Жемқорлықтың тамырын кесу – БАҚ-тың еншісінде
Сыбайлас жемқорлық деген індет Қазақстанды отыз жыл тұралатты. Мемлекеттің тамырына жегіқұрт болып түскен індеттің салдары оңайлықпен жойылатын емес.
Тіпті тамыр тартып алған. Қай облыс, қай сала болсын, сыбайлас жемқорлықтан зардап шеккендер кездеседі. Дегенмен халық арасында осы қылмыспен күресу жолдары әртүрлі формада жүргізіліп отыр.
Мәселен, Жетісу облысында «Өлке тынысы» ЖШС-ның комплаенс-офицері Жанар Қабасова сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында арнайы басқосу жасады.
Жемқорлықпен қалай күресу керек? Парақорлықтың тамырына балта шабудың қандай өнімді тетіктері бар. Ж.Қабасова басқосуда осы тақырыптарға тереңірек тоқталды. Әрине, жемқорлық пен парақорлыққа қарсы жасалатын жұмыстың ең негізгі талабы мен қағидасы – жариялылық екенін ұмытпайық. Сол үшін де сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес нәтижелі болу үшін, адамдардың санасында сыбайлас жемқорлық туралы дүниетанымды қалыптастыру мен орнықтыру үшін, сонымен бірге парақорлыққа қарсы күресті кеңінен насихаттап жүргізу үшін, жемқорлыққа қарсы саясатты күшейту үшін үнемі журналистермен қоян-қолтық жұмыс жасау қажет.
Яғни, сыбайлас жемқорлықты жоюдың бірден-бір өнімді, нәтижелі жұмысы – БАҚ-қа үздіксіз түрде материалдар жариялау керек. Парақорларды үнемі ашық түрде әшкерелеп, қоғамның парақорлыққа деген иммунитетін қалыптастырған дұрыс. Жанар Қабасова кездесуде мәселені осы негізде көтерді. Қоғамды құлақтандыру, қоғамды ақпараттандырып отыру – сыбайлас жемқорлықты тежейтін басты ар-ұят методикасы деуге болады.
Осы уақытқа дейінгі тәжірибелер көрсеткендей, БАҚ құралдары сыбайлас жемқорлық деректерін төмендетуде үлкен рөлге ие екен. Жанар Қабасованың сөзінше, журналистер жемқорлық пен парақорлыққа қарсы күресте қоғамды ақпараттандыруды күшейтіп, халықтың парақорлыққа деген көзқарасын өзгертуге болады. Жемқорлықты қоғамның індеті сияқты көрсету, жағымсыз көзқарас қалыптастыру – тілшілердің жұмысы.
Жалпы, журналистер қауымы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда саналы түрде өз еріктерімен жұмыс жасайды, парақорлыққа ерекше назар аударады. Айтпақшы, кездесу кезінде комплаенс-офицеріне бірқатар сұрақтар қойылды. Парақорлықтың тамырына балта шабудың ең өтімді әдіс-амалдары туралы айтылып, өзара өте жақсы диалог жүрді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Серік Орымбетовтің айтуынша, сыбайлас жемқорлық дегеніміз – қоғам мен ел дамуын шектейтін, халық пен басшылықтың ортасына іріткі салатын өте қауіпті құбылыс. Департамент басшысы: «Сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шауып, оған қарсы үрдісті жас буыннан бастау керек» деген ой айтады.
Баланы бақшадан тәрбиелеу керек. Бала – өсіп тұрған тал сияқты. Қай жағынан жел соқса, солай жығылады. Сондықтан қоғам індетіне айналған сыбайлас жемқорлықты жоюдың ең өнімді әдісі – балалардың бойына сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті сіңіру қажет. Сонда қоғам бұл індетке саналы түрде қарсы тұрады. Қазақстанның болашағы – бүгінгі балапандар парақорлықты қоғам дерті деп қабылдай алса, кейін олар пара алмайды. Қоғамды тәрбиелеуде осындай өнімді әдіс-тәсілдер қолданылғаны жөн. Оның басында, әрине, журналистердің жұмысы тұруы керек!