Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:25

Жемісті маусым: фермерлер рекорд жаңартты

жеміс маусымы
Фото: ашық дереккөз

Алматы облысында биылғы ауыл шаруашылығы маусымы ауа райының қолайлы өтуі мен жергілікті шаруалардың маңдай тер еңбегінің нәтижесінде айтарлықтай жоғары көрсеткіштермен ерекшеленіп отыр.

 Әсіресе құлпынай мен қарбыздан алынған мол өнім өңірдің аграрлық әлеуетін тағы бір мәрте айқындап берді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының деректеріне сүйенсек, биыл үш ауданда 61 гектар алқапқа құлпынай егілген. Жинау науқанының қорытындысы бойынша шамамен 309 тоннаға жуық өнім жиналып, оның ішінде ең жоғары көлем Еңбекшіқазақ ауданына тиесілі болды. Мұнда 170 тонна тәтті жидек жиналды. Одан кейінгі орындарда Талғар ауданы 74 тонна, ал Қарасай ауданы 65 тонна өнім алды. Орташа есеппен әр гектардан 50,7 центнерден өнім алынып отыр, бұл өткен жылдардағы көрсеткіштермен салыстырғанда біршама жоғары екенін байқадық.

Құлпынаймен қатар, өңірде қарбыз жинау жұмыстары да қызу қарқын алған. Биыл бақша дақылы 700 гектар жерге егілген, ал бүгінгі таңда 15,7 мың тоннадан астам қарбыз жиналды. Агрономдардың айтуынша, әр гектардан орта есеппен 234 центнерден өнім алынып, сапасы мен дәмі жағынан да жоғары бағалануда. Жергілікті нарықта сұраныс артып келе жатқандықтан, фермерлердің өнімдері тұтынушыларға тікелей жеткізіліп, сауда орындары мен базарларда балғын күйінде сатылып жатқанын байқасақ болады. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілерінің табысын еселеп қана қоймай, облыс тұрғындарын маусымдық, экологиялық таза өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.

Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Тоқпейісовтің айтуынша, биылғы маусым фермерлердің жоғары кәсіби біліктілігі мен еңбегінің нәтижесін айқын көрсетті. Оның сөзінше, негізгі мақсат – жергілікті нарықты сапалы, жаңа жиналған жидектер мен бақша дақылдарымен тұрақты қамтамасыз ету. Бұл ретте мемлекеттік қолдау шараларының да маңызы зор. Ауылдық жерлерде субсидиялау, жеңілдетілген несие беру, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру арқылы фермерлерге қолайлы жағдай жасалуда. Мұндай шаралар ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауылдық аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берері анық. «Биылғы маусымда фермерлер жақсы нәтижелер көрсетті. Жергілікті өнімге деген сұраныс артып келеді. Біздің міндетіміз – нарықты сапалы әрі балғын жидектер мен бақша өнімдерімен қамтамасыз ету», – дейді басқарма басшысы.

Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласы нарық талаптарына бейімделіп, өнім сапасын арттыру мен өндіріс ауқымын кеңейту бағытында жүйелі қадамдар жасалып жатыр. Тұрақты қолдау мен заманауи технологияларды енгізу арқасында өңір диқандары әлемдік нарыққа шығуға да дайындық жүргізіп келеді. Жергілікті шаруалардың қажырлы еңбегі мен табиғаттың берекелі сыйы үйлескен биылғы маусым сөзсіз Алматы облысының ауыл шаруашылығы тарихында табысты кезең ретінде сақталмақ.

С.Бақберген