Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:30, 05 Тамыз 2025

Жемқорлықтың көлеңкесінде қалған әділет

жемқорлық
Фото: из открытых источников

Әділетті мемлекет құру тек заңнама не қоғамдық институттарды орнатумен ғана шектелмесе керек, ол ең әуелі азаматтар мен билік арасындағы сенімді нығайту, қоғамда әлеуметтік әділет пен теңдікті қамтамасыз ету жолындағы ұзақ әрі күрделі процесс.

Алайда бұл процеске кедергі болып, кез келген қоғамның, мемлекеттің дамуын тежейтін үлкен қасірет – сыбайлас жемқорлық. Мемлекеттің моральдық іргетасын мүжіп, халықтың үмітін күйрететін, ұлттың болашағына балта шабатын әлеуметтік кеселмен күресті нақты және жүйелі деңгейде қолға алу қажет екені әуел бастан белгілі. Сыбайлас жемқорлықтың қоғам төндіретін ең үлкен қаупі, келтірер зардабы ол құқық пен әділет арасындағы байланысты үзіп тастайды. Жемқорлық жайлаған қоғамда заң күшін, халық билікке деген сенімін жоғалтады. Азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктері тең дәрежеде қорғалмайды, бәсекелестік әділ жүрмейді, қызметтік өсу шынайы қабілетке емес, таныстыққа тәуелді болады. Бұл қоғамның іргетасы саналатын қоғамдық институттарды формальды етіп, мемлекет пен қоғам арасындағы әлеуметтік келісімді күйрететін бірден-бір жағдай. Бүгінгі таңда әділетті мемлекет ұғымы тек заңның үстемдігімен ғана емес, ең алдымен мемлекеттің әрбір азаматына тең мүмкіндік бере алатын қабілетімен, әлсізді қорғай алуымен, әділетсіздікке қарсы үнсіз қалмауымен анықталады екен. Ал жемқорлық бұны тып-типыл қып жоя салады. Осы орайда 2023 жылдың маусым айының 17-сі Түркістанда ұлттық мәселелерді шешетін дәстүрлі Ұлттық құрылтай өткен еді. Ұлттық құрылтайдың бағыты ұлттың дамуына, мемлекеттің көркеюіне, Отанымызда бірлік пен тыныштықтың орнауына қатысты болғанын білеміз. Қазақстан деген мемлекетіміздің дамуына тікелей әсер ететін, мәңгілік ел болу мақсатына жету кезінде ортақ еңбектің болуын талап ететін мақсаттар айтылып, жиынның тақырыбы «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» деп аталғаны да бекер емес. Әділетті қоғамның қасіретіне айналатын жемқорлық бүгінде қай өңірде болмасын түйіні шешілмеген мәселеге айналып отыр.

Саясаттанушы Айдос Әділханның айтуынша, сыбайлас жемқорлықтың пайда болуына себеп көп.

«Сыбайлас жемқорлықтың ең алғашқы және кең таралған себебі – билік пен ресурстардың шектен тыс орталықтан басқару. Мемлекеттік аппараттағы шешім қабылдайтын өкілеттіктің тым шоғырлануы, бақылау мен тежемелік тетіктердің әлсіздігі жемқорлық үшін қолайлы орта туғызады. Әсіресе автократиялық немесе жартылай авторитарлық режимдерде билік иелері шексіз шешім қабылдау құқығына ие болған кезде, олардың әрекеттері көп жағдайда қоғам тарапынан бақылаусыз қалып жатады. Мұндай жағдайда мемлекеттік құрылым жеке мүдделерді қорғау құралына айналып, жалпыұлттық мақсаттар екінші кезекке ысырылып қалады. Оның үстіне, егер азаматтар заңның бәріне ортақ екеніне сенбесе, ал шенеуніктер өз әрекеттері үшін жауап бермесе, онда ешкім қорықпайтын қалыпты құбылысқа айналады. Әділ әрі тәуелсіз сот жүйесінің болмауы, құқық қорғау органдарының саясилануы, тергеу мен айыптау процестерінің формалданып кетуі жемқорлықтың жазасыз қалуына тікелей әсер етеді. Құқықтық нормалар қағаз жүзінде бар болғанымен, олар нақты өмірде орындалмайды. Мұндай жағдайларда азаматтар заңға емес, таныс-тамырға, параға сүйенуге мәжбүр болады. Үшінші себеп – төменгі деңгейдегі еңбек ақының, әсіресе мемлекеттік қызметтегі жалақының аз болуы. Мемлекеттік аппаратта қызмет ететін адамдардың күнкөрісі мен мәртебесі төмен болса, олар сыбайлас әрекетке баруға бейімделе бастайды. Жалақының жеткіліксіздігі олардың адал қызмет етуге деген ынтасын азайтып, жүйелік жемқорлыққа жол ашады», – дейді маман.

Осы орайда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті тоқсан сайынғы отырысы өткен еді. Бұл жиынға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев, құқық қорғау және мемлекеттік орган басшылары, облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері қатысты.

«Әлемдік тәжірибеге назар салсақ, сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес жүргізген елдердің бәріне ортақ үш қасиет – ашықтық, адалдық және жауапкершілік. Мысалы, Сингапур – әлемдегі ең әділетті, жемқорлықтың деңгейі төмен елдердің бірі. Тіпті бұл жағынан көш бастап тұр. Оның сәтті реформалары Ли Куан Ю бастаған реформаторлық топтың саяси ерік-жігеріне, қатаң заңнамалық база мен жоғары жалақы төленетін, әділ іріктелген мемлекеттік қызмет корпусына негізделді. Онда мемлекеттік қызметші болу – біздегідей мәртебе емес, үлкен жауапкершілік. Оның үстіне, жемқорлық жасаған тұлғаға жазаның қатаңдығы қоғамда әділеттіліктің салтанат құруына қызмет етті. Финляндия, Швеция, Жаңа Зеландия секілді елдерде де мемлекеттік аппараттың ашықтығы, БАҚ-тың еркіндігі және азаматтық қоғамның белсенділігі жемқорлықтың алдын алуға ықпал етіп отыр», – дейді маман.

Сыбайлас жемқорлықты азайту, онымен күрес мақсатында өткен мәжілістің күн тәртібінде 3 мәселе талқылап, оны шешу жолдары қаралды. Атап айтқанда, туризм саласында жүргізілген сыртқы талдау қорытындысы талқыланып өтті. Сонымен бірге кәсіпкерлердің және жер қойнауын пайдаланушылардың демеушілік негізінде аударатын әлеуметтік міндеттемелері бойынша қаржыларды игерудегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жұмыстары мен №4 «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» үлгілік базалық бағытының облыс аумағында іске асырылуы және квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылған жұмыстар барысы тыңдалды. Қазақстан үшін жемқорлықпен күрес жаңа белеске көтерілуі тиіс. Әрбір мемлекеттік шешімнің артында жауапты тұлғаның тұруы, әрбір бюджеттік шығынның нақты есептелуі, әрбір азаматтың шағымына шынайы жауап қайтарылуы – әділетті мемлекеттің тірегі.

С.Бақберген

Түркістан облысы

Тегтер: