Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
Бір-ақ аптаның ішінде сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабуға болар еді. Осы күндері ойлап отырсам, кешегі Кеңес өкіметі кезінде Көпен көкем мен оның әріптестерінің фельетондарына кейіпкер болып, күл-талқандары шыға масқара болған «коррупционерлердің» ішіп жегендері – бүгінгі күнгі жебір жемқорлардың жұмырына жұғын да болмайтын, қазіргі шақтағы өлшеммен безбендегенде күлкі шақырар түкке тұрғысыз болмашы ғана дүниелер екен!
Осылай бола тұра әлгі «байғұстардың» мойынына бес – он жыл ілініп те жатушы еді. Өткен кезеңнің ақиқаты осындай болса, бүгінгі күннің шындығы бұған мүлдем кереғар. Әрбір министр мен олардың орынбасарларының және әкімдердің жеке автогараждары, бірнеше үй-жайлары, шетел банкілерінде қыруар қаржылары, тағы басқа да қарапайым жұрттың түсіне кіре бермейтін мүлік-мүкімалдары да бар екендігі ешбірімізге құпия емес. Сыбайлас жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер де осылар екендігі айдан анық жайт.
Алайда, «Мұрның барда бір сіңбір», «Түстік өмірің болса, кештік мал жина» деген тұжырымдарды тұғыр еткен бұларға «әй, дейтін әже, қой, дейтін қожа» да табылар емес. Сонда бұлар осылай бетімен кете бермек пе? «Мың асқанға бір тосқын» деген бар емес пе? Осы орайда, «Аюға намаз үйреткен таяқ» деген тағылымды тәмсілді алға тарта отырып, мынандай ұсыныс айтқым келеді: сыбайлас жемқорлыққа жол бергендер ату жазасына кесіліп, бұл үкім теледидар арқылы қалың бұқара қауымға көрсетілгені жөн деп білемін. Бұл азғындардың жаны кешегі Қаңтарда қайтыс болған қандастарымыздың жанынан артық емес. Осындай шара қолданғанда ғана тәртіп орнайды. Мұндай қадамнан бас тартсақ, онда өскелең ұрпағымызға обал жасағанымыз болмақ. Бізге басқа жол жоқ. Менің бұл ұсынысым қолдау табар болса, бір апта ішінде ақ оң нәтижесін берген болар еді.