Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:50, 31 Наурыз 2022

Жемқорлар жалмаған Қазақстан жаңара ма?!

None
None

Ақиқаты осы. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асты, осы аралықта Қазақстанды жемқорлар аяусыз жалмады.

  Бүгінде «ар-ұяты оянып, бұл байлық қараша халықтың үлесі, елдің дамуына күш салуымыз қажет», деген ойға келген шенді-шекпенді саусақпен санарлық.  

          Еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл  агенттігі Қазақстанда аса ауыр коррупциялық қылмыстар саны өскенін мәлімдеп, дабыл қағып отыр.  Бұған қатысты соңғы үш жылдағы деректерді сөйлетсек, 2019 жылы жемқорлыққа қатысты  –  2 245, 2020 жылы 2 193, 2021 жылы 1 557-ге жуық қылмыстық іс тіркелген. Айта кету керек, біздің қоғамда сыбайлас жемқорлықпен тек қана Антикор айналыспайды. Бұл ретте, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет былтыр 1037 іс  қозғаса, Ішкі істер министрлігі – 326, Ұлттық қауіпсіздік комитеті – 89, прокуратура органдары – 78, Экономикалық тергеу қызметі – 21 іс қозғаған. Осылайша, ұсталғандар ұсталып, сотталғандар сотталып-ақ жатыр. Бірақ «жыланның басын кессең де құйрығы өлмейтіні», сыңайлы бір жемқор мен парақор құрықталса, келесі күні-ақ  екіншісінің былығы ашылып жатады. Сонда біз  жемқорлық жайлаған елде «Жаңа Қазақстанды» қалай құрғалы жүрміз?!

   Тағы да сол деректерді сөйлетсек, былтыр «жемқорлық жасады» деген айып тағылып, ұсталғандардан 892 адам сотталған. Жемқорлығы үшін сотталғандар ішінде бірінші орында полицейлер – ішкі істер органдарының өкілдері тұр. Екінші орында – жергілікті шенеуніктер, яғни әкімдіктердің және олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері. Соның ішінде, өткен жылы 5 әкім жемқорлығы үшін сотталды. Ал 2019  жылы 19 әкім түрмеге жабылған еді. Үшінші орында Қаржы министрлігі тұр. Аталмыш министрлік өкілдері мемлекеттің қаражатын өзімсініп, қалтаға басқаны соншалық 67 қызметкерінің 34-і коррупцияға қолын былғапты. Әрі қарай ауыл шаруашылығы министрлігі, денсаулық сақтау министрлігі, ұлттық қауіпсіздік органдары, экономикалық тергеу қызметі, прокуратура қызметкерлері тұр. Сондай-ақ былтыр әділдіктің жаршысы болуы тиіс үш судья жемқорлығы үшін сотталды. Атап өтер жайт, бұлар тек қылмыстары толық дәлелденіп, сот үкімі шыққаны ғана. Ал ісін сотқа жеткізбей, ебін тауып, есебін асырып, құтылып кеткендері қаншама?!

   Елде жемқорлықтың өсіп бара жатқанына қынжылған Антикор өкілдері бұл мәселеге қатысты: «Сыбайлас жемқорлыққа қатысты жыл сайын парақорлықтың үлесі өсіп барады. Оған пара алу және беру, парақорлыққа делдал болу кіреді. Мысалы, 2015 жылы әрбір үшінші қылмыс қана парақорлыққа қатысты болса, 2021 жылы барлық істің 67 пайыздан астамы немесе 1 557 істің 1 053-ы парақорлыққа қатысты болды. Бұл мемлекеттік аппараттың жұмысында «қауіпті аймақтардың» бар екендігі туралы белгі береді», – дейді.

 Ведомствоның мәліметінше, өткен жылдармен салыстырғанда, жалпы статистика төмендегенімен елде аса ауыр, яғни аса ірі сомадағы коррупциялық қылмыстардың саны 10 пайызға, жемқорлығы үшін ұсталғандардың саны 10, тұтқындалғандардың саны 13, бас бостандығынан айырылғандардың саны 7 пайызға көбейді. Антикоррупциялық қызмет 2021 жылы жемқорлар жеген 23,8 млрд теңгенің 20,4 миллиардын кері қайтарды. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік тендерлерге мониторинг жүргізу арқылы жалпы сомасы 46,6 миллиард теңге бюджет қаржысының қолды болуына жол бермепті.

   Тендер демекші, нақ осы тендердің айналасындағы мемлекет қаражатының  жемқорлардың жемтігі болғалы қашан?! «Қаржы жымқырды», «тендерді заңсыз өткізді», «пара алды» деген іспетті күдіктерге де біздің шенділер жиі ілінеді. Бас прокуратураның мәліметінше, елде, әсіресе жол жөндеуге, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салуға бағытталған тендер өткізу кезінде заңсыздықтар анықталған. Сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жұмыспен жалған қамтудың 6000 фактісі белгілі болған. Дәрі-дәрмектерді өз құнынан жоғары бағамен сатып алу, мемлекеттік сатып алу процедураларының жүйелі түрде бұзылуы, тиімсіз жоспарлау мен бағаны бұрмалау фактілері де анықталған. Ең сорақысы, өткен аптада Антикор Шиелі аудандық білім бөлімінің бір литр сүтті 14 млн теңгеге алмақшы болған былығын анықтады. Агенттіктің тексерісінен кейін сүт бағасы бірден 223 теңгеге дейін төмендетілген. Осыған ұқсас жайт Қармақшы ауданында да тіркелді. Онда нөмірі 275-ші мектептің басшылығы балалардың сырт киімін 1 млн 670 мың теңгеге бағалап, 208 миллион теңгеден астам сомаға 125 күртеше сатып алуды жоспарлаған.

Бұдан бөлек, Есеп комитеті COVID-19 инфекциясымен күресуге бөлінген қаражаттардың ішінде 344 миллиард теңгенің талан-тараж болғанын анықтады. Осындайда халықтың басына нәубет төніп, ел шыбын жанын шүберекке түйіп, індетпен алысып жатқанда, шенділердің қаражатты қылғытып, жұтып жатқан тойымсыздығына еріксіз таңғаласың. Сонда бұлар «тойсаң, тоба қыл» дегенді мүлдем миларына құя алмайтын болғаны ғой. Бірақ «түйені түгімен жұтып» үйренгендерде ондай түсінік қайдан болсын?!

Тақырыпқа тұздық…

         Жемқорға сот жоқ па?! Тізе берсек, жемқорлығы әшкереленіп, қылмысы дәлеледенген шенділер бізде өте көп. Бірақ неге екені белгісіз, басында «бірнеше жылға сотталды» деген үкім арқалаған олар мерзімінен бұрын бостандыққа шығып ала қояды. Мысалы, 2019 жылы Қостанайды басқарған Ахмедбек Ахметжанов «жүйелі түрде пара алды», деп айыпталып, сотпен кінәлі деп танылды, нәтижесінде, 13 жылға қатаң тәртіптегі колонияға қамалған-ды. Алайда, кесілген жазаның үштен бірі өтелмей жатып, экс-әкім бостандыққа шықты. Тіпті біздің елде істі бол­ған­дардың арасында жазасын өтеген соң, билікке қайта келгендері де бар. Мәселен, күні кешеге дейін «Атамекен» ұлттық кә­сіпкерлер палатасының басқарма төрағасы қызметін атқарған Абылай Мырзахметов Көлік және коммуникация министрі бо­лып тұрған шағында құқық қорғау орган­дары­ның назарына іліккен. Оған кезінде  «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында бас директордың орын­ба­сары, бас директоры қызметін атқарып жү­ріп, 1 миллиард тең­гені жым­қыр­ған деген айып тағылған-ды. Сондай-ақ 2006-2009 жылдар аралығында қорша­ған ортаны қорғау министрі болған Нұр­лан Ысқақов та 1 миллиард 100 миллион теңгені қолды еткені үшін жазаланған-ды. Қазына қаржысына қол салған Ыс­қақов төрт жылға бас бостандығынан айы­рылды. Бірақ ол, екі  жылдан кейін бостандыққа шық­ты. 2008-2010 жылдары Денсаулық сақтау министрі болған Жақсылық Досқалиев та пара алғаны үшін темір торға жабылды. Досқалиевты сот 2011 жылы жеті жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарған-ды. Алайда 2012 жылдың ақпанында экс-президент Назарбаев оған кешірім жасап, жазасын өтеу мерзімін екі жылға дейін кемітті.  2017 жылғы қаңтарда ұсталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісін ел әлі ұмыта қойған жоқ. Оған «ірі көлемде бір­неше рет пара алды» деген айып тағыл­ды. 2018 жылдың қаңтарындағы сот отыры­сының бірінде Бишімбаев Назарбаев пен Қазақстан халқынан кешірім сұрады. Ал 2018 жылдың наурызында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандан­ды­рылған ауданаралық сотының шешімімен экс-министр Қуандық Бишімбаев 10 жылға сотталды. Дегенмен ол арада бір жарым жыл өтпей, мерзімінен бұрын босатылды. Бұл тізімді әрі қарай соза берсек, жалғасын таба береді. Нақ қазір басқасынан бөлек, «қаңтар қырғынынан» кейін қолға түскен «шортандар дұрыс жазалана ма», деген сауал көпті мазалап жүр. Мәселен, қаңтардағы қырғыннан кейін ұсталған Кәрім Мәсімовтің бір емес, бірнеше сыбайлас жемқорлыққа қатысты әрекеті әшкереленді. Оның құны 2,5 миллиард теңге тұратын элиталық тұрғын үйі, бизнес-класс санатындағы 11 автокөлігі мен 17 млн АҚШ доллары тәркіленді. Бұл әшкереленгені ғана…  Әшкереленбей, әлі де тығылып жатқан байлығы барлар қанша?!  25 жылда Қазақстаннан шетелдік оффшорларға, шамамен, 140-160 млрд доллар шығарылыпты. Бұл бүкіл елдің жылдық жалпы ішкі өнімі мен сыртқы қарызына тең сома. Ал енді мұндайда елді жемқорлар жалмады демегенде, қайтеміз? Осынша ынсапсыздықпен жемқорлар жалмаған Қазақстан енді жаңара ала ма? Үміт бар-ау, бірақ күдік тым басым…

Тегтер: