Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Женевада АҚШ пен Иран арасындағы ядролық келіссөздердің екінші раунды аяқталды

Аббас Аракчи
Фото: ашық дереккөз

Тараптар келісімнің негізгі параметрлері бойынша өзара түсіністікке қол жеткізді, алайда келісімді жақын арада қол қою мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ.

АҚШ пен Иран арасындағы ядролық бағдарламаға қатысты келіссөздердің екінші раунды Женевада Оманның делдалдығымен өтті. Кездесу аяқталған соң делегациялар Оманның БҰҰ жанындағы елшісінің резиденциясынан кетті.

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи тараптар алдағы жұмыстың негізін қалайтын басты «қағидаттар» бойынша ортақ түсіністікке келгенін мәлімдеді.

— Әртүрлі ұсыныстар айтылды, олар жан-жақты талқыланды. Нәтижесінде бірқатар негізгі қағидаттар бойынша ортақ келісімге келдік. Енді сол негізде ықтимал келісім мәтінін әзірлеуге көшеміз, — деді ол ирандық БАҚ-қа берген сұхбатында.

Министрдің айтуынша, құжат жобаларымен алмасқаннан кейін үшінші раундтың мерзімі анықталады. Аракчи диалогты «сындарлы» деп бағалады, бірақ қол жеткізілген ілгерілеу келісімге тез арада қол қойылады дегенді білдірмейтінін атап өтті.

Тегеран келіссөздер тек ядролық бағдарлама мен америкалық санкцияларды алып тастау мәселесіне арналуы тиіс деп санайды. Иран уранды байытудан толық бас тартпайтынын және зымыран бағдарламасын талқылауға дайын емес екенін бұған дейін бірнеше рет мәлімдеген.

Вашингтон керісінше, келіссөз күн тәртібін кеңейтіп, зымыран әзірлеу және Иранның аймақтағы қызметін де қамтуды қалайды.

АҚШ президенті Дональд Трамп бұл процеске «жанама түрде» қатысып отырғанын айтып, Тегеран келісімге мүдделі екеніне сенім білдірді.

— Олар келісімсіз қалудың салдарын қаламайды деп ойлаймын. Біз олардың ядролық әлеуетіне соққы беру үшін B-2 ұшақтарын жіберудің орнына келісім жасай алар едік, — деді ол Air Force One бортында журналистерге.

Ақ үй әзірге кездесудің қорытындыларына ресми түсініктеме берген жоқ.