Жеңіл өнеркәсіптің жайы қалай?

«Made in Qazaqstan». Осындай жазуы бар сәнді киімдер қашан біздің брендімізге айналады?
Былай алып қарасақ, жеңіл өнеркәсіптің біршама дүниеге тигізер септігі бар. Мәселен, ел әлеуетін көтеруде, жергілікті тұрғындардың, әсіресе нәзікжандылар арасындағы жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір тиімді жолы – жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту. Бүгінде бұл сала өніміне сұраныс та жоғары. Яки азық-түлік тауарларынан кейінгі екінші орында. Айтпағымыз да сол – елдің экономикалық даму стратегиясында бірінші кезекте жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға айрықша басымдық берсе нұр үстіне нұр болар еді.
Мамандардың айтуынша, Қазақстаннан шетелге шығарылған шикізат елге дайын өнім болып оралады екен. Салдарынан жеңіл өнеркәсіп тауарлары қосылған құнын жоғалтып алады. Бұдан бөлек, бұл саланың өркендеуіне кедергі келтіретін басқа да мәселе бар. Соңғы бес жылда жеңіл өнеркәсіп тауарлары бойынша сауда балансының сальдосы, яғни экспорт пен импорт арасындағы айырмашылық теріс деңгейде қалған. Импорт көлемі экспорттан 28 есе асады. Бұл айырмашылықты статистикалық деректерден де аңғаруға болады. Мәселен, өткен жылғы қаңтар-қазан аралығында шетелге құны 41 млн доллардан асатын жеңіл өнеркәсіп өнімдері сатылған. Ал импорт көлемі 1 миллиард 195 млн долларды құрапты. Бұл кедендік статистика келтірген ақпарат.
Қазақстаннан шетелге шығарылған шикізат елге дайын өнім болып жеткізіледі. Мамандардың айтуынша, бұл қосылған құнның жоғалуына алып келеді. Жеңіл өнеркәсіптегі қазіргі жағдайды сарапшылар созылмалы дағдарыс деп бағалауда. Ал коронавирус пандемиясы жағдайды тіпті ушықтырған. Онымен қоса, елде киім өндірісі 2020 жылы 45 пайызға қысқарыпты. Отандық жеңіл өнеркәсіп тауарларын өндіру деңгейі экономикалық қауіпсіздік деңгейінен төмен.
Елдің өткенін таразыласақ, кешегі кеңес дәуірінде Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі жарты әлемді аузына қаратқаны ақиқат. Сол уақытта Қазақ КСР жеңіл өнеркәсібінің тоқыма, тігін, аяқкиім, тері-ұлтан өнеркәсібі салаларында 1000-нан астам іргелі кәсіпорындар жұмыс істеген. Олардың ішінде еңбек ұжымына айналған Алматы мақта-мата комбинатын, «Жетісу», Жамбыл аяқкиім кәсіпорындарын, «Большевичка» тігін комбинатын, М.Мәметова атындағы тігін фабрикасын, Қостанай, Семей мауыты-шұға комбинатын ерекше атауға болады. Сондай-ақ сол жылдары Қазақ КСР жеңіл өнеркәсібінің табысы ел бюджетінің 25 пайызын қамтамасыз еткені баршаға мәлім.
Бізде мақта, жүн-жұрқа, тері-терсек секілді шикізаттық мол қор бар. Алайда олар бола тұра, осы шикізаттан жасалған тауарлардың барлығын дерлік шетелден импорттаймыз. Кей елдің арзанқол дүниесін місе тұтамыз. Шикізаттың жақындығы өндірілген өнімді өткізу нарығының болуы, өндірістік шығындардың төмендігі жеңіл өнеркәсіптің дамуына алғышарттардың барын көрсетеді. Ал кейбір көрші елдердің мақтаға мұқтаждығы бар екенін бірі білсе, бірі білмейді. Қазақстандық мақта экспортқа төмен бағамен сатылып, содан жасалған мақта-мата тауары қымбат бағамен әкелінеді-мыс. Тоқыма және тігін өнеркәсібі машина жасау, химия өнеркәсібі секілді алдыңғы қатарлы әлемдік өнеркәсіп салаларының қатарына кіреді. Кейбір мамандар бұл саланың ел экономикасында үлес салмағы шамалы, сондықтан Қытай, Қырғызстан елдерімен бәсекелесудің оңай емесін алға тартады. Олардың киім-кешегінің сапасы айтарлықтай жоғары болмағанымен, әйтеуір, бағасы қолжетімді.
Qazindustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы отандық жеңіл өнеркәсіптің 2020 жылғы қорытындысын жариялаған еді. Онда былтыр салада 128,7 млрд теңгенің өнімі өндірілгенін алға тартады. Бұл 2019 жылғы деңгейден 11 пайызға жоғары. Жеңіл өнеркәсіптегі негізгі үлес тоқыма өндірісіне тиесілі – 70,8 млрд теңге. Одан кейінгі орында киім өндірісі тұр – 46,3 млрд теңге. Былғары өндірісінің көлемі – 11,6 млрд теңге. Былтыр жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің экспорты 2019 жылмен салыстырғанда 23 пайызға қысқарып, 131,9 млн долларды құраған. Біздің өнімдер негізінен Ресей, Қытай және Латвия елдеріне экспортталады.
Өткен жылдың 11 айында елдегі жеңіл өнеркәсіп нарығының көлемі 1,7 млрд долларды құрады. Оның 8,4 пайызы – отандық тауар өндірісі. Ал импорттық өнімнің үлесі – 91,6 пайыз.
Киім дүкеніне барсаң, не «корейский», не «турецкий» деп айтады. Міне, сол бізге әйгілі түрік киімдері, мата, трикотаж, тоқыма, кілем, үйге қажетті бұйымдар экспорты жөнінен әлемдегі озық позицияға орныққан. Ал «казахский» деген біздің брендімізде қалыптастыратын жеңіл өнеркәсіп қашан экспортталады? Бұл мәселе тұтас елде кенжелеп тұр десек болады. Көбіне арнаулы киімдер тігу ісі жолға қойылған. Кейінгі уақытта дизайнерлер көбейді. Киімнің түр-түрін тігіп, подиумға шығарады. Бір қарағанда идеямен жасалған қарапайым дүние. Ал оның бағасы қанша тұратынын білесіз бе? Ол сырттан экспортталатын 50 көйлектің бағасымен тең. Отандық дизайнерлердің қай-қайсысын алып қарасаңыз да, бір киім бағасының өзі шарықтап тұр. Мұны тек қолы жеткендер ғана алады. Қарапайым халықтың қалтасы көтермеген соң, әрине, арзанқол дүниеге жүгіреді. Бұл жеңіл өнеркәсіптің ақсауына бір ғана мысал.
Елімізге киім-кешектің 80 пайызы Түркия, Қытай, Қырғызстан, Италия және Өзбекстаннан тасымалданады. Отандық жеңіл өнеркәсіптің қадамына тұсау болған да осы – импортқа тәуелділік. Айтып-айтпай не керек, бүгінгі буын қазақы оюмен нақышталған киімді киюге әуес. Әрине, бұл көңіл қуантады. Ал мұндай өнерді күнделікті киюге арналған заманауи ұлттық киім тігу ісін өркендетуде өзіндік жобаларды дизайнер, жас кәсіпкерлер қолға алуда. Бұл да баянды тірліктің бастамасы іспеттес. Тек халықтың қалтасы көтеретіндей болса болғаны да...