Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 27 Мамыр 2021

Жемқорларға қалай дауа табамыз?

None
None

Досым Сәтпаевтың YouTube желісіндегі AuditoriumQZжобасында жемқорлық тақырыбы кеңінен талқыланған екен.

Рас, Қазақстанда дағдарысқа қарсы қаншама бағдарлама ойлап тапсақ та, қаншама ақша шығындап, реформалар жөніндегі қаптаған кеңестер құрып жатсақ та – бәрібір баяғы жемқорлық барлық бастамалардың тамырына балта шауып келеді.

       Сәтпаевтың сөзінше, жемқорлық – Қазақстанның алтын уақытын текке кетіріп, өлтіріп жатқан ауыр кесел. Ол қазіргі дамуымыздың бәрін жоқ қылып, ұрпағымыздың болашағын бұлыңғыр етуде. Бірақ көптеген бұрынғы кеңестік елдердегідей біздің елдегі биліктегілер үшін жемқор жүйе өте ыңғайлы. Жемқорлық схемаларына қатысу арқылы адамдар билік номенклатурасына кіретін болды. Олар үшін жемқорлық жақсы құрал. Жемқорлық басшысына барынша жағынатын, саяси жүйеге адал адамдарға сыйға тартылатын жілікке айналып кетті. Ұрла да же, тек билікке тиме. Екіншіден, жемқорлыққа әбден батқан шенеуніктердің мол болғаны билік басындағылардың өзіне ыңғайлы. Бәрінің арты қуыс болғасын ешқайсысын тырп еткізбей бақылайды. Элитаның ішіндегі тепе-теңдік дегеніміз, шындығында, элиталық топтар арасындағы бір-біріне қарсы түрлі компроматтардың тепе-теңдігі ғана екен.

      Ұлтқа төндіретін қаупі жағынан жемқорлар кез келген шетелдік шпионнан да, қанішер террористен де қорқынышты. Жемқорлық дағдарысты еңсеруге зиянын тигізіп қана қоймайды, ол дағдарысты өзі туғызады. Сенім дағдарысы, тиімділік дағдарысы, даму дағдарысына жемқорлық себеп. Жемқорлығымыздың қаншалықты терең екенін коронавирус пандемиясы тағы да жақсылап дәлелдеп берді. Коррупция да вирус сияқты – мемлекеттің иммунитетін әлсіретеді. Қазақстан алда әлі талай дағдарысқа, кедергілер мен форс-мажорлық жағдайларға тап келеді. Жемқорлықтың кесірінен өз ішінен іріп-шіріп жатқан ел ондайда қалай қиындыққа қарсы тұрмақ? Жемқорлық қоғамды, мемлекетті құртады, әрбір тұлғаның санасын улайды.

                         Ендеше не істеу керек?

         Экономист Рахымбек Әбдірахманов жемқорлықпен қоғам болып күресудің нақты тетіктері туралы украиналық Жемқорлыққа қарсы әрекет орталығының жетекшісі Дарья Каленюкпен сұхбат жүргізіпті. Бұл орталық соңғы 10 жылдан бері Украинадағы мемлекеттік органдардағы, сот жүйесі мен парламенттегі жемқорлықпен сәтті күресіп келеді екен.  Жемқор шенеунік, депутат немесе судьялар міндетті түрде осы ұйымның бақылауына ілігіп, олардың бар тірліктері бірден қоғамға жеткізіледі.

     – Украинада бір жылдан бері карантин енгізілген, бірақ біз де мұндай жағдайда жұмыс істеуге үйрендік. Бұл билікті бақылауға еш кедергі болып отырған жоқ. Украиналық жемқорлардың сот отырыстарының ешқайсысынан қалмаймыз. Мұндай қоғамдық бақылау өте маңызды. Сотқа кіргізбесе, онлайн арқылы қосуды сұраймыз. Сот барысындағы қай жемқордың жемқорлық қылмысын қалай жасағанын бүге-шігесіне дейін әлеуметтік желілерде жариялаймыз. Одан баспасөз жаңалық жасап, шығарып жатады. Кейде судья немесе адвокаттың қылықтары бізге күмәнді көрінсе, оны да бірден жазып, сабасына түсіреміз.

       Украинада өте ықпалды халық депутаты болған. Ондаған жыл бойы атом энергетикасы жөніндегі комитетті басқарған. Украинада төрт атом электр станциясы бар. Олар аса ірі сомаларға түрлі жабдықтар мен қызметтерді сатып алады. Сәйкесінше, жемқорлық көп. Әлгі Николай Мартыненко сол атом станцияларындағы сатып алуға байланысты тірліктердің «смотрящиі» болған. Ақша жасаудың небір схемалары болған. Революциядан кейін жаңадан құрылған антикоррупциялық бюро осындай ірі жемқорлардың істерін тергеу өкілеттігіне ие болды. Солай, әлгі бұған дейін ешкім тиісе алмайтын, мемлекеттік істерге ықпал етіп келген, бір партияның доноры болған депутатқа жемқорлық қылмыстары бойынша айып тағылып, Чехия, Швейцария, Панама арқылы, тіпті әлде Қазақстан ба еді, әлде Түрікменстан ба, сондай бір мемлекет арқылы ақша заңдастырғаны ашылды. Сөйтіп, аса ірі, жүйелі топ-жемқор сотқа тартылды. Ол бұл елде ешкімнің мені соттайтын қауқары жоқ деп ойласа керек, сотта басында тым менмен болды. Ашық конкурс бойынша тағайындалған прокурорларға әкіреңдеді.

        Бізде жөні түзу прокурорлар революциядан кейін ғана пайда болды. Қитұрқы манипуляциялармен айналысқан адвокаттарға біз қоғам болып қарсы шықтық. Әр отырысқа қатысып, адвокаттардың өтіріктерін әшкерелеп отырдық. Мартыненкоға тосыннан жайсыз сұрақтарымызды қойып, жынын әбден келтірдік. Қыр соңынан қалмадық. Тіпті бізді сотқа беріп, реформаланбай қалған соттың бірінде жеңіп те кетті. Бірақ біз жоғарғы сот арқылы бұл істі кері қайтардық. Ол өзінің жемқорлық күдігіне іліккені туралы, күмәнді активтері туралы ақпаратты біздің сайтымыздан алып тастағысы келген еді.

        Қазір Украинада «неприкасаемый» деген ешкім жоқ. Ашық тендерлер идеясын жүзеге асырған «Прозорро» деген жүйе құрылды. Мемлекеттік компаниялар болсын, министрліктер мен өзге де органдар, басқасы болсын – жасалатын барлық келісімшарттар туралы бар ақпарат ашық болды. Оған дейін мемлекеттің үлесі бар компаниялар өз тендерлері туралы ақпаратты жарияламайтын. Миллиардтаған гривендер ұрланып келген үлкен тесік еді бұл. Сөйтіп, оны да бітеп қойдық. Біз мемлекеттік ақша ұрланды демейміз, ол мемлекеттің ақшасы емес, халықтың, біз бен сіздің ақшамыз дейміз.

       Посткеңестік елдерде жемқорлықпен күрестің сингапурлық тәжірибесін қолдануға неге келмейді? Өйткені Сингапур – тым шағын мемлекет. Шағын болған сайын басқару жеңіл. Тіпті Украина мен Грузияны салыстырсақ та, Грузия кішкентай, Украина үлкен. Бір-бірімен байланысқан түрлі мүдделері көп үлкен елді басқару, онда реформа жүргізу қиындау келеді. Бізге Кеңес Одағынан мұра болып ауыр жүк қалды. Сексен жылдық құлдық дегенмен, өзінің ізін қалдырып кетті. Кеңестік жүйе элитаны, өз көзқарасы бар, сол үшін күресуден қорықпайтын адамдарды бұзды. Интеллигенцияны құртты. 1932-33 жылдары Украинада голодомор болды, аштықтан қырылдық. Колхоздарға солай күштеп тықты. Кеңес билігі сондай болды, ондаған миллиондаған адамдарды қырып салды. Кеңес Одағы құрығалы 30 жыл өтсе де, әлгі мұрамен алысу оңайға соқпай жатыр. Сонда да күресіп, жеңіп келеміз. Сіздер де жеңе аласыздар деп ойлаймын.

      Ресей деген көршіміз бар, өзін сол Кеңес Одағының халықты қыру мен империя құру құқығының мұрагері санайтын. Украинада Ресей Федерациясының агентуралық желілері әлі бар. Ондай агентура, чекистер бұрынғы кеңестік елдердің бәрінде бар. Әсіресе Украинада көп, әсіремықты. Кремль агенттері элитада, тіпті парламентте де отыр. Олар елдегі өзгерістерге іштен саботаж жасайды. Украина дамымасын, демократиялық өзгерістер болмаса екен деп, Украина мемлекеттілігінің институтын әлсірету керек деп аяқтан шалып келеді. Сол күштер тарапынан ашықтан-ашық гибридтік соғыс жүріп жатыр. Ресейде өндірілетін мұнайдан, Ресей халқынан ұрланатын долларлар жаңағыдай адамдар мен ұйымдарды қолдайтын құралға айналып отыр, – деген екен Дарья Каленюк.

Тегтер: