Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:49, 09 Маусым 2022

...Жемқорлық неге өршіп барады?

None
None

Қазір қай саланың болсын есеп беруі ең алдымен жемқорлықпен қаншалықты күресіп жатқанымен басталады.

Есептеріне қарасаң, расымен сұмдық. Мына қарқынмен жемқорлық – әлі неге бар деп таңғаласың. Тіпті жемқорлықты жою үшін жыл сайын қазынадан қыруар қаржы да бөлінуде. Алайда көп жағдайда жүйенің өзі жемқорлыққа үндеп тұрғандай болады.

Соның айғағы елімізде жемқорлардың саны жыл өткен сайын өсіп барады. Сарапшылардың мәліметінше, Қазақстанда 2022 жылдың қаңтар-наурыз айларында 725 сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс тіркелген. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 26,5%-ға көп болғанын статистика айғақтап отыр.  Finprom.kz зерттеуінде көрсетілгендей, тіркелген жемқорлық қылмыстарының үштен бірі пара алу қылмысының үлесіне тиеді екен. Статистиканы сөйлетсек, оның бір жыл бұрынғыдан бірден 246 оқиғаға көбеюі көп нәрсені аңғартады.

 Ал жақында ғана Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов Қазақстанда жыл басынан бері 1 100-ден аса жемқорлық деректері анықталғанын мәлімдеді. Президенттің қабылдауында болған агенттік төрағасы 600 лауазымды тұлғаның жемқорлыққа қатысы бар екені анықталғанын айтты. Олардың 110-ы түрлі деңгейдегі басшылар көрінеді. Жемқорлықтың жолын кесу арқылы ел бюджетіне 220 миллиард теңгеден астам қаржы қайтарылған. Бұл жолы кесілгендері ғана, ал айласын асырып, құтылып кеткендер арқылы қоғамымызға қаншалықты зиян келіп жатқаны әзірге белгісіз.

Атап өтер жайт, кеше ғана аяқталған оқу жылының соңында талай мектеп ата-аналардан мектепті жөндеу үшін ақша жинады. Ал мектеп бюджеттік мекеме жыл сайын келер оқу жылына дайындап қою үшін де қазынадан арнайы қаржы бөлінетіні әмбеге аян. Ол қаржының орта жолдан кімнің қалтасына қарай бағытталып кететінін зерттеп жатқан ешкім жоқ. Мемлекеттен қаржы бөлініп жатыр, ол діттіген жеріне жетпегендіктен, ата-аналардан тағы ақша жиналуда. Қанша жерден халық қарсылық білдіргенімен мектеп сұрағанын алуда. Осы секілді талай жүйеде жемқорлық білдіртпей дамуда. Бұл түрімізбен жемқорлық елімізде ешқашан жойылмайтын да секілді. Тіпті жоғарыдағы статистика көрсеткендей жемқорлық жыл санап қанатын кең жайып бара жатқандай.  

Осы орайда атап өтсек, өткен жылы ғана жемқорлықпен күресуші органды қайта құрылымдаған едік. Саланы 2014 жылдан бері, 7 жылдай жетектеген Алик Шпекбаевты орнынан кетіріп, орнына келген Марат Ахметжановтан көп нәрсені күттік. Алайда статистика жағдайдың аса жақсара қоймағанын көрсетіп отыр.  Жаңа басшыдан жемқорлыққа қарсы жойқын соққы күткен көңіліміз су сепкендей басылды. Биыл жыл басынан бастап жемқорлықпен күреске кіріскен Олжас Бектеновтің де жемқорлықты жойып жіберетін әрекетін байқай алмай отырмыз. «Жаңа Қазақстан» құрамыз десек, ең алдымен жемқорлықпен күресті күшейту керек-ау. Әйтпесе бір жағынан тоналып жатып, екінші жағынан өркендей аламыз ба?!

Тегтер: