Жемқорлықпен күрес: Жинаған балымыз 40, Жымқырған ақшамыз 486 млрд

Халықаралық ұйымның рейтингіне сүйенсек, Қазақстандағы жемқорлық деңгейі біршама түсіпті.
Transparency International жүргізген зерттеу нәтижесінде, еліміз өткен жылмен салыстырғанда 5 сатыға жоғарылап, 93-орыннан 88-орынға көтерілген. Антикордың өкілі бұл мақтанатын нәтиже дейді. Бірақ есептеген ұйым да, сарапшылар да 50 балдан төмен жинағанның бәрінде әлі де жемқорлық деңгейі жоғары деп отыр. Ал біздікі – небәрі 40 балл.
Бұл қандай рейтинг?
Transparency International – әлемдегі жемқорлық деңгейін зерттейтін үкіметтік емес халықаралық ұйым. 1993 жылы Дүниежүзілік банктің бұрынғы басшысы құрған ұйымның қазір 100-ден астам мемлекетте бөлімшелері бар. Олар жыл сайын мемлекеттік сектордағы жемқорлық мәселесіне талдау жасап, сарапшылардың, кәсіпкерлердің пікіріне жүгінеді. Осы сынды 13 түрлі дереккөзді ескере отырып, бағалайды. Максималды балл – 100. Жаһандағы орта көрсеткіш – 43 балл. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, 90 балмен көш басында Дания тұр. Одан кейін Финляндия, Сингапур, Жаңа Зеландия, Люксембург, Норвегия, Швейцария, Швеция. Аталған елдердің бәрі 80 балдан жоғары жинаған. Бұл жемқорлық деңгейі төмен дегенді білдіреді. Ал ең төменгі көрсеткіш – 8 балл, Оңтүстік Судан. Постсоветтік елдерге, алыс-жақын көршілерге келсек, олардың ішінде шекті 50 балдан аса алған әзірге Грузия ғана. Қазақстан – 40, Украина – 35, Өзбекстан – 32, Қырғызстан – 25, Ресей – 22, Түркіменстан – 16 балл.
Қысқасы, әлем елдерімен салыстырғанда арттамыз. Өзімізбен салыстырып қарағанда да анау айтқандай прогресс байқалмайды. 2017 жылы – 31 балл, 2020 жылы – 38 балл, 2024-те – 40 балл. Осының өзін де сол кездегі шенділер «ілгері жылжу» деп атап, жемқорлық деңгейі жоғары мемлекеттер қатарынан шықтық деп сүйіншілеген. Ондай мәлімдемелер биыл да болды. Мәселен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов 40 балды «тарихи көрсеткіш» деп қуанып, жемқорлыққа қарсы күрестің нәтижесі көрініп жатқанын айтқан.
«Transpаrency International – халықаралық, жеке ұйым. Оның есебіне әлемнің кез келген елі мән береді. Әсіресе ірі жобалармен айналысатын, бизнес жасайтын жетекші корпорациялар. Олар осы индекске не рейтингілерге қарап, қай елге ақша салуға болады, қандай өндіріс ашып, қандай бизнес жүргізуге болады не болмайды дегенді сараптап, өз саясатын жүргізеді», – деді ол журналистерге жауап беріп жатып.
Ал Transparency International Kazakhstan елдегі «атқару, сот және заң шығару билігіндегі коррупция» мен «мемлекет қаражатын мақсатқа сай пайдаланбау және жемқорлық» критерийлері бойынша тым нашар көрсеткіш көрсетіп отырғанымызды хабарлады. Өкілдік: «Бұл жай ғана рейтинг емес, адамдардың билікке сенімінің көрсеткіші. Тәуелсіз БАҚ, белсенді азаматтық қоғам және әділ сот болмай жемқорлықты жеңу мүмкін емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірқатар бастамаларға қарамастан, елде сыбайлас жемқорлық қаупі жоғары боп тұр. Бұл көрсеткіш Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық деңгейі мемлекет пен азаматтық қоғам тарапынан шешуші шараларды талап ететін күрделі мәселе болып қала беретінін көрсетеді», – деп мәлімдеген.
2024 жылы істі болғандар мен сотталғандар
Иә, Қазақстандағы қай саланы алып қарасаң да жемқорлық пен сыбайластықтың ізі сайрап жатады. Оған мыңдаған мысал мен дәлел келтіре беруге болады. Өткен сегіз жылдың өзінде 7 500-ден астам адам сыбайлас жемқорлық бойынша жазаға тартылған. Былтыр 1493 адамның жемқорлығы әшкере болып, 914-і сотталды. Мемлекетке 486 млрд теңге қайтарылған, тағы 88 млрд теңгеге жуық қаражат мақсатсыз жұмсалып кете жаздаған. Бұл дегеніңіз – анықталған әр жемқордың басына шамамен 325 млн теңгеден... Олардың басым бөлігі басқарушы лауазымдағы тұлғалар. Әсіресе ішкі істер, ауыл шаруашылық, төтенше жағдайлар, денсаулық сақтау, қаржы министрлігінің шенділері жиі заң бұзады екен.
