Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:30

Жеңіс Қасымбек жер жетпегендей жасыл желекке қол салды

Жеңіс Қасымбек
Фото: Жас Алаш

Астана тұрғындарының белсенділігімен де ерекшеленетін қала. Қаптаған құрылыстың ішінде сапасыз салынған үйлер, жабылған жолдар, одан қалса, жаңбыр сайын көшелерді, аулаларды су басып жататындықтан, халық та қала әкімдігіне тыныштық бермей, әлеуметтік желіні шулатып жатқаны.

 Дегенмен арагідік үлкен даулы мәселе болмаса, көп жағдайда бағасына татымайтын сапасыз салынған үйлер болғандықтан, мұндайға Астанада көз-құлақ үйреніп болған. Бірақ жол салуға келгенде ешкімнің қарсылығы бола бермейтін. Алайда бұл жолы жол салуға ниеттенген әкімдіктің әрекеті қарсылыққа ұшырады. Әдетте былайғы жұрт жол салып бер деп, әкімдіктің табалдырығын тоздыратын. Бұл жолы бәрі керісінше болып тұр. 

Бір қарағанда құрылыс жобасының соншалық наразылық танытатындай дәнеңесі жоқ сияқты. Үй жанынан жол түссе, кім-кім де қуануы тиіс еді. Көлік қозғалысы реттеліп, жұмысқа барып-келу оңайлап, қатынас жеңілдей түседі. Бірақ тұрғындардың осыған наразылық танытуына не себеп? Оның себебін түсіну үшін әңгімені әріден бастау керек.

Назарбаев үшін салынған бақ

Сөз болып отырған құрылыс алаңы – Бөкейхан көшесінің бойында орналасқан табиғи алма бағының айналасы. Жоспар бойынша сол бақтың төрт жағын қоршап, жол түсуі керек. Бірақ бақтың іргесінде орналасқан Caspian Palace тұрғын үй кешенінің тұрғындарының айтуынша, бұл құрылыс бұрыннан келе жатқан табиғат сыйын түбегейлі құртып бітеді. Өйткені осы күнге дейін жер аумағы қала балансында тұрғанымен, алма бағының жай-күйін қарап, күтіп-баптап отырған ешкім жоқ.

Ең қызығы, дәл сол бақтың іргесінен қала әкімдігі осыдан он шақты жыл бұрын заманауи саябақ салдырған. Екі бақтың арасын екі аттам жаяулар тротуары ғана бөліп тұр. Ол заманауи бақтың пайда болуының да өз сыры бар. Өйткені тура сол тұста көшенің қарсы бетінде Назарбаев орталығы тұр. Тұрғындардың айтуынша, әу баста бұл жаңа саябақтың орнына қандай да бір құрылыс түсетін болып, жерге бетон қазық қағып бастаған. Оның бәрі осы тұрғындардың көз алдында өткендіктен, ол жағдайды жақсы білетіндерін айтады. Алайда осыдан шамамен 10–11 жыл бұрын сол тұңғыш президент орталығы салынып бастағанда әлгі бетон қазықтар алынып, кейбірі жерастына сол күйі көміліп, орнына ойда-жоқта көз тартатын жап-жасыл саябақ пайда болған.

Бірақ неге екені белгісіз, сол қолдан жасалған саябақтың артында жапсарлас тұрған табиғи алма бағы ескерусіз қалған. Аумағы көз мөлшермен 1 гектар жерді қамтитын табиғи бақтың бүгінде сиқы сыр бермесе де қараусыз қалғаны көрініп тұр. Сол бақ үшін алаңдаған кісілердің айтуынша, қараусыз қалса да табиғат ананың мейірімімен жыл сайын гүлдеп, жеміс беріп келеді. Қазірдің өзінде түйнектері қаптап, күзге салым пісіп, жеміс беруге дайын тұр.

Тұрғындардың айтуынша, бұл жер бұрынғы Заречный деген совхоздың орны. Қала Целиноград болып тұрған шақта дүниеге келген Светлана есімді тұрғын бір кездері мектепте жұмыс істеп, сол уақытта балалармен бірге лагерьге келгенде осы жердің бақ болып тұратынын айтады. Басында жұмысшылар күтіп-баптап жүретін. Сондықтан бақты өлтірмей, көзін жоймай, аман алып қалуға болатынын айтады.

Жалпы, құрылысқа қатысты бұл шу соңғы бірер күндікте басталған. Ештеңеден бейхабар отырған сәтте үй іргесінен өтетін жолды жөндейтін болып, жол шетіндегі көлік тұрақтары орындарын қопарып бастайды. Сосын белсенді тұрғындар, оның ішінде бұрынғы мәслихат депутаты мен журналисі бар, өз беттерінше сұрау салып көрсе, бұл қопару тек осы жолмен бітпейді екен. Әкімдік осы бақты да айналдыра жол салмақшы.

