Желтоқсаншылар жеткілікті деңгейде құрметтеліп жатыр ма?

Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қолдауымен Төле би – Абылай хан көшелерінің қиылысындағы саябаққа 1986 жылы көтеріліске шыққан, сол кезде қаза тапқан ұл-қыздардың құрметіне «Желтоқсан-86» деген атау берілмек.
Ескі алаңның артында орналасқан атауы жоқ танымбақты желтоқсаншылар атымен ашу үшін Патриоттық қозғалыс «желтоқсан ақиқаты» республикалық ұйым бірлестігінің төрағасы Сайфолда Бейсенбай біраз есікті тоздырғанын айтады:
– Алматы қаласының әкімі Есімовтың тұсында желтоқсаншылар саябағы туралы мәселе қозғалған болатын. Құжатқа 2012 жылдың сәуір айында сол жылдағы вице-министр Арман Қырықбаев қол қойған. Онда Желтоқсан оқиғасына қатысқандарға арнайы ескерткіштер тұрғызу және «желтоқсан саябағы» деген атпен саябақты жергілікті атқарушы органдардың тарапынан ашылуы тиіс делінген. Кейін Бауыржан Байбек қала әкімі болып тағайындалған кезде де бұл мәселе толық қолдау тапты. Алматыдағы 4 саябақтың біреуін таңдауды ұсынды. Біздің таңдауымыз Төле би мен Абылай хан көшелерінің қиылысындағы саябаққа түсті. Алайда осыдан 8 жыл бұрын қолдау тапқан мәселе түрлі себептермен кейінге шегеріліп келді. Биылғы жылдың ақпанында Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасы Алмалы ауданындағы «Северный» саябағының атауын «Желтоқсан-86» бағы деп ауыстыруға қарсы еместігін білдірді. Бірақ ешқандай жұмыс істелмегендіктен, наурыз айында Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдадым. Онда А.Есімов пен Б.Байбек тұсында саябақтың желтоқсандықтарға берілуі тұрғысында қолдау тапқандығы, алайда санақ мараторийіне байланысты кейінге шегеріліп жатқандығы, аталмыш танымбақтың Ұлттық санаққа ешқандай қатысы жоқ екендігі, Тәуелсіздіктің қарлығашы болған, қазақтың намысын қорғап, жастығын қиған қыздар мен жігіттер құрметіне саябақ берілуі талап етілген. Талай мекеменің табалдырыған тоздырып жүріп, ақыр соңында танымбақтың биыл ашылатындығы туралы құжатпен таныстық.
Бұл желтоқсаншыларды жауыр еткен жалғыз мәселе емес. «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасы заңының 24-бабында тұрғын үй-жайды меншікке тегін алуға, бірінші кезекте телефон орнатуға, бау-бақша қоғамдарына және тұрғын үй-құрылыс кооперативтеріне бірінші кезекте кіруге, сонымен қатар коммуналдық қызмет көрсетулер үшін, телефонды пайдаланғаны үшін, қалалық жолаушылар көлігінің барлық түрімен (таксиден басқа) жүруге және темір жолда, су, әуе, қалааралық көлікте жылына бір рет қатынауға жұмсалатын шығындарды төлеу үшін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленетіні жазылған. Алайда ұйым төрағасы аталмыш заңнан мәслихат депутаттарының қаулысы күштірек екенін айтады:
– Мәслихат депутаттары Садықов, Қазанбаев, Матажанов, Алшанов, т.с.с. қаулы шығарады. Ол қаулы заңда көрсетілгендерді пайдалануымызға мүмкіндік бермейді. 6 ай уақыт ішінде әрең дегенде қоғамдық көлікте тегін жүру картасын алдық. Желтоқсаншы жігіттер жұмыссыз жүр, қыздарымыз мекеменің еденін жуады. Екі жұмысқа қатынау керек болдық. Сол кездері «Оңай» тексерушілері қыз-жігіттерімізді көліктен түсіріп тастап, талай абақтыдан шығарып алған кездеріміз болған. Сондықтан бізге қоғамдық көлікте тегін жүру аса қажеттілік тудырды. Талай жердің есігін қағып жүріп, бұл мәселені де қиындықпен шештік. Басқа да әлеуметтік жеңілдіктерді іске асыру үшін табанымызды тағы да тоздыруға тура келеді.