Жемірлердің мүлкі мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр
Алматының экс-әкімі Виктор Храпуновтан тәркіленген жердің бір бөлігінің жалпы құны 4,8 миллиард теңге болады.
LS агенттігінің жазуынша, Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2018 жылғы 28 қазандағы үкімімен Шығыс Қазақстан облысында 80 гектардан астам 7 жер телімі тәркіленген. Ол жер учаскелерінде ешқандай ғимарат салынбаған. Сондай-ақ бір кеңсе тәркіленді.
«Учаскелер мемлекеттік мүлікті басқару органы рұқсат берген тәртіппен сатылады немесе пайдалануға беріледі», — деп түсіндірді Әділет министрлігі.
Ведомстводағылар қазірдің өзінде аталған кеңсе мен төрт жер телімі Шығыс Қазақстан облысының Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне, сондай-ақ коммуналдық меншікке берілгенін атап өтті. Олардың жалпы құны 4,8 млрд теңгені құраған.
«Қалған үш жер учаскесі бойынша Абай облысы Самар ауданының коммуналдық меншігіне беру жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деді министрлік.