол? Не үшін өлгісі келеді? – Әйел үнсіз сәл тұрды да:
– Менімше ол кісі Желтоқсан оқиғасына қатысқан. Содан рухани жарақат алған. Ал сіздің бұл оқиғаға не қатысыңыз барын білмедім.
Уақытым тым тығыз еді. Бару-бармау жөнінде мына үрейлі сөзден кейін бас қатырудың өзі әбес болатын. Себебі бір адамның тағдыры менің қолымда тұр ғой. Жанымда бұл әңгімені тыңдап тұрған партияның қызметкері келіншек маған сезіктене қарағандай болды. Мен оған қарадым. «Не істейміз?» демекші едім. Ол кісі сезімтал екен.
– Баруыңыз керек. Ол қайда тұрады? – деді әйелге қарап. Еден жуушы әйел қуанып кеткендей көрінді.
– Аса алыс емес. Жүріңіздер, ертіп барайын.
– Аға, сізді мен осы жерден күтейін. Менің машинаммен барып келіңіз.
– Кеттік, бастаңыз! – Шешімді шұғыл қабылдап, әйелге жол сілтедім...
Енді міне ұлып жылап тұрған кісінің бөлмесінің есігінің алдындамын.
– Кешіріңіз, аға! Амал жоқ осы әдіске бардым. Талай журналистерге өтініш еттім. Келмеді. Өйткені олардың да сіз сияқты, уақыты жоқ. Ал ағамның өтініш айтқанына бір жылдан асты. Енді не істеймін? Ағам көз алдымда уақыт өткен сайын күзгі жапырақтай солып барады. Қалайда бірдеңе істеу керек болды. Журналист екеніңізді алдын ала біліп, жиналысқа арнайы қатыстым. Ауыл туралы әңгімеңіз ұнады. – Әйелдің жүзі төменшіктеді. Тағы да жылап тұр. Бауырына деген махаббатына ризашылығым оған ұрсуға кедергі жасады. Үндемедім.
– Әне, ағам үндемей қалды. Яғни өз өзіне келді деген сөз. Мен кіріп шығайын. – Әйел менің сөзімді күтпей бөлмеге кіріп кетті. Мен іштей қорқып, үрейленіп тұрмын. Көп өткен жоқ. Әйел асыға шықты.
– Бәрі жақсы. Ағам қазір киініп шығады. Жүріңіз, залға барайық. Дастарқан дайын. «Қуыс үйден құр шықпа!» деген ғой бабаларымыз. Шәй ішіп кетіңіз. Бір жағынан ағамның құпия сырын да тыңдайсыз. – Әйелдің тұнжыр қабағы жазылып, көңілденген сияқты көрінді маған.
Залда шынында да дастарқан жасалынып қойылыпты. Қу әйел бұл кездесуге алдын ала дайындалған тәрізді. Бөлме салқындау. Желтоқсан айының басы. Шығыстың ақтүтек боранды аязы басталып жатыр. Түнде Алматыға баратын ұшаққа билетім бар. Алдымен Қалбатаудан Өскеменге баруым тиіс.
– Көмір жағамыз. Қаражалдың көмірі өте қымбат. Ағамның мүгедектікке төлейтін ақшасы мен менің азын аулақ айлығым ештеңеге жетпейді. От жақпасақ және болмайды-деп әйел өзінің жеке жағдайын айтып шағынды. Мен басымды изесем де тағы да үндемедім.
– Әне, келе жатыр. Мен ертіп келейін,-деп ол жылдам шығып кетті. Жүрегім өрекпіп, үрей иектегендей болды. Әрине іштегі толғанысымды басып, сабырлылық сақтауға тырыстым. Оның алдымен таяғы кірді. Сәт өтпей орақ мұрынды, көздері қызарыңқы, жүзін әжім шимайлаған төртпақ денелі, шашы қудай адам талтайып маған қарап тұрды. Біртүрлі сынай қарайтындай. «Осыған сыр айтуға бола ма, болмай ма?» дегендей.
– Сәлеметсіз бе? – Дауысы шынында да жіңішкелеу екен.
– Сәлем! – дедім мен мейлінше еркін де ашық, ақжарқын көрінуге тырысып.
– Аға, қысылмаңыз. Сізге айтқан журналист аға осы кісі. Әңгімелесу үшін арнайы келіп отыр.
Жайбарақат түрін көріп жүрегім орныққан мен оған қарсы жүрдім. Ол да маған қарай бір-екі қадам жасады. Аяқтары өзіне бағынбайтындай көрінді. Таяғын сол қолына ауыстырып оң қолын ұсынды. Құрмет көрсетіп оның арық қолын сәл қысыңқырап білінер білінбес етіп сілкіп-сілкіп қойдым. Бұл көңілі жарымжан адамды демеу ретінде қолданылған әдісім еді. Байқаймын оның тұнжыраңқы әжімді жүзіне сызаттап күлкінің нышандары жүгіргендей болды.
– Менің атым Тайыр, – дедім осы сәт жөпелдемете сөйлеп. Ол сасып қалды.
– Мен… мен… Мишамын. Жо-жоқ, Мейрам, Мейрам! – Сөздерін ежіктеп әрең айтты. Осы бір тосыңқы жағдайдан құтқарғысы келді ме, әйел:
– Қанеки, мырзалар, дастарқан басына жайғасайық. Қанеки, қанеки қысылмаңыздар! – деп дабыстай сөйлеп, ағасының қолтығынан демеді. Мейрам екеуміз қатар жайғастық. Қолдары болар-болмас дірілдеп тұрды. Толқып отыр білем...
Дәл осы мезетте бейтарап әңгіме қажеттігін сезініп келген сапарымның мән-жайын қысқаша тәптіштей баяндадым. Мейрам көп сөйлемеді. Көпке дейін менің сұрақтарыма қысқа-қысқа жауап бергені болмаса шешіліп кетпеді. Әрине, «шақырған сен, жауап берсең бер, бермесең қой» дегендей кейіп танытуға болар еді. Бірақ мен жазушымын ғой. Арнайы келген соң кейіпкерімнің құпиясын тыңдауға құштар екенімді несіне жасырайын. Ақыры ол сәттің де мүмкіндігі туды. Ол түйінді шешкен Мейрамның өзі. Көп ойланып, толғанғаны, ішіндегі жылдар бойына жиналған барлық құсасын біржола төгіп жеңілдегісі келетінін байқадым. Ол алдымен өзінің соншама жылдар бойына сақтап келген сыр-қоймасын жайлап ашқандай болды. Әрине, ол іштей өзін қанша қайраса да әбден басылып, жаншылып қалған көңілі еркіне бағынбай тұрғанын сездім. Сездім де дәл осы сәтте батыл қадам жасап оның көңіл пернесін дәл басуға тырысып, жігеріне жігер қосқым келді.
– Менің сізді шақырғанымның мәнісін қарындасым шет жағасын айтты ма, айтпады ма білмеймін. Бірақ бүгін және дәл қазір бар жиған-терген ойымды жеткізгім келеді,-деді Мейрам кенеттен біздің сөз арнамызды негізгі мәселеге аударғысы келіп. Мен оның ниетіне қатты қуанып кетіп, сөйлеймін дегенше қарындасы киіп кетті.
– Ағатай, қысылмаңыз айтыңыз. Бұл кісі іссапарда жүр. Сонау Алматыдан келіп отыр. Арнайы сізге келді. – Қарындасының осы жерде ағасының сөзін іліп кеткені маған үлкен демеу болды.
– Мәке, қарындасыңыз дұрыс айтады. Бар зейінім сізде, – деп мен сәл бөгеліс жасап іле сөзімді тез жалғастырдым. – Қолымнан келгенін аянбаймын. «Айтылмаса сөз жетім» дегендей іштегі запыранды төкпесе ол жазылмас ауруға ұшыратады. Сіздің ішіңізде не барын, қандай сыр жатқанын білмеймін, бірақ қысылғанда айтқан бірнеше сөзіңіздің батпандай ауырлығын сезгендеймін. Кім, кім ол қарындасыңыз? Ол неден өліп барады? Менімше сіз төгетін запыран осыдан басталатын сияқты.
Басын төмен салып отырған Мейрам селт ете қалып, маған бағжия қарап қалды. Бір сөзден жаза басып кеттім бе деп қыбыжықтап қалдым. Ауырып қала ма деп қорыққан болуы керек қарындасы қолындағы шай толы кесесін жерге түсіріп алды.
– Ойбай, не істедім? Кешіріңіздер, кешіріңіздер, мен қазір тез жинаймын, –дей беріп, сынған кесенің сынықтарыне тез-тез жинай бастады.
– Оқасы жоқ, шынының сынғаны бәле-жаланың кете бастағаны, – деп мен де бұл оқиғаны жақсылыққа бет бұрғансыдым.
Маған бағжиып қараған кейіпкерімнің назары да осы сынған кесеге ауғанын байқап отырмын. Шынында да мұны жақсылыққа баладым.
– Тайыр бауырым! Бұл кесе босқа жерге түсіп сынған жоқ. Менің бар абыройым кезінде осылай төгіліп, болашақ өмірім сынған кеседей қайта жиналмастай быт-шыт болды.
Енді мен мына теңеуге селт ете қалып, Мейрамға таң қала қарадым. Не деген ғажайып теңеу! Дәл де нақпа- нақ үйлесім. Ештеңені алып-қоса алмайсың. «Қой, өйтіп айтпа! Бәрі дұрыс болады» деп оны жұбата да алмадым. Әйел өз ісімен әуре. Шылдырлатып кесенің сынықтарын жинап күйбеңдеп жүр… Мейрам үлкен арналы әңгіме шертуге дайындалғандай ауаны кеудесін кере жұтып, маған бұрылмастан әңгімесін бастады.
– Желтоқсан көтерілісін сен білетін боларсың? – Әңгімесін үзді.
– Білем, білем. – Осы сәтте қарындасының «Желтоқсанға қатысты болуы керек» деген сөзі есіме сарт ете түсті.
– Білсең бұл көтеріліс кімнің кім екенін, өз ұлтын, елін сүйе ме, сүймей ме, ол үшін күресе ала ма, алмай ма деген сауалдардың жауаптарын беріп, ара жігін ашты. Көтерілісті сырттан бақылап, үйлерінде тығылып жатқандар қаншама! Тағы да біреулер болды. Олар көтеріліске шыққан батырларды жазалауға шімірікпей қатысып, сатқындық жасады. Сатқындық! Иә, оларды мен осылай атаймын. Олар сатқындар! Өзінің ұлтына, қаракөз бауырларына қарсы шыққан зұлымдарды енді не деп айтамыз?
Бәріне кінәлі мендей Мейрам маған қаһарлана қарады. Мен сасқалақтап оның қарындасына жалтақтадым.
– Міне, нағыз сатқындар солар! Мен де сол сатқындардың бірімін. Мен зұлым болдым! Өз бауырыма, оның ішінде өте әлсіз қыздарға, қарындастарыма қол көтердім. Тек қол көтергенім жоқ, оны өлтірдім. Білесің бе, оны мына оңбаған қолдарыммен күрекпен қыздың кеудесіне шаншыдым. Миын ақтардым. Мен зұлыммын! Мен жауызбын! Отыз жылдан бері мен сол бейкүнә қарындасымнан кешірім өтініп келемін. Бірақ ол кешірмейді. Себебі менің істеген жауыздығым ешқашан кешірілмейді. Ол менің миымнан содан бері ешқашан шыққан емес. Ұйықтасам да ол миы ақтарылған, кеудесінен қаны шапшыған күйі маған қарап тұрады. Оны мен күн сайын түсімде көремін. Маған ол маза бермейді. Мені жынды етті ол. Менің жазам осы! Мендей зұлымға, жауызға сол керек! Со-ол, сол керек! Шіркін-ай, менің басымды жаратын адам табылып, миымды шашса, денемді парша-парша етіп кессе рахаттанар едім. Мен бүйтіп өмірбақи қиналмас едім. Жаным тыныш табар еді. Жо-жоқ, маған осы жаза лайық. Кісі өлтіргенім үшін мені соттап, түрмеге қамау керек еді. Бірақ ол әділ жаза емес! Білесің бе, әй, журналист, ол әділ жаза емес, жаза емес. Менің жазамды Алланың өзі берді. Ар соты мені соттап, жазасын берді. Маған сол керек! Сол, со-ол!-деп Мейрам пулемет тәрізді төккен сөздерін үзіп, басын жұдырықтарымен аяусыз соққылай бастады.
– Оның не? Қой, қой! Тоқтатшы, есіңді жишы, Мейрам аға! – деп қарындасымен екеуміз екі жақтан оның өзін өзі соққылаған қолдарын ұстап, тоқтатуға тырыстық. Ол біршама уақыт өз-өзіне келе алмады. Сабасына түскен соң қарындасы тарақ әкеліп дода-дода болған Мейрамның шашын тарады.
– Кешіріңіз, аға! Осындай ұстамсыздығым бар. Сізді шақырып алып, анайы мінез көрсеткенім дұрыс болмады. Кешіріңізші, – деп Мейрам маған қос қолын ұсынып, қалт-құлт етіп орнынан тұруға тырысты.
– Тұрмай-ақ қой. Кешірім де сұрама! Тек сенен өтінерім болған уақиғаны байыппен айт. Өткен іс өтті. Өкініп отырсың. Ішіңде жылдар бойына айта алмай келген ащы сырыңды айтқың келеді. Мен оны түсіндім. Желтоқсан көтерілісі кезінде жасаған оқыс әрекетің өмір бойы ар-ұжданыңды қозғап, маза бермей келеді. Өткенді қайта оралта алмайсың, бауырым! Әбестік жасадың ба, жауап бересің. Оны ар соты дейміз бе, әлде заңдық тұрғыдан жаза қолданыла ма оған неде болса да уақыт төреші. Ең бастысы Алланың алдында жасаған күнәларымыз үшін бәріміз жауап береміз. Алла кешірімді. Сен өзің жасаған күнәң үшін қатты өкінесің. Кешірім сұрағың келеді. Кешірім сұра! Жүрегіңмен сұра! Ал сөз тізгіні өзіңде. Сөйле, Мейрам! Қысылма! – деп мен ағалығымды білдіріп оған жігер бере сөйледім. Мейрам әрбір сөзіме басын изеп, құптап отырды. Жүзіне сенімділік ұялағандай болды.
– Ағатай, рахмет сізге. Менің көзімді аштыңыз. Жаным жай тапты. Сіз сөйлеп жатқанда мен не айтатынымды жұптап қойдым. Ал онда маған рұқсат етіңіз, әңгімемді бастайын.
– Рұқсат, рұқсат! Баста, Мейрамжан!
– Жаңа қызуқанды әңгімемнен аңғарған боларсыз. Біз барикаданың аржағында болып, алаңға келген қазақ жастарына қарсы тұрдық. Әскери училищеде оқып жүрдік. Алматыда екі апталық полигонда едік. Бір күні дабыл үні құлақ тұндыра гуілдеп бізді сапқа тұруға шақырды. «Не боп қалды? аяқ астынан» деп жанталаса сапқа тұруға асықтық. Кезекші айқайлап тұр: «Дауыл көтерілді! Тез сапқа тұрыңыздар!» Жүгіріп келе жатып кезекшіден не болғанын сұрадық. «Сендердікі көтеріліп жатыр!» деді ол маған жақтырмай қарап. «Олар кімдер екен?» деп таң қалдық. Сап алдында тұрған офицерлердің жүздері әдеттегіден қаһарлы көрінді. «Отанымызға сатқындар қауіп төндіріп жатыр. Олар бала бақшаларды өртеп, балаларды да аямауда. Машиналарды төңкеріп тастап, қиратып өртеуде. Біз оларды жер жастандырып, отанымызды қорғап қалуымыз тиіс. Кез келген уақытта дайын болыңдар!» деді рота командирі. Әрине, сол сәтте біз ештеңеге түсінбей бірауыздан командирді қолдадық.
Саяси сабақта отырғанда тағы да дабыл көтерілді. Дулығамызды киіп, күрегімізді асынып сақадай сай тұрдық. Біз барғанда Брежнев алаңы қазандай бұрқ-сарқ қайнап жатыр екен. Алыстан алаңнан бізбен құралпы қазақ жастарын көріп тұрмыз. Дауыстары ап-анық естіледі. Бейбіт түрде тілектерін, өтініштерін айтып жатқанын естіп, командирдің сапта жеткізген суық хабарына таң қалдым. «Жауыздар қырып, өртеп жатыр» дегені қайда? Жауынгерлер бір-бірімізге қарадық. Дегенмен бар зейініміз алаңда. Ортада мыңдаған жастар. Жан-жағын бес қаруы сай қос-қос саппен арнайы дайындалған және ішкі әскер, өрт сөндірушілер қоршаған. Іштей оларды аяп кеттім. Не үшін? Өз ұлтынан басшы қоюды талап еткені үшін бе? Мен қандайда бір әділетсіздік барын ұққандаймын. Бұл ойларымды кімге айтпақпын? Взводта екі-ақ қазақпыз. Айтпақшы Конев училищесінде Жанкелді деген досым бар. Қызық, Жанкелдіні еске алғаным сол еді, Океан деген дүкеннің жанына үш БТР және әскери жүк машиналары келіп тоқтады. Жанкелді осы БТР-дің біреуінде отырған болар деп ойладым. Кенет бір офицер шығып қызыл жалаумен команда бере бастады. Шошып кеттім. Алып БТР-лар жастарға қарсы оқ атпақ па, әлде… Жо-жоқ, түтіндерін бұрқ-бұрқ еткізген БТР-лар қалың топқа қарсы жүрді. Жүрегім зырқ ете түсті. Ойбай-ау, сонда адамдарды таптап өтпекші ме? Алдыңғы БТР сәл тоқтады. Офицер жалауын қайта-қайта ызалана бұлғағанын көрдім. Олар қайта жүрді. Масқара! Өз көзіме сенбедім. Жо-жо-оқ! Айқайлап жіберіппін. Автобустағы жауынгерлер маған жалт-жалт қарасты. БТР-лар адамдарды таптап кетіп бара жатты. Мұндай зұлымдықты күтпеген уыздай жап-жас қазақтар қашуға үлгермей қан-қан болып дөңгелектер астында шашылып жатты. Аузым ашылып, денем сіресіп қалды. Біреу басымнан періп жіберді. «Алаңға! Күректеріңді алып тез түсіңдер!» деген команда берілді. Қалай секіріп түскенімді білмеймін. Күректерімізді кеудемізде көлденең ұстап тұрмыз. Алаңда одан сайын қарбалас басталған. Мұндай сұмдыққа жандары шыдамаған, ызаланған байғұс қазақтар БТР-ларға тас, тағы да бір заттарды лақтыра бастапты. Үш бірдей БТР маңдайға ұрғандай тоқтап қалған. Бір орыс генералы келіп бізге команда берді: «Ұлдарым! БТР-лар тосқауылға тап болды. Жол ашу керек! Сапер күректеріңмен шабуылға!» деді. Мына сұмдық көріністерді миыма сыйғыза алмай есеңгіреп тұрған мені жауынгерлер легі алға итеріп жаңқадай ала жөнелді. Күрегімізді найза сияқты ұстанған біз бірінің қолдарын бірі ұстап, иықтаса тұрған көтерілісшілер сапына жақындап келе жатқанымызды байқап қалдым. Тоқтай алмайсың. Арттағылар таптап кетеді. Кенет тағы бір сұмдық көрініске тап болдым. Менен сәл ілкері кеткен орыс жауынгері сапер жүрегімен бір қазақ қызының басын жойқын соққымен ұрып жіберді. Қыздың бас киімі аспанға ұшты. Не көрдің дейсіз ғой? Жарылған басты және әппақ миды көрдім! Соншама жақын жерден көргенім сонша ми жүрек сияқты лүпілдей соғып тұрды. Ұруын ұрса да жауынгер сасқанынан отыра қалды. «Тұр-р, оңбаған!» деген командирдің қаһарлы үнімен қатар алдымда көлденең ұстаған күрегімнің кірш етіп әлденеге кіргенін естідім. Бір қызбен бетпе -бет келіп, соқтыққанымды аңғардым. Сәл есімді жиғанымда байқағаным менің өткір қылпыған күрегім қыздың кеудесіне кәдімгідей кіріп кеткен! Ойбай-ау, мен не істедім? деген сұмдық ой жүрегімді қарып өтті. Сасқанымнан күрегімді кері қарай жұлып алдым. Кеудеден қан бұрқ етті. Қыздың шалқалап құлап бара жатқанын байқадым. «Кешір! Кешірші, қарындасым! Өлме! Өлмеші, өлмеші..!» деп айқайлап айтқанымды білемін. Құлап бара жатқанда басымнан қатты соққы тигенін аңғарып қалдым. Қалғаны есімде жоқ. Кейін білгенім мені жауынгерлер сүйреп автобусқа салыпты. Иә, есімді орындықта бүктүсіп отырғанда жидым. Әскери дәрігер келіп жанымда тұр екен.
Мейрам осы сұмдық әңгімесін айтып болған соң бұрынғыдай басын соққылап жылаған жоқ. Бірақ көз жасы көл болып айғыз-айғыз әжімдерін қуалай төгіліп жатыр, төгіліп жатыр. Ол ащы тамшылар кеудесін жуып бейне бар құсасын тазалап жатқандай. Ақиқаттың қуаты, айтылған шындық, қара тастан да ауыр көріністер жүрегімізді ара талап жатқандай күйге ұшыратты. Өзім қатыспасам да Желтоқсан көтерілісі туралы біраз білуші едім. «Өліктерді қоқысқа, сайларға апарып төккен» деген әңгімені естігенмен оның шындығына жете алмай күмәнда едік. «Өлгендер саны бұдан да көп болған» деген сөзді де құлағымыз шалды. Ау, көтеріліс өткеніне талай жыл өтті, оның үстіне енді тәуелсіз елміз. Ата-аналары ұл-қыздарын неге іздемейді?» деген уәж оны да тұншықтыратын. Ал мына жантүршіктерлік оқиғаны тірі адамнан, куәгерден естіп тұрмыз.
– Кейін естідім, біздің үш взводтың жауынгерлері сапер күректерімен қарусыз адамдарды қыз демей, ұл демей аяусыз шауып, кескілеген, – деп Мейрам әңгімесін жалғастырды. – Ес жиғанда көргенім олардың күректері, үсті-бастары қан-қан еді. Беттеріне дейін қан шашыраған. Күректерінен қыздардың шаштарын көрдім. БТР-лердің астына түскені, жауыздардың қолдарынан өлгені бар өліктер өте көп болған. Оны мен Жорадан, жо-жоқ Жанкелдіден естідім. Иә, иә, менің бірге жүрген жауынгерлердің көбін мен жауыздар дер едім. Қанды, шашты көргенде жаным түршікті. Құстым. Жыладым. «Жауыздар, қалай дәттерің барып әлсіз адамдарды өлтірдіңдер! Сендер кісі өлтіргіш жауызсыңдар!» Иә, осылай деп оларға тап беріппін. Мені бірден ақ халаттылар алып кетті. Менен басқа өз көзіммен көрген қыздың басын шапқан орыс жігіті де шошымалы ауруға ұшырады. Командир мені ауруханаға бір адаммен іздеп келді. «Сен бала тыныш жүр, аузыңды жауып. Сен де жауызсың! Менің көзімше бір қызды өлтірдің. Егер сөз шығарсаң сотталасың!» деді ол тұздай көздерін маған қадай сөйлеп. Не дейін, мен жауыз екенімді сонда мойындағанмын. Аруақ қыз және қаршын кеткен аруақтар алдында бас иемін. Бірақ олар кешірер ме екен бізді?
Мейрам әңгімесін үзіп тұнжыраңқы қалпына қайта оралды. Төмен қарап бүкшиіп отыр. Иығы селк-селк етеді. Тағы да жылап отыр… Мен оны іштей қатты аяп кеттім. Бірақ жұбата алмадым.
Кетер кезімде ол маған екі видео берді. «Мыналарды Жанкелдінің сол кезде көргендері жөнінде айтқан әңгімелері бар. Керек болар, алыңыз. Сізге көп рахмет!» деді маған ол ризашылықпен қарап. Жиырма минуттық видео-әңгімеде сол оқиғаларды айта отырып, БТР-лердің көтерілісшілерді жаншығанын растайды. Ол оқиға кезінде Жанкелді жүк машинасында отырыпты. Өзін кінәлі сезінеді. Кешірім сұрайды. Ара-арасында жылап алады. Ол сөзінде тағы бір ақиқаттың бетін ашады. Алаңдағы мінбердің жанынан қатар-қатар жатқан өліктерді көрген. Санаған. 17 өлік. Тоғызы қыз, қалғаны ұл. Жанындағы әскери офицердің айтуынша өліктер саны жетпіске жуықтайды. Бәлкім одан да көп. Ащы да қанды шындықтың шеті қылтиды. Бұл шеті ғана болар. Көп шындық алыстан менмұндалайды. Қанды шындықты өздері көрген жаны таза, арлы адамдар мен жасырулы жатқан мұрағат арқылы жете ме, әйтеуір күндердің күнінде ащы ақиқат бұлттан шыққан күндей алдымыздан жарқ етіп шығары анық. Сол кезде… Сол кезде… тығыларға қара таппай қалатындар не істейді екен?
***
Мейрам айтқан шындық жаныма тыным таптырмай көп күндер, түндер жиі-жиі мазалап, оны ақ қағаз бетіне түсіргенше жүрегім байыз таппады. Миы ақтарылған, кеудесінен қан шапшыған нәзік жандар, сапер күректерімен бейкүнә адамдарды аяусыз шапқылаған, үсті-бастары қан-қан жауыздар, ары шыдатпаған естері кіресілі-шығасылы түс көріп шыңғырған мұңлықтар, арқыраған алып БТР-лердің дөңгелектерінің астында тапталғандар көкейден, көз алдымнан кетпей қойды. Желтоқсанда қыршын кеткендер аруақтары қашан олардың мүрделері имани жолмен көмілгенше тірілерге маза бермейтіні анық. Олар қайда жатыр екен? Ары өмір бойы шыдатпай, ақырында іштеріндегі құсасын ақтарып жеңілдегісі келгендер көп шығар. Ең жаманы баррикаданың ар жағында өз ұлтына, өз бауырларына қарсы шыққандарды қорқақ десек те, әлде сатқын десек те ол аз. Әйтеуір Ар ағашының алдына біреулері еркінен тыс зорлықпен әкелінсе, ал енді біреулер Мейрам, Жанкелді сияқты өз еркімен дар ағашының жібіне бастарын өздері сұғар. Сөйтіп кір шалған арын тазалап алар. Ал қалғандары ше? Қалғандары...