Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 28 Желтоқсан 2021

«Жемқорлар дәуірінен» аман шықсақ екен...

None
None

Қазақтар қазір YouTube-тен «Отыздан асып барамын» атты фильмді көріп жатыр. Онда немересін атқа мінгізіп жатқан қария балаға былай дейді: «ерте уақытта өмірден Мәшһүр Жүсіп деген әулие өткен.

Сол кісі айтқан екен, елің жетпіс жыл бойы діннен безінеді, содан кейін тәуелсіздік аласың. Тәуелсіздік алғаннан кейін отыз жыл бойы ұры-қарыдан аман-есен шығатын болсаң, елің көркейеді».

Саясаткер, экономист Айдар Әлібаевтың айтуынша, біз дәл қазір Қазақстандағы саяси деградацияның куәсі болып отырмыз. Билік өзгергісі келмейді, бірақ өзі отырған бұтақтың әбден шірігенін, ешкім кеспей-ақ өздігінен құлағалы тұрғанын байқамайды.

– Бір оңбаған жағдай туды. Зейнетақы жинағында қазір пайдаланып қалатын жеткілікті шегі барларға баспана аса қатты керек болмаса да халық «ақшам жемқорларға жем болмасын» деп, кезекті баспанасын басып алып жатыр. Бұл Тоқаевтың ұсынысы еді. Бірақ БЖЗҚ бұған көнбеу үшін, халық өзі жиған ақшасын өз игілігіне пайдаланбасын, деп қатты жанталасып, бермеу үшін күресіп жатыр. Ал бұл нені білдіреді? БЖЗҚ-да, бәлкім, көрсетілген ақша шындығында жоқ шығар? Жөнді инвестициялық саясаты жоқ дарынсыз менеджерлер өздері жеп, бірдеңеге салып, ұтылып, желініп, ұрлатқызып қойған шығар? Логика солай дейді. Әлемнің неше түрлі елдеріне инвестиция саламыз, ал өз еліміздің инфрақұрылымына, Қазақстанды дамытуға келгенде, ақшаны аяп қалады.

Күні кеше тәуелсіздік мерекесіне орай, билік талай шенді-шекпендіге орден-медаль таратты, бірақ елде ауыз толтырып айтатын ешбір жетістік жоқ. Ол аздай, биыл да елде ешқандай маңызды саяси оқиға не өзгеріс болмады. Ауыл әкімінің сайлауы мен елді шулатқан пандемия, мән-мағынасыз шектеулер мен карантин, тығылып өткен тойлар мен оның даулары, масканың жыры, qr-кодтар мен мәжбүрлі вакцинадан басқа. Қазақстанда жарияланған бұл пандемияның бар мақсаты адамдардың мінез-құлқы мен жүріс-тұрыс дағдысын бақылау ма деп қалдым. Екіжылдық пандемия біздің өмірімізге кәдімгідей әсер етті. Пандемияны желеу еткен үкіметіміз халықтан тығылып алып, түк істемеу мен өтірік алдау режиміне мықтап кірісті. Пандемия олар үшін халықтан жасырынатын қалың перде болды.

Президент Тоқаев керексіз деп таныса да, Астана әкімі Алтай Көлгіновтің кояр да қоймай, LRT құрылысын аяқтаймыз деп қасарысқаны қалай? Жыл соңында зейнетақы қорынан халықтың өз жинағын көзі тірісінде пайдалана алатын жеткілікті шегін күрт көтере салды. Шенеуніктер сіздің жинағыңызды сізге бермеу үшін жанын салып жатыр, әлі де салады. Алматыны одан сайын құмырсқаның илеуіне айналдырды, инфрақұрылымның әбден тозғанына қарамай. Халыққа қалада көлік қоятын орын, мектеп, балабақшада орын жетпей қалды. Әй, әкім-қаралар, араларыңда Алматыға жаны ашитын біреуің болса, қалада баспана салу мен оның маңайынан жер сатуды доғарсаңдар қайтеді? Ақшаға тою, қанағат қайда, – деген сауал тастайды сарапшы.

Тегтер: