Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:18, 01 Қараша 2022

Жемқорлықтың кесірі: СҚО тұрғындары қыста бүрсең қағады

None
None

Биылғы қыс Солтүстік Қазақстан облысы үшін ауыр сынақ болмақ. Солтүстіктің суығы қыркүйекте басталып, наурыздың соңына дейін жалғасады.

СҚО тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету мәселесі бірінші орында тұр.

Петропавл тұрғындары биыл қыста қатып қалар ма екенбіз деп қорқып отыр. Биыл наурыз айында қалада жергілікті ТЭЦ-2-нің мұржасы құлап қалған. Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының бір бөлігі жылу мен жарықсыз қалған еді. Энергетиктер алаңдайтын ештеңе жоқ деп әлі сендіріп отыр. Қысқа қарай әр үй жылытылады деп қояды. Бірақ қала тұрғындары мұндай оптимистік болжамдарға сенбейді.

20 наурызда ТЭЦ-2 қазандығындағы мұржаларының бірі опырылып түскен. Апат салдарынан бір әйел қайтыс болды. Машинист әйелдің денесі 22 наурызда үйінді астынан табылған. «Севказэнерго» басшылығы марқұмның жақындарына көңіл айтып, қолдау көрсетуге уәде берді. Жазда жылу электр орталығында жөндеу жұмыстары басталған болатын.

Айта кетсек, жылу электр орталығының қожайыны әйгілі олигарх Александр Клебанов. Ол құбырдың опырылуына жел мен басқа да табиғи факторлар себеп болуы мүмкін деген. Қыркүйек айының басында «Севказэнерго» АҚ бас директоры Олег Перфилов баспасөзге берген сұхбатында ТЭЦ-ті қайта құру жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын айтып еді.

Құбырларды Өскеменнен келген «Қазтеплоспецстрой» мердігер ұйымының жоғары білікті мамандары жөндеуде. Түтін мұржаларының бірі бұзылды. Перфилов атап өткендей, қыркүйектің ортасына қарай жұмыс аяқталуы керек еді. Бірақ, міне, қазан айы да аяқталды, ал Петропавл тұрғындары мына суықта жылыну үшін электр жылытқыштарын қосуға мәжбүр.

Еске салайық, қалада 219 мың адам тұрады. Облыс әкімдігі кездесулер ұйымдастырады, баспасөзбен байланысады, бірақ мұның еш пайдасы жоқ. Петропавл жылыту маусымына дайын емес. Үйлердің іші суықтан улеп тұр.

Айта кетейік, 2022 жылдың шілде айында «Севказэнерго» АҚ бас директоры Олег Перфилов облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығына қарата сөз сөйлеген болатын. Ол ТЭЦ-2-де штаттан тыс апатты жағдайлар орын алған жағдайда тұрғын үйлердегі температураны санитарлық нормалардың талаптарына сәйкес келтіру мақсатында қосымша жылыту құрылғыларын сатып алуды ұсынған. Перфиловтың бұл үндеуі жұртты шошытып, тұрғындар қысқы ақырзаманға дайындала бастады.

Бір аптадан кейін Перфилов басқа мазмұндағы хатын жариялады. Онда ол бәрі жақсы болатынын айтты. Қала үшін қыс қалыпты өтеді. Әрбір тұрғын жылу жүйесіне қосылатын болады. Бірақ әлеуметтік желідегілер бұл хатты халықты тыныштандыру мақсатында жарияланған кезекті шатпақ деп бағалады.

24 қыркүйекте қала жылуға қосыла бастады. Мектептерге, ауруханаларға, балабақшаларға жылу берілді. Келесі кезекте көпқабатты үйлер тұруы керек еді. Бірақ жылуға бәрі бірдей қосылмай қалды. Қала тұрғындары қыста жылусыз, ыстық сусыз қаламыз ба деп қорқып отыр.

«Севказэнерго» АҚ баспасөз хатшысы Лилия Шерина атап өткендей, әзірге барлық әлеуметтік нысандарға жылу беру мүмкін емес екен.

«Тұрғындарға жылу жеткізу үшін гидравликаны реттеп, бөгеттерді ашу қажет. Бірақ қиындықтарға байланысты бұл жұмыс бірден жүргізілмей тұр. Жылу желілері кәсіпорнының апаттық-диспетчерлік қызметі қазір жедел әрекет ету режиміне көшуде. Қаланы жылумен қамту жүйесі іске қосылған күннен бастап орта есеппен тек 14-ші күні толық жұмыс істей бастайды. Энергетиктер қазан айының соңына дейін бүкіл қаланы жылумен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр», – дейді Шерина.

Ал nege.kz сайтының хабарлауынша, облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен олигарх Клебанов бірін-бірі кінәлап қана отыр. Өйткені екеуі де ТЭЦ-2-ні жөндеуге қаражат іздемеген. Клебанов бірқатар энергетикалық компанияларға иелік етеді. Олигарх оларды дамытуға көк тиын қаржы салмады. Жөндеу шығындары мен жауапкершіліктің бәрін мемлекет мойнына артуға тырысады. Ал әкімдік ат-тонын ала қашып, жылу беруді өз мойнына алғысы келмейді.

Энергетиктер мен мердігерлер арасындағы қарым-қатынас та мәз жағдайда емес. Құрылысшылар жылыту мәселесі энергетиктердің қызметіне байланысты деп отыр. Энергетиктер жылуды қосуға рұқсат бермейді. Олардың айтуынша, тұрғын үйлердегі техникалық жай-күй жылу беруге дайын емес. Бәрінен бұрын жаңадан салынып жатқан үйлердің тұрғындары қорқып отыр. Жылу оларға ең соңынан келеді екен.

Тізімдегі бірінші орында облыс орталығының шеткі аудандары тұр. Жаңа үйлердің тұрғындары қысқа өздері дайындалып, жылыту құралдарын қамдап жатыр.

Бұл жағдайда мынадай заңды сұрақ туындайды. Далада қырық градустық аяз қысқанда Петропавл тұрғындары не істеуі керек? Солтүстік Қазақстан үшін қыс – өте қиын кезең. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, былтыр ЖЭО-да адам өліміне әкеп соқтырған бірнеше апат болған.

Солтүстіктің тұрғындары «Севказэнерго» АҚ-дағы технологиялық жабдықтардың тозығы жеткенін айтуда. Мұның бәріне сыбайлас жемқорлық пен өз пайдасын ғана ойлайтын акционерлердің ашкөздігі кінәлі. Қаладағы мұржалардың сапасы мен жұмысы мүлдем бақыланбаған. Енді тұрғындар қысқа дейін барлық үйлер жылуға қосылады дегенге сенбей отыр.

Тегтер: