Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:33, 23 Маусым 2023

Жемқорлық – ұрлық

None
None

Махмұд Қашқари үш томнан тұратын «Түрік сөздігі» еңбегінде жалпы түркі жұртының әлеуеті мен тарихына мадақ айтып, түркі тілінің байлығын паш етеді.

«Біздің тілімізде әрбір ұғымды дәл танытатын сөз бар» деп мақтанады. Былайша келгенде мақтанатын сөз еместей көрінеді. Бірақ әрбір ұғымның өз атауы болуы – оны түсінуге барынша көмектесетінін білуіміз шарт. Әрбір құбылыс пен ұғымның өзіне тән атауын қолданбай, адасушылыққа, оның соңы трагедияға апарады.

Жалпы халық жемқорлық, коррупция деп аталатын құбылыстың бетін ғана көреді. Біреудің есепсіз байлығы, зәулім үйлері, қымбат көліктері… Бір қарағанда кедей халық ол байлыққа қызғанышпен қарайтындай. Тіпті соңғы уақытта халық арасында: «Қолыңнан келіп тұрса сен де істейтін едің» деген сөз пайда болды. Бұл қоғам ұятының өлімші хәлінің немесе халықтың жемқорлыққа әбден еті үйренгенінің белгісі іспетті. Осы олқылықтың алдын алу мақсатында елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған Тұжырымдамасы жарияланып, іс-қимыл жоспарында іс-шаралардың нақты тізбесі көрсетілген. Солардың ішінде сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда азаматтық қоғамның рөлін күшейту деген пункттер бар.

Осы тұста біз бірінші айтып өткен ұғымның дәл атауы деген мәселеге тоқталамыз. Жемқорлыққа төзбеушілік немесе оған деген жиіркеніш туғызу үшін бұл мәселені дәл атауымыз керек шығар. Яғни жемқорлық емес – ұрлық. Жымқырды емес – ұрлады. Жемқор, коррупционер емес – ұры. Өйткені жымқыру, жемқорлық, жемқор сөздерінің негативті экспрессиясы тым төмен. Термин сөз сияқты. Сондықтан бұл сөздерді балабақшадан бастап «ұрлық», «ұрлау» сөздерімен шендестіру маңызды. Мысалы, кез келген адамды «ұрлықшы, ұры» десеңіз шошып кетеді. Ал «жемқор, коррупционер» деген сөздер жастар арасында тіпті әзілге айналып кеткен. Одан ешкім шошынбайды. Жемқорлық туралы жарияланған материалдарды оқи отырып «мемлекет қазынасынан ұрлады» деген сөзді өте аз кездестірдім. Бұл сөздің орнында «жымқырды, талан-таражға салды» деген сөздер қолдынылады. Осылай атауларды дұрыс қолданбау әсерінен біз проблемаға тура қарай алмай отырған сияқтымыз.

Ұрлыққа жиіркеніш туғызатын тағы бір жол ретінде әлеуметтік бейнероликтер пайдаланылады. Елімізде түсіріліп жатқан тақырыпқа сәйкес бейнелердің көбін көріп шықтық. Онда жемқорлық толық ашылып көрсетілмейтіндей. Өйткені көп бейнероликтердің сюжеті бойынша жемқорлық – жемқор адамға ғана нәубет әкелетін секілді. Мысалы, аурухана басшысы бөлінген ақшаны ұрлап, керекті дәрі-дәрмекті алмайды. Соңында сол дәрілердің жоқтығынан анасы қайтыс болады. Бұл коррупцияның өте тар түсінігі және кездейсоқтыққа ғана сүйенетін сценарий.

Біздің қоғамға мемлекеттік масштабтағы ұрлықтың салдарын ашып көрсететін кешенді бейнеролик қажет. Бүгінгі параға алынған 100 теңге 10 жылдан кейінгі мемлекет бюджетіне 1 миллион шығын келтіретінін, бір адамның қалтасына кеткен аурухана қаржысының он жылдан кейін 1000 адамның өмірін жалмайтынын, немесе он адам бөліскен қазына қаражатының 50 жылдан кейін тұтас мемлекеттің күлін көкке ұшыратынын айқындап беретін бейнеролик керек. Яғни жоғарыда айтып өткеніміздей, зәулім үйлер, қымбат көліктер мен сағаттар коллекциясы айсбергтің беті ғана. Яки мәселе біреудің бақуатты өмір сүргенінде емес, мәселе оның бүгінгі бақуатты өмірі ертеңгі жаппай кедейшіліктің бастауы екені. Міне, осы мәселелер халыққа жан-жақты түсіндірілгенде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы азаматтық қоғамның рөлі өзімен-өзі күшейе бермек. Өйткені коррупцияның салдарын түсінген адам елінің болашағына өзінің де жауапты екенін сезінеді. Заңсыздықты көре тұрып, оған тосқауыл болмау – қылмысқа ортақтасу екенін де халық осылай сезінетініне сенімдімін.

Тегтер: