“Жеңілдіктер ескі Қазақстан дәуірінде берілген”: Әбенов неге шамданды?

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Қазақстан үкіметін отандық бизнестен бұрын шетелдік компаниялардың мүддесін қорғап отыр деп айыптады.
Оның айтуынша, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мемлекет тапсырмасымен ірі тау-кен металлургия кәсіпорындарына жеңілдіктер ұсынып, көмір мен металды Ресей мен Қытайға төмен тарифпен тасымалдайды. Бұл шетелдік зауыттар үшін тиімді болса, қазақстандық өндірушілер үшін қиындық туғызады. Шикізатқа қол жеткізе алмай, кейде оны шетелден жоғары бағамен сатып алуға мәжбүр.
Әбеновтың сөзінше, Қарағанды металлургия комбинаты Қазақстандағы кәсіпорындарға өнім бермейді. Қызылордадағы стадион құрылысында да отандық металл орнына қытайлық материал қолданылып жатыр.
"Мысалы, сол “КарМет” Қазақстандағы компанияларға металл сатпайды. Қызылордадағы стадионды да қытайлық металмен салып жатыр. Ал Қарағанды металлургиялық комбинаты өндірген өнімнің бәрін шетелге шығарып жатыр", - деді ол.
Депутат мұндай жағдайдың түп-тамыры «ескі Қазақстанда» жатыр деп есептейді.
"Жеңілдіктер осыдан 30 жыл бұрын, бұрынғы президенттің жақын достарына, яғни “ескі Қазақстан” дәуірінде берілген. Бірақ қызығы сол, қазіргі үкіметтегі кейбір шенеуніктер әлі де сол бизнесмен-олигархтардың мүддесін қорғап отыр", - деп атап өтті.