Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 13:40

Жемқорлықпен күрес: орден бар, нәтиже жоқ

Асхат Жұмағали
Асхат Жұмағали. Фото: gov.kz

Кейінгі екі аптада елде сыбайлас жемқорлыққа қатысты бірнеше шулы сот ісі өтті. Түркістан облысы Сарыағаш ауданының соты аудандық білім бөлімінің басшылары Б.Майрихов, Н.Үсіпбеков және Д.Ақатовты 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге соттады.

 Ал Маңғыстау облысында Ақтау қалалық сотының төрағасы Б.Шайдуллин 9 жылға түрмеге қамалды. Сондай-ақ Ақтөбе облысы Шалқар ауданы әкімінің орынбасары Б.Зайрымбет 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қысқа ғана уақыт ішінде болған осы бірнеше оқиға елдегі жемқорлық жайынан хабар беріп тұр. Білім саласы, әкімдік, тіпті соттың өзі қылмысқа шатылған. Басқаша айтқанда, Қазақстанда қай саланы алып қарасаң да жемқорлық пен сыбайластықтың ізі сайрап жатады.

«Жемқорлық жайлаған Қазақстан» деген сөзге әбден құлағымыз үйреніп кетті. Қазір халық «пәлен шенді ақша ұрлап ұсталыпты» дегенге таңғалмайтын болған. Шамасы ұрлық жасап, ұсталып қалудан билік өкілдері де аса қорықпайтын болу керек. Ай сайын бірнеше шенді қамалып жатса да, жемқорлықтың жолы жабылған жоқ. Мысалы, 2024 жылы сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін 988 адам жауапқа тартылды. Олардың ішінде 223 – әкімдік қызметкері, 106 – квазимемлекеттік сектор қызметкері, 102 – ішкі істер органы қызметкері бар.

Халықаралық Transparency International ұйымының зерттеуіне сүйенсек, Қазақстан жемқорлық деңгейі бойынша әлемде 88-орында тұр. Бұл да елде жемқорлық деңгейі жоғары екенін білдіреді. Ел үкіметі жемқорлықпен қағаз жүзінде барынша күресіп жатыр. Әсіресе әлеуметтік желідегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы жарнамадан көз сүрінеді. Бірақ одан нәтиже аз екенін жоғарыда келтірген статистикалар анық көрсетеді.

«Қазір жемқор және пара алатын шенділердің көп болуын тәуелсіздік алғаннан бергі жүйеміздің бір сипаты деуге болады. Бұл сол кезеңнен бері қалыптасқан әдетке айналды, сөз жүзінде айтылғанымен, оның алдын алатын шынайы әрекет жасалған жоқ. Шын мәнінде жемқорлықты жоятын жұмыс істеген жоқпыз, қазір жасалып жатқан жұмыстардың бәрі көзбояушылық қана.

Жемқорлыққа қарсы күресті этика нормаларына кіргізе алмадық. Қазір шенділер пара алудан ұялмайтын болды, ұрлауға болмайды деген түсінік жойылды. Керісінше, билікке барған адам қалай көлденең пайда тапсам екен деп ойлайтын болған. Мұндай түсінік барда, қанша заң қабылдап, жазаны қатаңдатқанмен, пайда аз. Сол үшін коррупциямен күресте тек қамап, соттаумен шектелмей, әділетті заңдарға сүйену керек. Сондай-ақ халықтың, қоғамның рөлін күшейту қажет. Азаматтық қоғамның бақылауы жемқорлықты тежеуге оң әсер етеді», – дейді саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамед.

Декларация дертке дауа бола ма?

Биыл қыркүйектен бастап жоғары лауазымды шенділердің табыс декларациясы ашық жарияланады. Атап айтқанда, «А» корпусының саяси және әкімшілік лауазымын атқаратын адам, парламент депутаты, адам құқығы жөніндегі уәкіл, судья және квазимемлекеттік сектор басшылары тапсырған декларациядағы мәліметті кез келген адам мемлекеттік органның ресми сайтынан көре алады.

Билік осының арқасында елде әлеуметтік саясат жетіліп, көлеңкелі экономика жойылады, сыбайлас жемқорлық деңгейі төмендеп, бюджетке түсетін қаржы артады деп үміттеніп отыр. Кейінгі бірнеше жылда мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары табыс декларациясын тапсырып жүр. Жоспар бойынша биылдан бастап қарапайым азаматтар да кірісі мен мүлкі жайлы есеп беруі керек еді. Бірақ Олжас Бектенов үкіметі оларды бұл міндеттен босатқан.

Шенді-шекпенділер декларация тапсырып жүргеніне 4 жылдан асты. Бірақ одан жемқорлық жойылып, пара беру тоқтады дегенді естіген жоқпыз. Ендігі әлсіз үміт – лауазымды тұлғалардың мүлкін ашық жариялау шешімінде. Қай министрде қанша қаржы, қай әкімде қанша үй барын барлық азамат ашық көріп отырса, түйені түгімен жұтатын жемқорлар сәл де болса аяқ тартатын шығар. Бірақ шендінің декларациясы толық жарияланбайды, кейбір мәлімет қана жұрт назарына ұсынылады.

Мәселенің бәрі осы «бірақта» жатыр. Біріншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңның 11-бабына сай декларация тапсыратын шенділердің арнайы тізімі жасалады, тізімге енбегендер табысын растаудан босатылады. Ал өркениетті елдерде мемлекеттен ақша алатын кез келген адам мүлкі мен кірісі жайлы мәлімет беруге міндетті болады. Екіншіден, шетелде табысын растай алмаған қызметкер тиісті қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал бізде табысы ресми кіріс көлемінен артып кетсе, қылмыстық не әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды, тек айыппұл төлейді немесе қызметтен шығарылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шенділердің декларация мәліметін жариялауға тас-түйін дайынбыз деп отыр. Бірақ бұл жұмыстың жемісті жүретініне сенім аз. Бектеновтің былтыр қарашада азаматтарды жаппай декларация тапсырудан босатқанын айттық. Демек табысын растауға тиісті шенді бар байлығын туысының атына жазып, түк болмағандай жүре беруі мүмкін. Ал Асхат Жұмағали бұл «қулықтың» жолын кесетін амалды әлі тапқан жоқ. Өйткені елімізде қызмет бабын пайдаланып, заңсыз байығандарға қарсы заң 2027 жылы ғана күшіне енеді. Оған дейін айына бірнеше жүз мың ғана жалақы алатын шенді хан сарайында тұрып, қымбат машина мінсе де, мұны қайдан алдың деп сұрай алмайды.

Біздің елде ірі лауазым иелері ғана емес, салық органы, прокуратура сияқты мекемелердің кейбір қарапайым қызметкерлері де олигархтың өмірін сүріп жүреді. Экономист Жангелді Шымшықовтың айтуынша, жеке тұлғаларды декларациядан босату шешімі халықтың емес, осындай заңсыз байыған шенділердің қамын ойлаудан туған.

«Қазақстанда бір адам басшы болса, өз айналасына әулие болып шыға келеді. Ол бүкіл мүлкін ауылдастарының атына бөліп-бөліп жазып береді де, өз атында артық байлық жоқ, сүттен ақ, судан таза адам болып жүреді. Ешқандай салық та төлемейді. Егер әрбір азамат декларация тапсырса, мұндай қулық су бетіне шығар еді. Салық органдары шотында миллиондаған ақша бар азаматтан оның қайдан келгенін сұрай алады. Сондықтан көпшілікті жаппай декларация тапсырудан босатпау керек еді.

Қолында билік тұрған адамдар заңды өзіне тиімді етіп, жасап алады, мұны лобби дейміз. Соған тағы көзіміз жетіп отыр. Декларацияны жеңілдету арқылы олар жауапкершіліктен құтылып кетті. Бұл клептократиялық биліктің қитұрқы саясатының бірі деп есептеймін. Мысалы, қолында ештеңесі жоқ қарапайым адамдар бар, бірақ шотында миллиондаған қаржы жатады. Ол қайдан келді? Қазіргі заң бойынша билік мұны тексере алмайды», – дейді сарапшы.

«Айбынды» антикор басшысы

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали биыл 5 мамырда президент қолынан Сағадат Нұрмағамбетов атындағы I дәрежелі «Айбын» орденін алды. Оған бұл марапат елде заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін беріліпті. Бұған дейін оның II дәрежелі «Айбын» ордені болған.

Ол антикор тізгінін 2023 жылы 5 сәуірде ұстаған. Жұмағали бүкіл мансап жолында прокуратура мен антикордан алыстап көрген жоқ. Солтүстік Қазақстан облысы мен Шымкент қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы болған. 2022–2023 жылдары антикорда қазіргі премьер-министр Олжас Бектеновтің орынбасары болды. Бектенов «мемлекет қазынасына ақша қайтарғыш» қырымен танылып, үкімет тізгінін ұстаған соң агенттік төрағасы болып тағайындалды.

Антикордың бірінші басшысы болған соң Жұмағали «қызметінің қызықты екенін» айтып жүрді. Әрине, жемқоры көп елде жемқорларды ұстайтын қызмет қызық болмай қайтсін! Бірақ қызыққа толы жұмысынан әзірге оң нәтиже шығара алған жоқ. Агенттік төрағасының есебіне сенсек, мекеме биыл жыл басынан бері ұтымсыз жұмсалып, желге ұшқалы тұрған 21,2 млрд теңгені анықтап, оның 6,4 миллиардын бюджетке қайтарыпты. Сондай-ақ 300-ге жуығы қылмыстық істі тергеуді аяқтап, мемлекетке 15 млрд теңге қайтарған.

Сондай-ақ антикор 2024 жылы Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қатысты 1 015 іс тіркелгенін хабарлады. Елдегі ең жемқор қала – Астана екен. Елордада 155 осындай іс анықталған. Ал екінші орында, Шымкент (89), үшінші орында Алматы қаласы (66) тұр. Алматы облысы (68) және Абай облысында да (54) сыбайлас жемқорлық аз емес. Мұндай қылмыс Ақмола (24), Маңғыстау (22) және Ұлытау облысында (20) ең аз тіркеліпті.

Осы ақпаратқа қарап, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің «Шымкентте сыбайлас жемқорлық 100 пайыз жойылды» деген сөзі қайда қалды деп таңғалдық. Берденов қазір емханада жатыр. Жақында оны өзіне қарасты әкімдік қызметкері атып кеткен болатын. Білетіндер бұл қылмыстың да жемқорлыққа қатысы бар деп жүр. Қалай айтсақ та, елде жең ұшынан жалғасқан қылмыс азаймай тұр. Ендеше, антикор басшысы Асхат Жұмағали «Айбын» орденін қай еңбегіне сүйеніп алды екен?..

Қуаныш Қаппас