Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:44, 05 Маусым 2024

Жемқорлықпен күресті балалардан бастаған Шәпкенов қауіпсіздікке бас қатырғысы келмейді

Шапкенов
Фото: gov.kz

Атырауда тәрбиеленушілерді балабақшаға Face ID-мен кіргізу жаппай енгізілмек. Бұған қарсы болған жекеменшік балабақша иелері мен ата-аналар қаладағы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ғимаратының алдына жиналып, наразылықтарын жеткізген.

Олар кәмелетке толмаған балалардың жеке деректері мен оның қауіпсіздігі үшін алаңдайды. Осыған дейін Қызылорда облысында пилоттық жоба ретінде сынақтан өтіп, кейіннен толық енгізілген Qazna face қосымшасы келіп-кеткен балалар санын бақылап, соның есебінен бюджет қаражатын үнемдеуге негізделген.

Мемлекеттік тапсырыспен бала санына ақша алып отырған кәсіпкерлердің кейбірі жоқ баланы тізімге қосып, жылдап, бюджетті жымқырады екен. Мұндай қылмысы әшкере болғандар аз емес, тыйылмай да тұр. Осының шешімін таппаған әкімдіктер әр келген баланы «фэйс-контроль» арқылы тексеріп отырсақ, ешкім де бармақ басты, көз қысты жасай алмайды деп шешкен. Сөйтіп, алғашқы қадамды Қызылорда облысы жасады. Облыстық білім басқармасының маманы Әлия Қарабаеваның айтуынша, 2023 жылдың қарашасында пилоттық жоба ретінде 2 балабақшада сыналған әдіс өз тиімділігін дәлелдепті. Содан соң өңірдегі 674 балабақшаның бәрі тәрбиеленушілерді биометриялық тексерістен өткізіп кіргізеді. Осыншама көп бала мен олардың ата-аналары қалайша үнсіз қалғаны қызық... Бұл туралы сұрағымызға басқарма қызметкері былай деп жауап берді: «Бастапқыда ата-аналар тарапынан баланың жеке деректері алынуы мүмкін, тарап кетсе ше деген қарсылықтар болғаны рас. Алайда жеке деректер мемлекеттік құпия деңгейінде сақталады. Еш жерге тарамайды, шықпайды. Бұл министрліктің тапсырмасы емес, облыстық әкімдіктің хаттамалық тапсырмасына сәйкес қолға алынды. Мақсаты – сапаны арттыру, бюджет қаржысын үнемдеу».

Ал атыраулық ата-аналар кәмелетке толмаған балаларымыздың жеке деректерін беруге қарсымыз деп отыр. Бұдан бөлек, кәсіпкерлер үшін де туындайтын мәселелер баршылық. Осы мәселе төңірегінде қазақстандық үздіксіз білім беру ассоциацияның Атырау қаласы бойынша төрағасы, кәсіпкер, бірнеше балабақшаның иесі Гүлхан Маратқызы пікір білдірді:

«Балалардың биометриялық деректерін тексеруді міндеттеу – басшылар тарапынан жасалған үлкен қателік. Алдымен, енгізіліп отырған қосымша мемлекеттікі емес, жеке кәсіпкердің бағдарламасы. Мыңдаған, он мыңдаған баланы күнде тексеріп, ол деректерді өңдеп, салыстырып, сақтайтын Qazna face қосымшасы қауіпсіздік жағынан сенімді ме? Бұл бірінші сұрақ. Осыны ескерместен, қызылордалық балабақшалар аталған әдіске толық көшіпті. Ал Атырауда олай болғанын қаламаймыз. Себебі заңға қайшы деп есептейміз.

Негізі жағдай былай болды. Су тасқыны басталмас бұрын осы тақырып көтеріліп, жиналыс өткізілді. Жекеменшік балабақшалардың иелерін жинап алған қалалық білім бөлімінің басшысы биометрия туралы баяндағанда-ақ ішімде бірнеше сұрақ туындады. Сонда Қазақстандағы үздіксіз білім беру қауымдастығының атынан сауалдарымды қойдым. Бұл заң жүзінде бекітілген бе, бекітілген заң болса көрсетуін сұрадым. Ал ешқандай заңнамалық негіз болмаса, бұл ұсыныс па, әлде талап па деп қызықтым. Сорақысы сол, білім бөлімінің басшысынан конструктивті жауап ала алмаған күйі қайттым... Сонымен су тасқынының әуресімен бұл тақырып көлеңкеде қалып қойды. Одан соң, 27 мамырда қайтадан хат келді. Бір аптаның ішінде «деректерді жинап, exсel папкамен өткізіңдер» деген талапты көріп таңғалдым. Өйткені ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу, пікірлерін білу туралы сөз болмады да, тіпті оны қажетсінген ешкім жоқтай. Сөйтіп, заңгерлерге жүгінуді жөн көріп, консультация алдым. Мамандар биометрия туралы заңды түсіндіріп, аталған заңның 2-тарау, 4-пункті бойынша биометриялық деректер тек мемлекеттік қызмет үшін пайдаланылатынын, оның өзінде 18 жасқа толған азаматтардың ерікті келісімімен жасалуы тиіс екенін айтты. Үшінші тұлғаға беру жағы да тек азамат өзі келіскен жағдайда. Осының бәрін ескере келе қалалық білім бөліміне сұратқан деректерін тек ата-аналар келіскенде ғана беремін деп жауап қайтардым. Ал ата-аналар қарсы.

Бір жағынан, ертеңгі күні деректер таралып кеткен жағдайда оның жауапкершілігін арқалайтын балабақшаның басшылары, білім бөлімі емес. Әрине, олардың жоқ баланы тіркеп қоюға қарсы әрекетке көшуі, тырысуы дұрыс. Десек те, лас істермен айналысып жатқан бала емес, кәсіпкерлер ғой. Дәл сол себептен де бала мен ата-ананы араластырмай, мәселені тікелей кәсіпкермен екі ортада шешу қажет. Оған бола әр сәбидің биометриясын жинаудың керегі шамалы.

Тағы бір қырынан қарасақ, бұл шешім тек теорияға негізделген. Олай дейтінім, шынайы жағдайда бала азанда ұйқысы қанбай, бірі ата-анасынан ажырағысы келмей, тағысын-тағы себептермен жылап келіп жатады. Өзі мазасызданып тұрған баланы тәрбиеші қалай «фэйс-айдиден» өткізіп тұрады? Банк терминалының өзі түріңді анықтау үшін «әрі тұр, бері тұр, жақында, күлімде» деп, кемі бірнеше минут уақытыңды алады. Ал енді ауысымдағы бір тәрбиеші әр келген баланы «әне қара, міне қара» деп телефонмен сканерлеп тұрғанда қалған 20 балаға кім қарайды? Әрі бұл тәрбиешінің міндетіне кірмейді де. Мұндай қадамға бару облыстың өз бетінше шығарған шешімі. Министрлік дәрежесінде шешілсе, жан-жақты сарапталып, талқыланған шешім болса екен... Ол да жоқ, бірнеше адам отырып, өзара ақылдасып, шеше салғандай. Әрі бірде-бір заңға нақты сілтеме жоқ».

Кәсіпкердің айтуынша, балабақшаға аптасына екі күн келіп, үш күн келмейтін балалар да бар. Бұл ата-аналардың таңдауы. Осындай жағдайда мемлекеттік тапсырыстан баланың келмеген әр күніне ақша қиылады. «Әкімдік бала келмеді деп ақша бермегенімен, сен 15 баламен отырдың ғой деп тәрбиешілер мен көмекшілердің айлығын қысқарта алмаймыз ғой. Бұл бір жағынан кәсіпті қысу», – дейді Гүлхан Маратқызы.

Ал Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова: «Атырау облысы әкімінің қаулысына сәйкес, жекеменшік балабақшалар ай сайын 7 897 тәрбиеленушінің әрқайсысына 53 мың теңге көлемінде мемлекеттік тапсырыс алып отыр. Бұрын жергілікті бюджет есебінен берілген мемлекеттік тапсырыстың нысаналы мақсатында орындалғанын анықтайтын функция болған жоқ. Осы мақсатта 2 мектепке дейінгі білім беру ұйымында сынақтан өткен Qazna face қосымшасы ендігіде барлық балабақшаға енгізіледі. Мақсат – жергілікті бюджет қаржысын үнемді жұмсау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Бұл мобильдік қосымшаны іске қоспай тұрып, өзіміз жүргізген мониторинг нәтижесінде бір аптада 2 млн теңгені жергілікті бюджетке қайтардық», – деді. Біздің сауалдарымызға бөлім қызметкері Зарина Мақсұтқызы да осы сарындас жауап берді.

Әлем елдерінде мұндай әдістер қолданылып жатады, бірақ жаппай сипат ала қоймаған. Ал Қазақстандағы ақпараттық қауіпсіздік деңгейіне деген сенімнің жоқтығы расында да батыл шешімдер қабылдауға кедергі келтіретін секілді. Бүгінде елімізде 11 472 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, онда 1 миллионға жуық бала тәрбиеленіп жатыр. Қызылорда мен Атырау секілді бюджетімізді үнемдейміз, жемқорлықтың жолын кесеміз деп басқа ірі қалалар мен облыстар да «фэйс-контрольге» көшсе, 1 млн баланың биометриялық дерегін кім қорғайды? Осы сауалды Qazna face ЖШС-ның өзіне қоймақ едік. Алайда не ресми сайттары, не байланыс нөмірлері жоқ. Тіркелген мекенжайы бойынша хабарласқанда, «шатастыңыз» деген жауап алдық...

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ақшамызды «экономдаймыз» деп, ойына келгенді жасап жатқанын оқу-ағарту министрлігі де байқамаған сыңайлы. Осы күнге дейін пилоттық жоба туралы да, Qazna face жайында да бірде-бір ресми мәлімдеме жасамаған. Тек Қазақстандағы үздіксіз білім беру ассоциацияның төрағасы Лейла Куленова балалардың биометриясын тексеруге «Балалар құқығын қорғау туралы халықаралық конвенциямен» тыйым салынғанын, бұл ақпараттарды сақтайтын компанияның тиісті аккредитация алмағанын, оның үстіне министрлікте де мұндай қадамдарға рұқсат беретін нормативтер жоқтығын айтқан кезде бір жауап болды. Мектепке дейінгі білім беру департаментінің басшысы Манар Адамова: «Биометрия мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қолданылмайды, басқа әдістер қолданылуы керек» деді. Бірақ мұны ескеріп жатқан әкімдер де, басқармалар да жоқ.

Баян Мұратбекқызы

Тегтер: