Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:30

Жемқорлық дауына іліккен Сәкен Мұсайбеков спорт саласына оралды

Мұсайбеков
Фото: zhasalash.kz

Hermes сөмкесімен ұсталған шенеунік енді «Барыс» хоккей клубының бас директоры болды.

Бұрын парамен ұсталып, сотталғанына қарамастан, Сәкен Мұсайбеков жоғары лауазымдарын сақтап қалды. Ол бүгінде Ұлттық Олимпиада комитетінде қызметін жалғастырып қана қоймай, енді «Барыс» хоккей клубының бас директоры болып тағайындалды.

Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі ресми хабарлады. 57 жастағы Мұсайбековтың тағайындалуы туризм мен спорт индустриясын қолдау қорының шешімімен жүзеге асқан. Айта кетейік, бұл қор – клубтың негізгі серіктестерінің бірі. Ал басты қаржыландыру көзі – бұрынғысынша «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры.

Сәкен Мұсайбеков жаңа қызметін Хоккей федерациясының бас директоры және қысқы спорт түрлері бойынша Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті лауазымдарымен қатар алып жүрмек.

Бірнеше жыл бұрын Мұсайбеков атышулы жемқорлық ісіне іліккен еді. 2021 жылғы ақпанда ол Астана әуежайында ұсталды. Тергеу барысында оның сөмкесінен әйелдерге арналған Hermes брендіне тиесілі қымбат сөмке мен 5 мың доллар көлемінде қолма-қол ақша табылған.

Тергеу мәліметінше, ол «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік» аясындағы «Бәс тігу есебін жүргізу орталығы» жобасы бойынша келісімшарт жасауға көмектесемін деп, біреуден пара алған. Алайда кейін сот бұл істі пара алу емес, алаяқтық бабы бойынша қайта қарады. Себебі Мұсайбековтың уәде еткен әрекетті жүзеге асыруға нақты өкілеттігі болмаған.

Нәтижесінде ол 62,3 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Тергеу кезінде табылған заттар – сөмке мен ақша – тәркіленгенімен, S-класты Mercedes көлігі мен мемлекеттік наградалар өзінде қалды.

2025 жылы Мусайбеков мемлекеттік қызметке қайта оралды.