Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:50, 28 Наурыз 2025

Жеңісі аз қазақ футболында жемқорлық азаймай тұр

Қазақ футболы
Фото: ЖИ

Жақында түрлі ақпарат көздерінде Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы басшылығына қатысты прокурорлық тексеру жүргізіп жатқаны жөнінде ақпарат расталды.

 Бас прокуратураның мәліметінше, Қазақстанның футбол федерациясы мен бірнеше футбол клубтарына жүргізілген прокурорлық тексеру кезінде басқарудағы тиімсіздік пен 3 млрд теңге көлемінде қаржылық заңбұзушылықтар анықталған.

Бұл туралы құзырлы орган мынадай мәлімдеме жариялады. «Негізгі заңбұзушылықтар қатарында негізсіз сыйақылар төлеу, инфрақұрылым объектілерін салу кезінде қаражатты мақсатсыз пайдалану, спортшылармен жасалған күмәнді келісімдер және спортшыларды тамақтандыруға бөлінген қаржыны жымқыру фактілері бар. Атап айтқанда, федерацияның бұрынғы басшылығы жекелеген қызметкерлер мен спортшыларға 300 млн теңгеден астам сомада негізсіз сыйақы төлеген. Федерацияның әкімшілік ғимараты мен Талғар қаласындағы жаттығу базасын салу барысында іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға 350 млн теңгеден аса төлемдер жасалған. 2021 жылы басталған Алматы облысындағы база құрылысы тоқтап тұр, ал мердігердің шоттары бұғатталған. Сонымен қатар 135 млн теңге стратегиялық құжаттар мен стандарттарды әзірлеуге бөлінген қаражаттың орынды жұмсалуы күмән тудырады».

Сондай-ақ құжаттарда нақты іске асыру тетіктері, оның ішінде жеке инвестицияларды тарту жолдары көрсетілмеген, ал клубтарды басқару стандарты іс жүзінде енгізілмеген.

Осы уақытқа дейін де облыс бюджетінен қаржыландырылатын жергілікті футбол клубтарының түрлі жолдармен қаржы жымқыратыны жиі айтылатын. Міне, енді құзырлы органның тексерісі мұны да нақтылап отыр. Мысалы, тексеру кезінде «Ордабасы», «Ақтөбе» және «Жетісу» футбол клубтарындағы келісімшарт сомаларын асырып көрсету, ойыншыларды төмен бағамен сату, жоғары бағамен сатып алу және қаражат жымқыру сияқты заңбұзушылықтар анықталған. Бұл іске қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталып, футбол федерациясының бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық іс тергеп-тексеру жүргізу үшін Қаржылық мониторинг агенттігіне берілген.

Естеріңізде болса, осыған дейін «Жетісу» футбол клубының бұрынғы директоры К.Донсебаев оқу-жаттығу жиындары кезінде футболшылардың тамақтануына берілген 31,9 млн теңге бюджет қаражатын жымқырғаны үшін 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған еді.

Қазақ футболындағы жемқорлықты азайтудың бір жолы – облыстық футбол клубтарын жергілікті бюджет қаржысымен асырауды азайту керек. Футбол клубтары жергілікті бюджетке қол жайып отырмай, өз күндерін өзі көруге қамданса, дәл бүгінгідей жемқорлық та болмас еді. Қазақстандағы жалғыз жекеменшік клуб алматылық «Қайрат» мұның нақты мысалы бола алады. «Қайрат» футболды бизнес ретінде дамытып, халықаралық стандартқа сай оқу-жаттығу базаларын салды, балаларға арналған футбол академиясын дамытты. Соның нәтижесінде маусым алды оқу-жаттығуларын өз базаларында өткізіп, қаражат үнемдеді. Академия арқылы отандық футболдың дамуына үлес қосты. 16 жасар талант Дастан Сәтбаевтың лондондық «Челси» футбол клубымен келісімшарт жасасуы ұлттық футболдың үлкен олжасы.

Футболды жекешелендіру, оны бизнес ретінде дамыту жөнінде жақында Ұлттық құрылтайда президент те айтты. Ендігіде футбол клубтары жергілікті бюджетке алақан жаймай, шетелдердегі секілді табыс табудың жолына түсу керек екенін атап айтты. Жеңісі аз, жемісі мардымсыз қазақ футболы ендігіде жемқорлықтың ұясына айналмай, дамудың жолына түссе екен деп тілейміз. Әрине, мұны уақыт көрсетеді.

Әлихан ЖАНҰЗАҚ