Қала ортасындағы бос жатқан жерге бәрі құмар

Олардың сөзінше, егер бақты айналдыра жол салып тастаса, онда мұндағы жұрттың оған емін-еркін кіріп-шығуы қиындайды. Оның үстіне, осы төңіректегі бүкіл бала балабақшаға да, мектепке барарда осы бақтың ортасымен өтеді екен. Тіпті бұл жай ғана жол салу емес, оның артында тұрған беймәлім жоспары бар деп қауіптенеді. Өйткені қаланың қақ ортасында қараусыз жатқан бақ ірі компаниялардың көзіне түспей қоймасы анық. Әу баста бетон қазық қағылып бастаған жер ақыры саябақ болып кеткен соң дәл сол жерден, тек бірнеше метр былайырақ жылжытып, тағы бір көпқабатты үй түссе, қай құрылыс компаниясына болса да тиімді екені анық.

Жұрттың екінші күдігі, осы бақтың бір бетінде тұрған Бас прокуратураға қатысты. Алпамсадай ғимарат баққа арқасын беріп тұр. Оның өз қызметкерлеріне арналған көлік тұрағы кішкентай екені, оған барлығы бірдей сыя бермейтіні бәріне белгілі. Сондықтан Қасымбек бақтың айналасына жол салған болып, Бас прокуратураның қызметкерлеріне аумағы кең көлік тұрағын жасап беріп жатса, таңғалудың қажеті жоқ.

Тұрғындардың бұлай күмәнданатын себебі де бар. Өйткені үй іргесіндегі жолды жөндей бастағанда сол үйдің мүлік иелері бірлестігінің басшысы ескертусіз құрылыс бастап кеткеніне налып, мән-жайды білу үшін әкімдікке хат жолдайды. Демек, қала басшылығы бұл құрылысты өзімбілермендікпен жүргізе беру оңайға соқпайтынын әлдеқашан білген. Одан соң жұрт дау көтере бастағанда әкімдік пен құрылыс компаниясының атынан келіп, жағдайды жұртқа тиянақты түсіндіріп беруі керек еді. Бірақ әкімдік оның орнына шаруаны сөзбұйдаға салып келеді. Нақтырақ айтқанда, бірінші келген адам құрылыс компаниясының қарапайым қызметкері болып шықты. Ол тек жұрттың наразылығын ғана тыңдап, жауап беруге құзыры жетпейтінін айтып тайып тұрды. Одан соң екінші күні қала әкімдігінің Жолаушылар көлігі және көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы мен құрылыс компаниясының өкілдері тағы келді. Бірақ олар да жиылған көпшілікке құрылыстың қалай түсетінін айтумен шектелді. Ал жұрттың наразылығына қатысты еш жауап айта алмай, бұл жағдайды жоғары басшылыққа жеткізетінін айтып, олар да табанын жалтыратты.

Құрылыстың қалай түсетінін онсыз да білетін тұрғындар үшін екінші қайтара келген өкілдердің сөзі еш көңіл көншітпеді. Бәрібір негізгі сұрақтың басы ашық қалды: табиғи бақтың тағдырын қыл үстіне қоятын құрылыс жобасына неге жергілікті жұрттың келісімін алмайды? Неге жаңа саябақ салуға шебер әкімдік табиғи бақтың тағдырына еш алаңдамай, қараусыз қалдырады? Еш сұраққа жауап бере алмайтын өкілдерін жібере берген соң, әкімдіктің бұл мәселедегі ұстанымы күдік ұялатпай қоймайды.

Бақтың айналасына жол салғысы келіп отырған компания да анау-мынау емес, табысы миллиардтап саналатын ұйым болып шықты. Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметтерге қарағанда, мемлекеттік тендерлерге 2005 жылдан бері қатысып келеді. Қазірдің өзінде бірнеше миллиард теңгенің келісімшартымен жұмыс істеп жатыр. Ақпарат көздеріне қарағанда, былтырғы төлеген салығының өзі 1 млрд 277 млн теңгенің үстіне шығып кеткен. Биылдың өзінде де табысы жаман емес сияқты. Жыл басынан бері жарты миллиардтан асып тұр.

Ендігі сөз, әкімдік құрылыстың тыныш біте қоймайтынын анық түсінді. Бұл тығырықтан шығу үшін Жеңіс Қасымбек бастаған топ қалайда жұрттың көңілінен шығатындай жауап табу керек. Ал белсенді тұрғындар оталған үстіне күш алып барады. Олар енді қаланың бас жоспарымен өздері барып танысып, бұл бақтың оған кіретінін не кірмейтініне көз жеткізбекші. Өйткені Астана қаласының рекреациялық аймақтар туралы тұжырымдамасы бойынша жасыл желекке ешкім тиіспеу керек. Осы мәселеге байланысты «Жас Алаш» Астана әкімдігіне бірнеше сауал жолдады.

Ербол Тұрымбет

Астана