Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 10 Шілде 2025

Жемқорларда сақ дәуірінің әшекейі қайдан жүр?

ақша
Фото: из открытых источников

Қазақстанда соңғы жылдары жүзеге асып жатқан ең маңызды реформалардың бірі – кезінде бармақ басты, көз қыстымен қолды болып кеткен активтерді мемлекетке қайтару. 2023 жылдың шілдесінде күшіне енген «Заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңнан кейін қоғамды дүрліктіріп жатқан заңсыз активтерді қайтару процесін одан әрі үдетті.

Соның ішінде ерекше атап өтерлік жайт, жақында мемлекет меншігіне қайтарылған активтердің арасында тек ақша немесе ғимараттар ғана емес, тарихи және мәдени құндылықтар да бар екені айтылды. Сақ дәуіріне тиесілі делінетін алтын әшекейлер соның айғағы. Бүгінде олар Ұлттық музейге берілген.

Ал жалпы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің деректеріне сүйенсек, жалпы сомасы 1 трлн теңгеден асатын активтер мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның ішінде 667 млрд теңге арнайы шотқа ақша түрінде түскен болса, тағы 103 млрд теңге жылжымайтын мүлік пен басқа да активтер ретінде келген.

Аталған құзырлы органдар енді сол ауқымды қаражаттың ел болашағы үшін қалай жұмсалып жатқанын ұдайы таныстырып келеді. 2025 жылғы 27 маусымдағы жағдай бойынша арнайы мемлекеттік қорда 103,4 млрд теңге қалған. Ал жалпы түсім 433,3 млрд теңгені құрап, оның 329,9 млрд-ы халық үшін маңызды жобаларға бағытталған. Қазіргі таңда бұл қаражат есебінен 406 әлеуметтік маңызы бар жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 230-ы сумен жабдықтау саласында (160,6 млрд тг), 162-сі денсаулық сақтау (100,4 млрд тг), 10-ы білім беру (24 млрд тг) және 4 жоба спорт саласында (33,1 млрд тг) игерілуде.

Жуырда сол қаражаттың қалай игеріліп жатқанына көз жеткізу үшін Антикор өкілдері арнайылап, еліміздің әр өңірінде баспасөз-турларын ұйымдастырды. Онда мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынған немесе жөнделген әлеуметтік нысандар көрсетілді. Мәселен, Алматы қаласында Maisat бизнес-орталығы География және су қауіпсіздігі институтына берілсе, 7,9 млрд теңге тұратын KaisarTower бизнес-орталығы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің иелігіне өткен. Сонымен қатар құны 800 млн теңгеден асатын әкімшілік ғимарат Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының меншігі болған. Ал елордада құны 5 млрд теңгеге тең үш жеке үй Астана қаласы әкімдігінің мүгедектігі бар балаларға арналған «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» мекемесіне табысталған.

Одан бөлек, арнайы құрылған Білім инфрақұрылымын қолдау қорының шотына 153,3 млрд теңге (329 млн доллар) аударылған. Бұл қаражат есебінен 89 мектептің құрылысы қаржыландырылды. Олардың 61-і қазір пайдалануға берілген, ал 2025 жылы тағы 28 мектептің есігі ашылады деп күтіледі. Бір ғана қордың көмегімен 100 мың оқушыға арналған орын мәселесі шешіліп жатыр.

Шарапат БИҒАЛЫМБЕК