Жеңіл атлетикадан 2030 жылғы әлем чемпионаты Қазақстанда өтеді
Жеңіл атлетикадан жабық ғимараттағы 2028 және 2030 жылдардағы әлем чемпионаттарын өткізетін қалалар белгілі болды.
World Athletics (Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы) кеңесінің шешімімен 2028 жылғы чемпионат Үндістанның Одиша штатында, ал 2030 жылғы дода Қазақстанның Астана қаласында өтетін болды.
Алдағы әлем чемпионаттарының өтетін орындары 2026 жылғы жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты қарсаңында Польшаның Торунь қаласында өткен ұйымның 240-шы кеңес отырысында жарияланды.
Айта кету керек, бұл шешімдер World Athletics ұйымының ірі жарыстарды дамушы нарықтарда өткізу стратегиясына сәйкес қабылданған.
Қазақстанға 2030 жылғы әлем чемпионатын өткізу құқығының берілуі – бұл спорт түрінің жаңа нарықтарға шығуына мүмкіндік береді. Бұған дейін Астана 2023 жылы жабық ғимараттағы Азия чемпионатын қабылдаса, 2024 және 2025 жылдары World Athletics Indoor Tour Gold кезеңдерін өткізген.
Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті Асхат Хасенов бұл шешімге қатысты пікір білдірді:
— Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы бізге көрсетілген сенім мен 2030 жылғы жабық ғимараттағы әлем чемпионатын Астанада өткізу құқығын бергені үшін World Athletics ұйымына шынайы алғыс білдіреді. Бұл – еліміздің жеңіл атлетиканы дамытудағы еңбегінің халықаралық деңгейде мойындалуы. Біз бұл жарысты ең жоғары деңгейде ұйымдастыруға ниеттіміз және чемпионат әлемдік жеңіл атлетика қауымдастығы үшін жарқын әрі есте қаларлық оқиға болады деп сенеміз, — деді ол.
Еске салайық, бұған дейін 21 жастағы қазақстандық спортшы жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанған еді.