Жемқорлыққа алғыс
Украин тарапы Ресей қорғаныс министрі Шойгуге «Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтары» үшін алғыс айтыпты.
«Әскери әлеуетіміз сіздерден әлде қайда әлсіз болса да, күштік құрылымдарыңыздың «Түйені түгімен жұтатын» жемқорлығының арқасында күн өткен сайын ырықты орынға шығып келеміз, сол үшінде көптен-көп рақмет!» деген мағынада үш бума хат жолдапты. Мұны – от пен оқтың арасында жүрсе де әзілін тастамаған КВН-ші президент Зеленскийдің кезекті қағытпасы деп қарасаңыз да, ақпараттық соғыс тәсілін ұтымды пайдаланып жатқан украин қорғаныс бөлімінің кезекті мылтықсыз шабуылы деп түсінсеңіз де, ерік өзіңізде. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» дегендей әзілдің астарында ауыр зіл жатқаны анық.
Іс жүзінде жағдай көрсеткендей, Ресей әскерінің қуаты ел ойлағандай болмай шықты. Тұтқынға түскен орыс солдаттарының аужал ететін ас-ауқатының, аса қажетті дәрі-дәрмектерінің пайдалану уақыты өтіп кеткені түсірілген бейне жазбалары украиндардың үйреншікті ақпараттық айласы десек те, айдалаға лағып кеткен, жарылмай қалған ескі бомбалар, шаруалардың олжасына айналған төбесіне шөлке байланған танклер, Киевті қоршауға алуға шыққан әскери техникасының жол бойында 64 шақырымдық сап түзеп, бірнеше күн қаңтарылып қалуы, ресейдің мақтаулы ұшқыштарының, соғыс көрген үш бірдей генерал майорының өлімі, өзге елдердің де әскери мамандарының назарын аударып, түрлі жорамалдар мен қауесеттердің таралуына мұрындық болуда. Путиннің аталмыш «арнайы соғыс операциясының» өте қысқа мерзімге жоспарланғаны, жарты айдан астам уақыт өтсе де мақсатына жете алмауына – украин тарапының күшін, қарсылығын қате бағамдап, теріс мәлімет берген барлау органдарының, әскерлерді тамақпен, соғыс техникаларын жанармаймен қамтамасыз етуге жауапты тобының жұмысының дұрыс үйлестірілмеуінен деген пікірлер айтылуда. Нәтижесінде Украина жағы ресейдің 31 батальонының күшін жойдық десе, Англия барлау органы да «Ресей украина аумағына кірген әскери техникасының төрттен бірінен айырылды» деп растап отыр. Ресей қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі де «Жойқын қарулардың сәтсіздігіне техникалық ақау себеп болды» дегенді жиі айтуда. АҚШ-тың бейтарап сарапшылары да Ресейдің ең озық деген қаруларының электронды басқару жүйесіне қытайдың арзанқол өнімдері қолданылған деген байлам жасауда. Айланып келгенде бәрі Ресей әскерінің АҚШ-тың Иракта Саддамды құлатуға, Ауғанстанда Тәліптер мен Әл-Жазираны жою мақсатында алып барған «найзағай» операциясындай әбжіл қимыл көрсетудің орнына, шығынға ұшырады.
Путиннің бұйрығын дер кезінде орындай алмауын әскери саланы жайлаған жемқорлықтан, қорғаныс саласын дамытуға, модернизациялауға бөлінген қаржының жетер жеріне жетпей, араны ашылғандардың жемсауына, ресейдің бұрынғы Сыртқы Істер министрінің сөзімен айтқанда «шетелде демалуға, яхталарға» жұмсалғанынан көріп отыр. Соның кесірінен орыс әскері кеңес заманынан қалған, уақыты өткен әскери техникаларға арқа сүйеп, ескі соғыс тактикасын қолданып, жоғарыдан бұйрық күтетін тиімсіз басқару жүйесінен зардап шегуде екен. Керісінше АҚШ пен НАТО елдерінен ең озық әскери қарулар, атап айтқанда танкіге, әуе қорғанысына арналған иыққа қоятын жалғыз кісілік зымыран атқыштар алған украин сарбаздары топтаспай, бытырай шабуылдап, берілмей келеді екен. Ресей тарапының соңғы кезде оңтүстік-солтүстік, шығыстағы қалалармен бірге, батысында жаппай зымырандармен атқылай бастауы шарасыздықтан жасалған қадам екен.
Ресейді жеңіліске ұрындыратын жемқорлықты украиндар ғана емес, бастыс елдері де тиімді пайдалануда. Путин мен Шойгуге ғана емес, билікке жақын олигархтар мен ірі лауазым иелеріне жаппай санкция салуда. Қымбат мал-мүліктерін тәркілеп, жалғанды жалпағынан басып, тайраңдап жүруіне шектеу қоюда. Соған байланысты ел арасында элитаның арасында алауыздық пайда болғаны, елде саяси тұрақсыздық, билікке қарсы бас көтерулер болатыны жайында өсек-аяң қарша борауда.
«Тәуелсіздігімізді қорғап қалған» Ресей тарапына айтылып жатқан сындар бізге де етене таныс. Қазақстан қорғаныс саласы да құрылғаннан бері атышулы істерден кенде емес. 90-жылдардағы «Солтүстік Кореяға сатылды» деген әскери ұшақтар дауы, Бен Ладеннің елбасының туыстырымен саят құрғаны жайлы ақпараттарды айтпаған да, кешегі бүкіл елді дүрліктірген Арыс пен Жамбылдың қару-жарақ қоймаларындағы жарылыс, қатардағы курсанттан бастап генералдардың өліміне себеп болған ресейден сатып алынған әскери ұшақтар апатын тізбелеуге болады. Депутат Айдос Сарым мырза жақында алыс аймақта болса бір сәрі, Алматыдағы әскери казарманың шұрық тесік еденіне сүрініп, құлай жаздағанын айтады. Қорғанысқа, әскери қызметшілердің жағдайын жақсартуға ақша бөлінбейді емес бөлініп жатыр. Бұл жерде де жемқорлықтың құлағы қылтияды.
Ресей бастаған соғыс салдарынан туындаған экономикалық, қаржылық тұрақсыздық біздің билікке, халыққа да оңай соғайын деп тұрған жоқ. «Тыныш өмір сүргің келсе, соғысты зертте» деп батыстың бір білгірі айтқандай, біздің де әскери саламызды қайта жасақтайтын, Хрущев заманынан бергі әскери техникалардың жарамдылығын сараптан өткізетін, әскерилердің материалдық жағдайын, еңсесін, рухын көтеретін уақыт жетті. Аймақтық, халықаралық геосаяси жағдай күрделі кезеңге қадам басты. Біздің билік бейтарап позиция ұстағанымен ел ішінде де, сыртында да Ресейге жақтас болуға итермелеп отырған күштер жетерлік. Біріккен ұлттар ұйымы «террористік ұйым» деп таныған Тәліптер ресейді айыптап отыр. Иран Ирактың күрд аймағына орналасқан АҚШ елшілігін зымырандармен атқылады. Қытайдың ресейге қашанға дейін болысары белгісіз.