"Жеңіс" шыңында қалып қойған альпинист Наталья Наговицына қаза тапқан болуы мүмкін

Қырғызстандағы ең биік шың – "Жеңіс" шыңы (7439 м) маңында ресейлік альпинист Наталья Наговицына көмекке зәру болып отыр.
Ол шамамен жеті мың метр биіктікте аяғын сындырып, бір аптадан астам уақыттан бері құтқарушыларды күтіп жатыр. Ауа райы жағдайына байланысты оны эвакуациялау мүмкін болмай тұр.
Телеграм-арналардың хабарлауынша, альпинистке көмектеспек болған италиялық турист Лука биіктен қайтып түсе алмай қаза тапқан. Ол шамамен 6900 метрде жан тапсырған, денесі әлі сол жерде.
20 тамыз кешкісін Shot арнасы Наговицына қаза тапқан болуы мүмкін екенін жазды. Алайда бұл ақпаратты әзірге ресми растау немесе жоққа шығару мүмкін емес, себебі оған жету өте қиын. Тау басында температура –23°C шамасында.
Mash арнасының дерегінше, шетелдік екі альпинист Натальяны төмен түсірмек болған, бірақ боран мен жауған қардың кесірінен жоспарлары сәтсіз аяқталған. Олар оған ұйықтауға арналған қапшық, тамақ, газ баллон және оттық қалдырып кеткен.
Қырғызстан Қорғаныс министрлігі тікұшақ арқылы құтқару шараларын жүргізіп жатыр. Бірақ биіктегі қатты бораннан ұшақ тек 4000 метр биіктіктегі базалық лагерьге дейін ғана жеткен.
Бұл Наталья Наговицынаның алғашқы қайғысы емес. Оның күйеуі, альпинист Сергей Наговицин, 2021 жылы Қырғызстандағы Хан-Тәңірі шыңында инсульт алып көз жұмған. Наталья сол кезде де құтқарушылардан күйеуінсіз түспеймін деп бас тартқан еді. Кейін оны әрең дегенде төмен түсірген, бірақ құтқарушылар қайта барғанда Сергейді алмаған. Ол арқанды үзіп төменге секіріп кеткен.
Қазір"Жеңіс" шыңында ауа райы тым қолайсыз. Қарлы боран, аяз құтқару жұмыстарына кедергі келтіріп отыр. Наталья Наговицына тірі ме, жоқ па – әзірге белгісіз. Қырғызстан мен Ресей құтқарушылары жағдайды жіті бақылауда ұстап тұр.