Жемқорлықпен ұсталған әкім алаяқтықпен құтылды
Ірі көлемде пара алғаны үшін былтыр 10 жылға қамалған Кентау қаласының бұрынғы әкімі Дәурен Махажанов екі айдан бері бостандықта жүр екен. Өткен аптада ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде осы тақырып көп талқыланды.
Былтыр ғана президент:
«Жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынады», – деген еді. Махажанов бұл тыйымды қалай айналып өтті десеңізші. Қалай ақталса да, қалай айтса да бәрібір бұл адамның ақылына сыймайтын тірлік болып тұр.
Дәурен Махажанов уақтысында Павлодар облысы әкімінің орынбасары, оның алдында ауыл шаруашылығы министрлігі құрамындағы мекемелерде басшылық қызметтер атқарған. 2019 жылдың сәуірінде Кентау қаласы әкімінің креслосына отырды. Ол сол жылдың ақпанында Түркістан облысының әкімі болып келген Өмірзақ Шөкеевтің тағайындаған алғашқы кадры болатын. Осының өзі де біраз нәрсені аңғартады.
Махажанов 2021 жылы қарамағындағы ауыл әкімінің сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін отставкаға арыз берді. Алайда Шөкеев оны қатаң сөгіспен қызметінде қалдырған (облыс басшысы карьерасының түбіне кейін осы Махажановтың жететінін ол кезден қайдан білсін?!). Сол жылы Кентау қалалық әкімдігінде бір бөлім басшысы ақша жеді деген күдікке ілікті. Махажанов екінші мәрте отставкаға арыз беруі мүмкін деп жүргенде күтпеген жерден оның өзі парамен ұсталды. Былтыр ақпанда.
Қызық болғанда оны антикордың Алматы қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері ұстап, дереу Алматыға алып кетті. Кентаудың әкімі сол жақта тергелді, үкімді де сол жақтың соты шығарды. Себебі параға қатысты арыз Алматы қаласында берілген. Арызданушы, шамасы, Түркістанның құзырлы органдарына сенімсіздік білдірсе керек. Бұл бір жағы әкімнің ісіне жергілікті жердегі өте ықпалды шенеуніктердің араласуына жол бермеу үшін жасалған да болуы мүмкін.
Алғашқы сатыдағы соттың шығарған үкіміне қарағанда, Махажанов Кентауда жол жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқан бизнесменнен бюджеттен төленетін ақшаларды кедергісіз аударып отыру үшін 98 500 долларды (теңгеге шаққанда 42 миллион) делдал арқылы алмақ болған. Оған дейін облыста мұнша көлемде парамен ұсталу болған емес. Одан кейін де Махажановтың «рекордын» ешкім жаңартқан жоқ. Мұны бір деңіз. Екіншіден, пара ретінде берілетін ақшаның мөлшері келісілген соң, ертең уәдеден тайқып кетпеу үшін Махажановтың тапсырмасы бойынша екіарадағы делдал мердігерді нотариусқа алып барып, онымен жоғарыдағы ақшаны қарызға алғаны жөнінде келісімшарт жасасқан. Яғни Махажанов «откатты» құжат жүзінде заңдастырған алғашқы шенеунік десек, қателеспейміз.
Пара алу қылмысы соңына дейін жетпегендіктен Д. Махажановтың ісі Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотына «аса ірі көлемде пара алуға оқталу» бабымен түсті. Сотта экс-әкім өзіне тағылған айыптаулардың ешқайсысын мойындамаған. Тіпті ол өзіне қатысты арандату жасалғанын да айтқан. Сот оны жоғарыдағы бап бойынша кінәлі деп тауып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ал параға делдалдық жасаған сыбайластарының бірі 1 жылға, екіншісі 1,5 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды.
24 тамызда Махажановтың берген шағымы бойынша Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы қаулы шығарды. Үкім өзгеріссіз күшіне енді. Осыдан кейін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев отставкаға арыз берді. Арада бір апта өтер-өтпес отставка қабылданды. Биліктегі ірі ойыншылардың бірі саналатын Өмірзақ Естайұлының мемлекеттік қызметтегі карьерасы осыменен тәмамдалды.
Енді, міне, арада бір жыл өткенде, биыл 25 шілдеде Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы, (алқа төраға А.Жүкенов) Бас прокурордың (Берік Асыловтың) берген кассациялық шағымы бойынша Махажановтың ісін қайта қарайды. Шағымда Бас прокурор істі парақорлықтан алаяқтыққа ауыстыруды сұрайды. Сот оның талабын толық көлемде қанағаттандырып берген. Сот қаулысында жазылғандай, тергеу, алғашқы сот кезінде Махажановтың ісі дұрыс сараланбаған. Ол парақор емес, шын мәнінде алаяқ екен. Себебі мердігердің жұмысына ақша аударып отыру Кентау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің құзырына кіреді, ал әкімнің бұл іске ешқандай ықпалы жүрмейді-мыс. Сондықтан ол бизнесменнен ақшаны алаяқтықпен алдап алмақ болған деген тұжырым жасалады. Апыр-ау, сонда сот аталған бөлімнің қала әкіміне тікелей бағынышты болғанын, соның тікелей тапсырмасын орындайтынын білмегені ме? Сот істегі көптеген айғақтарды, оның ішінде Махажановтың сыбайластарымен телефон арқылы сөйлескен сөздерін, куәгерлердің кейбір жауаптарын назарынан тыс қалдырады. Сөйтеді де, Махажановтың ісін Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлімінің 2-тармағымен (аса ірі көлемде алаяқтық жасау) қайта саралап, 10 жылды 5 жылға кемітіп береді. Аталған бапта 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сот Кентаудың бұрынғы әкіміне соның ең төменгісін белгілеген. Бұл Махажановтың түрмеден шығару операциясының бірінші бөлімі ғана екен.
Қыркүйектің басында Қонаев қалалық соты Махажановтың ісін едел-жедел қарап, оны 2 миллион теңгеге жетпейтін айыппұлмен босатып жіберген. Осылайша, басында 10 жылға сотталған Кентаудың бұрынғы әкімі түрмеде бар-жоғы бір жарым жыл ғана отырды. Бас прокурор Берік Асылов пен Жоғарғы сот судьяларының Махажановты президент айтқан тыйымнан қалай құтқарып жібергенінің қысқаша тарихы, міне, осындай.
Бұл жерде әрине, сотқа өте көп сұрақ бар. Бірақ Махажановтың ісі бойынша судьялардың шығарған төрелігінің неге әрқилы болғанына біреу-міреу жауап береді дегенге сену қиын. Бәрі жылы жабылып кете береді. Себебі бізде заң бойынша судьялар жекелеген істер бойынша ешкімге есеп бермейді. Неге десеңіз, мемлекет судьялардың адалдығына, тазалығына шек келтірмейді, соттар тек әділдік қағидаларын ұстанады деген сенім білдіреді. Ал енді осындай күмәнді төреліктерден кейін сот пен прокуратураға қарапайым халық та дәл сондай сенім арта ала ма?
P.S. Тағдыр деген қызық, Махажанов ұсталған соң Кентау қаласының әкімі лауазымына сол кездегі облыс әкімінің орынбасары, Шөкеевтің тағы бір сүйікті кадрларының бірі Рашид Аюпов тағайындалды. Былтыр тамызда ол қызметінен кетіп, артынша абақтыға жабылды. Биыл жазда Аюпов осыдан он жыл бұрын белгілі кәсіпкерден Кәрім Мәсімов пен Ғабидолла Әбдірахымовтың атын жамылып миллиондаған долларды алаяқтықпен алдап алғаны үшін 10 жылға сотталды. Астана қаласында. Жуырда Астана қалалық сотының апелляциялық алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Кентаудың бұрынғы екі әкімінің істері бір-біріне қатты ұқсайды. Енді күтіп көрейік, Рашид Аюпов түрмеде қанша уақыт отырар екен?
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