Бұл анықталғандары ғана. Ал анықталмаған миллиардтардың қаншасы барын кім білсін? Анықталғандарының ішінде елді шошытқан, жаға ұстатқан, шу болғандары көп. Мәселен, 2024-те 1 млрд теңге жымқырды деген айыппен «Біз біргеміз» қорының басшысы Перизат Қайрат қамауға алынды. Сол секілді Жетісу облысының білім бөлімдеріндегі және мектептердегі 21 бухгалтер 4,5 млрд теңгені қолды қылғаны анықталды. Бұл тұрғыда Қайрат Сатыбалдының аты да жиі аталды. ҰҚК төрағасының орынбасары болған Самат Әбіш қызметін асыра пайдаланғаны үшін шартты түрде 8 жылға сотталды. Жақында ғана сот үкімімен келіспей, аштық жариялаған экс-мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да былтыр 11 жылға қамалды. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков хайпқа айналдырған жағдайды да ұмыта қойған жоқпыз. Дәл жиналыстың үстінде парақорсың деп, антикор ұстап алып кеткен басқарма басшысы да істі болды. Жол салушы кәсіпкерден 10 млн пара алған Сәтбаев қаласының бұрынғы әкімі темір торға тоғытылып, Алматы облысындағы ең бай аудан – Іле ауданының бұрынғы әкімі Бағдат Қарасаев ұсталды. Осы облыстағы Талғар ауданының бұрынғы соты Айдос Байғалиев педофилдің жазасын жеңілдетуді уәде етіп, 2 млн теңге пара алғаны жарияланды. Тағы Алматы әуежайының бұрынғы президенті Айбол Бекмұхамбетов сыбайластарымен бірге 913 мың доллар залал келтірді деп 8 жылға, «ӨзенМұнайГаз» АҚ мен «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның бұрынғы орынбасары Ермек Қарамұрзаев 2,7 млрд жымқырды деп 6 жылға, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының экс-төрағасы Абылай Мырзахметов 5 жылға, «ҚазАвтоЖолдың» экс-төрағасы 8 жылға сотталды. Бұл ең шулы істер ғана. Осы секілді жаза арқалағандар аз емес.
Газет беттеліп жатқанда Алматының бұрынғы бас архитекторы Алмасхан Ахмеджановтың 11 жылға «кеткені» жарияланды.
«Қырық балға қарық болудың қажеті жоқ»
Осы секілді қылмыстармен күрес қалай жүріп жатыр деген сауалға келгенде алдымен «Антикор» аталып кеткен агенттікке қарайлаймыз. Олардың жыл соңындағы есебін парақтап отырып түсінгеніміз, қазынадағы қаражаттың орынды-орынсыз жұмсалып жатқанын қадағалау үшін «Ақшаны бояу» тетігі енгізіліп, агенттіктегі қоғамдық кеңестің құрамы жаңартылыпты. Цифрландыру ісіне қатысты шаруалар жүріп жатыр екен, бизнес қоғамдастықпен байланыс туралы да сөз болыпты. Облыстар ірі форумдар өткізген, сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша бірнеше халықаралық келісім жасалған. Ол туралы жақында берген сұхбаттарының бірінде антикордың басшысы Асхат Жұмағали де айтқан. Сөзінше, халықтың пікірі маңызды, күрес тиісті концепцияға сай жүріп жатыр...
Осы шаралар қаншалықты тиімді болып жатқанын кім білсін? Бірақ қоғам антикор айтса да, халықаралық ұйым айтса да Қазақстанда коррупция көлемі қысқарды дегенге сенбейді. «Ұсталмағаны ұсталғанынан он есе көп қой», «Антикордың біреуді ұстағанын қайтейік, бәрібір шартты жаза береді. Шенеунік біткен сотталам деп қорықпайды. Ұсталып қалса да, жеген ақшасына шалқып өмір сүре береді», «Бір-екі тиын ұрлағандарды жабады, миллиардтарды қалтасына ашықтан-ашық салып отырғандарға ешкімнің тісі батпайды», «Жемқорлықпен ұсталғандар еш қиындықсыз креслоға қайта келіп жатыр ғой...», «Рейтинг, статистика дегенге сенудің өзі қиын. Бірақ Қазақстан 2-3 орын алға жылжыса болды, сол рейтингті анда да, мұнда да тықпалап, тарата береді. Ал ақсап жатқан рейтингтерді ауыз ашып айтқан ешбірі жоқ», – дейді әлеуметтік желі қолданушылары.
Ал саясаттанушы Мөлдір Нұрбекқызы: «Мемлекеттегі барлық сала мен оларға бөлінетін қаражатты бақылау әлсіз. Жүйе жетілмеген. Адамдардың санасы мен психологиясы да өзгермеген күйі. Жазадан қашып құтылудың да жолдары көп. Әсіресе қалтасында миллиардтар бар азаматтар үшін. Осының әсерінен болар, еліміздегі сыбайлас жемқорлық айтарлықтай азаймады да. Оның жақын уақытта азаятынына сенетіндер жоққа тән.
Өткен жылы Астанада, Шымкентте және Абай облысында мұндай істер жиірек тіркеліпті. Жалпы қарағанда кез келген сала мен өңірде коррупция белең алып тұр. Соған қарамастан, осындай нәрселерді айғайлатып айтқанды жақсы көреміз. Иә, рейтинг көршілерімізбен салыстырғанда тәуір екенбіз ғой деген әсер қалдырады. Алайда демократиялы, дамыған елдерге қарағанда қаншама жылдар артта қалып қойғанымызды ойланғымыз келмейді. 2016 жылы 29 балымыз болған, содан бері жылына бір-бірлеп қана қосып келеміз. Шын мәнінде де алға жылжу бар шығар. Бірақ аздап қана. Күнделікті өмірдегі, 5-10 мың теңгелік паралар азайғанымен, институционалды деңгейдегі алыс-беріс, бармақ басты, көз қысты тыйылып жатыр деуге ешкімнің де дәті бармас. Бәлкім, цифрландыру жоспары толығымен орындалып, жаңа буын алмасқанда жемқорлықпен күресте прогресс байқалып қалар. Алайда қазір қырық балл алдық деп қарық болуда еш мән жоқ. Себебі жемқорлық жайлаған жүйе қоғамның дамуын тежеген күйі әлі келе жатыр», – дейді.
Баян МҰРАТБЕКҚЫЗЫ